Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Тапсырма тиянақтылыққа негізделеді

Бірінші кезекте Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, бір ай мерзімнің ішінде мемлекеттік бағдарламаны ұйымдастыру бойынша іс-шаралардың тыңғылықты жоспарын жауапты тұлғалар мен жүзеге асыру мерзімін көрсете отырып әзірлеп, бекітуі қажет. Екіншіден, Ақпарат және коммуникациялар министрлігі өкілетті мемлекеттік органдармен бірге бизнес үшін де, халық үшін де кешенді ақпараттық түсіндіру шараларын айқындауы тиіс», деді Үкімет басшысы.
Бұдан кейін Үкімет мүшелері салық және кеден шараларын автоматтандыру мәселесіне көшті. Аталған тақырып бойынша баяндаған қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, салық саласындағы блокчейн технологиялары арқасында қосарланған құн салығын бірден қайтаруға болады. «Бүгінде блокчейн замануи трендке айналды. Осы орайда біз әдістемелік базаға ие Еуропа елдерінің салық саласындағы мамандарымен кездесіп, тәжірибе алмастық. Бұл бастаманы Еуразиялық экономикалық одақ аясында іске асыра аламыз. Осы уақытқа дейін де бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылды», деді министр.
Отырыста «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту мәселесіне мән берілген болатын. АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов жүргізілген көлемді жұмыстардың нәтижесінде АХҚО инфрақұрылымының жаңа жылдан бастап жұмыс жасауға толық даярлығы қамтамасыз етілгенін атап өтті. Қарашада орталық алаңында алғашқы қатысушы ретінде Халықаралық қаржы орталығының биржасы тіркелді. Биржа 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап сауда жүргізуге дайын. Конституциялық заңға сәйкес судьяларға қойылатын талаптарды айқындау туралы Қазақстан Конституциясына түзетулер енгізілді. АХҚО сотының судьяларын тағайындау және ант беру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ АХҚО-ның қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті құрылды.
Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстанның қор нарығын дамытуға жәрдемдесу мақсатында 2018 жылдың бірінші тоқсанында АХҚО биржасына мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару және орналастыру көзделгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ Қаржы министрлігі ислам мемлекеттік құнды қағаздары – сукукты шығару мүмкіндігін қарастыруда. Сөйтіп, 2018 жылдың бірінші жартысында АХҚО биржасында сукукты шығару жоспарланып отыр.
«Euroclear қызметтерін іске қосу резидент еместердің Қазақстанның бағалы қағаздар нарығына тікелей қолжетімділігін қамтамасыз етеді, өз кезегінде бұл құнды қағаздар нарығының өтімділігін арттыруға, баға белгілеу құбылмалылығын төмендетуге, сондай-ақ, Қазақстанға портфельдік әрі тікелей инвестицияларды тартуды ынталандыруға жол ашады», деді қаржы министрі.
Мәселені қарауды қорытындылай келе, Үкімет басшысы Қаржы министрлігіне жауапты органдармен бірлесіп, аталған мәселелерді пысықтауды тапсырды.
Жиында денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов амбулаториялық деңгейде дәрілік қамтамасыз етуге қолданылатын шаралар туралы баяндады. Министрдің айтуынша, бүгінде елімізде 2,5 млн адам тегін дәрі алады екен. Тегін және жеңілдікпен берілетін дәрілермен қамтамасыз ету жүйесі елімізде 2005 жылы іске қосылған. Бағдарлама жергілікті және республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. 2005 жылы аталған жүйеге 2,8 млрд теңге бөлінсе, биылғы жылы 130 млрд теңгеге жетіп отыр. Аталған қаржының 36 млрд теңгесі вакциналарға, ал 94 млрд теңгесі тікелей рецепт бойынша дәрі-дәрмектерге жұмсалады. Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету жүйесі еліміздегі ең өзекті, жиі кездесетін әлеуметтік ауруларға жұмсалады. Бірінші орында қант диабетіне қарсы дәрілер тұр. Оған 2016 жылы 8,8 млрд теңге бағытталды. Екінші орында артериялық гипертензияны емдеуге арналған дәрілер, ал үшінші орында онкологиялық және қан аурулары орналасқан. «Қазіргі уақытта біз осы жүйені зерттеп жатырмыз. Көп жағдайда қаржыны жиі кездесетін ауруларға жұмсаймыз. Бірақ кейде өте сирек кездесетін қан ауруларына да көп қаржы кетеді. Мәселен, 585 ауруға 6 млрд теңге қаржы жұмсалып отыр», деді министр.
Министрлік пен «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы 2018 жылға амбулаториялық дәрілік қамту қажеттіліктері туралы алдын ала ақпаратты жинау жұмыстарын жүргізіп, оның аясында кем дегенде 32% немесе 60 млрд теңге көлемінде дәрі-дәрмек тапшылығы анықталған. Осыны ескере отырып, тегін медициналық көмектің кепілдікті көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу тізімдерін қалыптастыру ережесі бекітілген.
Сондай-ақ сатып алудың жаңа ережелеріне сәйкес, дәрі-дәрмек және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу бойынша бірыңғай дистрибьютор жүргізетін екі кезеңді тендер рәсімінің ұзақтығы – 59 күн. Дәрі-дәрмекті жеткізудің басталу мерзімі шамамен 2018 жылдың 15 ақпанынан 10 наурызына дейін жоспарланған. Осыған байланысты дәрілік препараттармен қамтамасыз етуде олқылықтың орын алмауы мақсатында Үкімет қаулысының жобасына бірыңғай дистрибьюторға 2018 жылға арналған дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы бұйымдарға деген үш айлық сұранымды бір жерден сатып алу мүмкіндігі туралы толықтырулар қосу ұсынылады.
Үкімет басшысы дәрі-дәрмек сатып алу проблемаларының маңыздылығына байланысты Е.Біртановқа мәселені жеке жауапкершілігіне алу керектігін айтты. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жұмыстарына түзетулер енгізіп, жоспардағы кемшіліктерді жою туралы тапсырма берілді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X