Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Америкалық дәрігер- ғалыммен жүздесті

БҚО әкімі Алтай Көлгінов америкалық денсаулық сақтау ассоциациясының мүшесі, дәрігер-ғалым, биомедицина және медико-демографиялық зерттеулер, халықаралық денсаулық сақтау және ауруханалық басқару салаларының маманы Алмаз Шарманмен кездесті.

Гүлбар ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ

– Облыс әкімі Алтай Көлгіновпен арадағы әңгімеміз іскерлік бағытта өрбіді. Әкімнің облыс инфрақұрылымын жақсарту жөніндегі жоспарларымен таныстым. Медицина, білім саласындағы кадр тапшылығы мәселесін шешу тақырыбында пікірлестік. Бұл орайда интеллектуалды ресурстарды тарту, атап айтқанда, еуропаның медициналық білім беру жүйесін енгізу мәселелері туралы сөз болды. Халыққа медициналық қызмет көрсетуде сандық үлгіге көшудің тиімді әдістері әңгімеленді. Орал қаласында аталған бағыттағы жетістіктер аз емес. Болашақта мұны әлі де жетілдіріп, денсаулықтың сандық экожүйесін құруға болады. Қазіргі таңда емделушіні емханаға дейін неғұрлым тез жеткізудің жолдарын қарастыратын жақсы жобалар жасалуда. Көбінесе оқыс жарақат алу, шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдайлар адам өліміне соқтырып жатады. Болашақта осындай жағдайлардың алдын алу жұмыстары жүргізіліп, емделушінің өзі денсаулығына қатысты шұғыл түрде дұрыс шешім қабылдай алатын деңгейдегі ақпаратқа ие болуы керек. Сонымен қатар мектеп жасындағы балаларды дұрыс тамақтануға, денсаулыққа пайдалы қимыл-әрекеттер жасауға, зиянды әдеттермен күресуге оқытудың да маңызы жоғары. Болашаққа жоспарымыз осындай тақырыптарды қамтыды, – деді профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Қазақстанда заманауи диагностика және емдік жабдықтармен жабдықтау жақсы жолға қойылған. Сонымен қатар технологиялық элементтер арасындағы байланысты реттеу үшін инфракоммуникациялық құрылымды енгізудің маңызы зор. Көптеген науқастар ауруларының нақты диагнозын анықтау үшін шетелдерге немесе еліміздің өзге қалаларына барады. «Мұны телемедицинаның, интернеттің көмегімен шешуге болады. Осыған байланысты Ақ Жайық өңірінде осындай технологияларды енгізу мүмкіндігін қарастырудамыз», – деді Алмаз Шарман.


Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X