Валюта бағамы: $ 324.65 397.66 5.74 ¥ 50.73

Кәсіпкерлікке мектеп қабырғасынан бастап баулиды

№159 гимназияда білім алатын 10-сынып оқушыларының сабақ кестесінде «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» атты жаңа пән қосылды.

Оқушыларға жаңа оқулықтар таратылып, аптасына екі рет факультатив сабаққа шақырту берілді. Сауалнама жүргізгенде сынып оқушыла­рының жартысынан көбі болашақта жеке бизнеспен айналысқылары келетіні анықталған. Алай­да кәсіпкерлік негіздері жайында білім алуға мүм­кіндік болмаған еді. Енді оқушылар жасөс­пірім­дердің танымына ыңғайластырылған бизнес әле­міндегі заманауи тенденциялармен таныса алады.
«Бізді бизнес негіздеріне ешкім оқытпады. Кәсіпкерлік қағидасын түсінгенге дейін мен өз ісімді аштым, банкротқа ұшырадым, қарызға да баттым. Бүгінде тәжірибелі кәсіпкерге айналып, өзгелерге де бизнес ашуды үйретіп келемін. Өз тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, бизнестегі кең таралған қателік оның қарапайым негіздерін білмеуден туындайды. Ал мұндай негіздерді енді оқушылар мектеп қабырғасында жүріп-ақ үйренеді», – деп ой бөлісті Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының бизнес-жаттықтырушысы Мәлік Мұсабеков.
Жақында бизнес-жаттықтырушы алғашқы сабағын өткізді. Оқушылар бизнес-тапсырмаларды орындап, тіпті іскерлік ойынды да ойнады.
«Іскерлік ойында жеңіске жеткен жоқ­пын. Дегенмен маған ұнады. Бәсекеге қабі­летті болудың маңызды екенін ұқтым. Алға ұмтылып, өз мақсатыңнан таймау керек. Бәсекелестер көп екенін байқап, өзім бір тұжырымға келдім, олармен неғұрлым жақын болу керек екен. Мен өз ісімді ашқым келеді. Жаңа пән сүйікті сабақтың бірі болады деп ойлаймын», – деді 10 сынып оқушысы Әлішер Әнуарбеков.
Кәсіпкерлік негіздерінің мектеп бағдар­ламасына экономикалық терминология, бизнес-жоспарды дайындау, заңды тұлғаны тіркеу, қар­жылық есеп және бизнесті құқықтық реттеу тақырыптары енген. Бұл сабақтар теориялық түр­де, іскерлік ойын және бизнес-тапсырма түрін­де өткізіледі.
«Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» таңдау пәні «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен және ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен дайындалды. Жаңа 2018-2019 оқу жылында пилоттық жоба ретінде енгізілмек. Курс 68 сағаттан тұрады. Пилоттық жобаны экономика пәнінің мұғалімі жүргізеді. Келесі жыл­дың көктемінде 3 мыңға жуық мұғалімді қайта дайындықтан өткізу жоспарланған», – деп атап өтті Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Айгүл Шағамбаева.
Ол сонымен қатар Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен колледждер жыл сайын 100 мыңнан астам студентке диплом беретінін айтты. Олардың басым бөлігі – әлеуетті кәсіпкерлер.

Қарлыға МЫРЗАЛИМОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X