Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Қазақстандық барыстың қадамы

Мемлекет басшысы өндірістік кооперация және авмобиль құрастыру саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударып, қазақстандық автозауыттарда электромобильдер құрастырудың басталғанын айрықша атап өтті.
– Бүгінде Қазақстанда 18 белгілі брендке тиесілі автокөлік құралдарының түрлі моделдері жинақталады. Біз оларды Қытайға, Ресейге, Тәжікстанға, Өзбекстанға және басқа да елдерге экспорттаудамыз, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев шикізаттық емес сектордағы өндіріс көлемін арттыруға және оның ел экономикасындағы маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Химия өнеркәсібі саласында «Еврохим» трансұлттық компаниясы күрделі тыңайтқыштар шығару жөніндегі зауыттың құрылысын бастады. 14 фармацевтикалық кәсіпорында халықаралық ДжиЭмПи стандарттары енгізілді. Бүгін «Химфарм» АҚ «Польфарма» ірі фармацевтикалық компаниясымен бірлесе жүзеге асыратын тағы бір жобаның іске асырылуы басталды. Құрылыс саласында негізгі құрылыс материалдары бойынша импортқа тәуелділікті жойдық. Heidelberg, KNAUF, Basf, Sika және басқа да шетелдік компаниялардың қатысуымен 180-нен астам жоба іске асырылды, – деді Мемлекет басшысы
Жалпыұлттық телекөпір барысында алғашқы болып іске қосылған кәсіпорынның бірі – Ақмола облысындағы алтын шығаратын зауыт. Бұл – ТМД бойынша құрамында бағалы металдар бар техногендік минералды түзілістерді өңдейтін алғашқы кәсіпорын. Және қайта өңдеуден кейін Доре қорытпасы түрінде алтын мен күміс шығаратын еліміздегі жалғыз кәсіпорын болып табылады. Жоба толық қуатында іске қосылған кезде 7 млн тонна кен өңдеуге мүмкіндік туады. «Алғашқы жылдары Доре қорытпасымен 4 тонна алтын, 2 тонна күміс өндіретін боламыз. Ал олардың елордамыздағы аффинаждау зауытында ары қарай өңделуі еліміздің алтын қорын толықтыруға мүмкіндік береді. Нұрсұлтан Әбішұлы, іске қосуға рұқсат беруіңізді сұраймын!», – деді жаңа зауыттың алдағы жұмысы жайында баяндай келіп, «Қазақалтын» ТМК» акционерлік қоғамының бас директоры Баламир Маханов.
Мемлекет басшысы аталған кәсіпорынның үлкен жоба екендігін атап өтті. «Бүгінгі күні алтын біздің валютамыздың негізі болып отыр. Қазақстанда 150-ден аса кен орны бар. Соның барлығын игеретін болсақ, еліміздің байлығы еселеніп, қуаты арта түсетін болады. Төрт тонна алтын шығаратын болса, үлкен жоба саналады. Мен өте қуаныштымын. Барлықтарыңызды құттықтаймын!», – дей келіп, Елбасы өндірісті қосуға рұқсат берді.
Жобаның құны 30 584,8 млн теңге тұрады. Дәл осындай зауыттарды жылдың соңына дейін облыстағы Бестөбе және Жолымбет кенттерінде де іске қосу жоспарланып отыр.
Елбасы келесі кезекте Қазақстанда мұнай-газ құрылғыларын шығаратын жаңа зауыттың жұмысын бастауға рұқсат беріп, табыстар тіледі. Ақтөбе облысында орналасқан жоғары технологиялы бұл кәсіпорын – еліміздің мұнай-газ өнеркәсібіне арналған машина жасау саласын дамыту үлгілерінің бірі. «Мұнай құрылғыларының қазақстандық зауыты» ЖШС директоры Анар Кашлаев тікелей байланыс барысында атап өткендей, жобаны іске асыруға 5,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. 120 жұмыс орны құрылды. Зауыт өнімінің 20 пайызын ЕАЭО мен Қытай нарығына экспорттау жоспарланған.
Телекөпір барысында тау-кен саласын автоматтандыруға арналған үш жоба – Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінде «ақылды карьер», «АЛТЫНАЛМАС» АҚ-ның «цифрлық кеніші» және «Қазцинк» ЖШС Малеев кенішін автоматты басқару жобалары іске қосылды. Мемлекет басшысы осы орайда алғашқы жобаларға үлкен жауапкершілік артылып отырғанына назар аударды. «Аталған үш жоба – тау-кен саласын цифрландырудағы алғашқы қадам. Сіздерге қарап, басқалар бой түзейді. Сондықтан осы жұмысты аяғына дейін жеткізулеріңіз керек. Ашығын айтсам, сіздер «ақылды карьер» мен «цифрлық кеніштің» анықтамасын енді түсініп жатқан шығарсыздар. Алайда оның арғы жағында үлкен жұмыс жатыр. Цифрландыруды толығымен іске асыра алсақ, ел экономикасын 30 пайызға өсіруге болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жаңа индустрияландыру аясында іске қосылған өндірістің тағы бірі – Қарағанды облысындағы ескі көліктерді өңдеумен айналысатын зауыт. Жобаны таныстырған «Recycling Company» ЖШС Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Айдын Нұрахметовтың айтуынша, бұл – Қазақстандағы ескі көліктерді өңдеуге арналған алғашқы зауыт. «Жоғары технологиялық жабдықтар жылына тозығы жеткен 50 мың автокөлікті өңдеуге мүмкіндік береді. Осы орайда 20 мың тоннадан астам қара және түсті металл өндіру мүмкін болады. Өндірістегі технологиялық үдеріс қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Президент мырза, біз өңір мен барша елдің дамуы үшін елеулі үлес қосуға уәде береміз. Өндірісті іске қосуға рұқсат беріңіз!», – деді А.Нұрахметов.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы еліміз жолдарындағы автокөліктер саны елеулі түрде артқанын айта келе, тозған көліктерді өңдейтін тиісті өндіріс қажет болғанын жеткізді. «Мұндай өндіріс болмаса, ескірген көліктер қоршаған ортаға зиянын тигізеді. Сондықтан бұл зауыт металдарды қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде жеңіл автокөліктің 18 түрі өндірілетінін ескерсек, сіздердің жұмыстарыңыздың болашағы зор», – деді Елбасы.
Президент тікелей эфир барысында Атырауда металл құрылғыларын шығаратын өндірісті іске қосты. Өндіріске роботты жүйені енгізу шығарылатын металл құрылғыларының жылдық көлемін 6 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. «Біз 50 жаңа жоғары технологиялы жұмыс орнын құрдық. Инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгеден асады. Біз мұнай-газ саласының халықаралық жобаларындағы отандық компания үлесін арттырғымыз келеді. Президент мырза! Өндірісімізді іске қосуыңызды сұраймыз», – деді «ЖігерМұнайСервис» ЖШС директоры Рафик Мұхатов.
Өз кезегінде жаңа өндіріс ошағының жұмысын бастауға рұқсат беріп, зор табыстар тілеген Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз мұнай мен газға бай елміз. Бүгінде күн тәртібінде шикізатты қайта өңдеу мәселесі тұр. Сол арқылы қосылған құнын арттырып, мол қаражат табу қажет. Сондықтан бұл нысандар өте маңызды», – деп атап өтті.
Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру үшін инфрақұрылымды дамытудың маңызы зор екенін атап өтіп, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Еуразиялық мультимодальдік көлік дәлізінің іске қосылғанын және «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысының аяқталғанын айтты.
– Осы жылдар ішінде 2 мың шақырым темір жол, 5 мың шақырым автомобиль жолы салынды. Теңіз және әуе айлақтарына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құрық портында теміржолға және автомобильге арналған паром кешені іске қосылды. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы және Ляньюньган теңіз порты жобаларын жүзеге асыру нәтижесінде Азия-Еуропа бағытында Қазақстан арқылы жөнелтілетін контейнерлік жүк тасымалының көлемі жыл сайын еселеніп келеді. Бұл 2020 жылға қарай еліміздің тасымалдаудан түсетін табысын 5 миллиард долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Елбасы.
Осы ретте Мемлекет басшысы телекөпір барысында Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту және Еуразия құрлығындағы логистикалық торапты құру жобасын іске асыру мақсатында Маңғыстау облысындағы Құрық порты паромдық терминалының бірінші кезеңін іске қосты.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ вице-президенті Бауыржан Орынбасаров баяндағандай, Транскаспийлік көлік дәлізінің негізгі бөлігі болып табылатын Құрық порты арқылы биылғы жылы 1,2 млн тонна жүк өткізілген. «Жаңа автомобильдік-паромдық кешен жыл сайын қосымша 2 млн тонна жүк өткізуді қамтиды. Бүгін біз Түркияға және Еуропа елдеріне жаңа бағдарларды іске қосатын боламыз», – деді Б.Орынбасаров.
Елбасы өз кезегінде бұл жобаларды іске асыру үлкен жұмысты қажет ететінін, Құрық портының мүмкіндігі арқылы Қазақстанның экспорттық әлеуеті арта түсетінін атап өтті.
Сонымен қатар «Астрахан-Атырау-Ақтау-Түрікменстан шекарасы» халықаралық транзиттік дәлізінің құрамына кіретін Маңғыстаудағы «Ақтау – Бейнеу» автожол жобасының «Ақтау – Шетпе» бөлігі іске қосылды. Бұл – Ресей және Шығыс Еуропаны Орталық Азия елдерімен байланыстыратын ең қысқа жол. Сондай-ақ Шымкентте ірі көлік-логистикалық орталығы таныстырылды.
Осы күні «Эйр Астана» авиациялық техникалық орталығы өз жұмысын бастады. Орта Азияда ұшақтар жөндейтін ірі кәсіпорын құру жобасын қолға алған «Эйр Астана» компаниясының аталған орталығында техникалық қызмет көрсету Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің стандарттарына сәйкес жүргізіледі.
Индустрияландыру күні іске қосылған жаңа кәсіпорындар қатарында еліміздің батыс, шығыс және солтүстік өңірлерінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын жаңа үш өндіріс ошағы, Жамбыл және Алматы облыстарында орналасқан өнімдері экспортқа бағытталған жаңа инновациялық технологиялы өндірістер, Ресей, Қытай, Өзбекстанға тасымалданатын транзиттік және экспорттық газ көлемін арттыруға мүмкіндік беретін Ақтөбе облысындағы «Бозой» жерасты қоймасында газ кептіру қондырғысы жобасы барын атап өтпекпіз.
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің табысты өткеніне тоқтала келіп, «Сонда баламалы энергетикаға арналған 140 ғылыми жоба таныстырылды. Арада екі ай өтті, ЭКСПО-ны өткізгенімізді ұмыта бастаған сияқтымыз. Бірден айтайын, мен оны ұмытпаймын. ЭКСПО-ны не үшін өткіздік? Қыруар жұмысты не үшін жасадық? Біз әлемнің баламалы энергетика саласындағы тәжірибелермен танысуды көздедік. Қатысушылар да келді, өз тәжірибесін көрсетті. Бұл бағыттарда міндеттер қойылды. Біз болсақ, келесі бетті аударып, ЭКСПО-ны жаба салдық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев жалпыұлттық телекөпір барысында.
Осы ретте Елбасы Үкіметке көрмеде көрсетілген баламалы және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ғылыми жетістіктерді тәжірибеге енгізіп, қолдану үшін жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды. «ЭКСПО аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталық, ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі құрылатын болады. Олардың уақтылы іске қосылып, толық жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4.0. Индустриясының технологияларын енгізіп, бұл салада индустриялық тұрғыдан дамыған елдермен және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайту қажет екенін айтты. Бұдан бөлек, Елбасы цифрлық технологиялар саласындағы заманауи машықтарды меңгерген мамандарды дайындаудың маңызды екеніне назар аударды. «Үшінші жаңғыру бағдарламасы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыруды, біздің тауарлардың экспортын кеңейтуді талап етеді. Индустриялды саясаттың негізгі бағыты 4.0 технологияларын енгізуге қатысты болып отыр. Бұл бағыттың мән-жайын тыңғылықты түсіну керек. Осыған байланысты «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға барлығы қатысуы керек, яғни әрбір министрлік, әкімдік, сондай-ақ Қазақстандағы әр компания қамтылуы тиіс», – деп атап өтті Елбасы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы шетелдегі қаржыны қайтаруға қатысты арнайы заңнаманы әзірлеуді тапсырды. «Осы уақытқа дейін біз ақшаны заңдастыруды үш рет өткіздік. Бір адамды жауапқа тарттық па? Жоқ, ешкімге тиіскен жоқпыз. Қазіргі жағдайда сіздер шекараның арғы жағында ұстап отырған ақшаларыңыздан айрыласыздар. Санкциялық соғыс қызып тұр. Ондайда сіздерге ешкім көмектесе алмайды. Ақшаны Қазақстанға қайтарыңдар да, осында ұстаңдар! Қандай кепілдік керек? Мен тиісті заңдарды да, жарлықтарды да шығарып беремін. Олай істемеймін десеңдер, біз өзіміз істейміз. Артынан реніш болмасын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы бүгінде 18 отандық компания 12,5 млрд долларды шетелде ұстап отырғанын атап айтты. Мәселен, «Теңіз Шевройл» компаниясы – 4,5 млрд доллар, «ҚазМұнайГаз» ҰК – 3 млрд доллар, «ҚазМұнайГаз» БӨ» компаниясы – 2 млрд доллар, «Азия газ құбыры» ЖШС – 1 млрд-тан астам, «Бейнеу-Шымкент» газ құбыры» ЖШС – 100 млн доллар және тағы басқа компаниялар шетелде қыруар қаражатты ұстап отыр. «Қазақстанның ресурстарын сатып, ақша табасыздар. Ал табысты шетелде ұстайсыздар. Неге ол ақша инвестицияға жұмсалып, ел экономикасына жұмыс істемейді? АҚШ әлемдегі бар офшорды анықтады. Тіпті Швейцарияның өзінде ешкім тыныш отыра алмайды. Англия да олигархтардың ақша аударған барлық есепшотын ашуы тиістігін жариялады. Жарты жылдың ішінде мемлекетке қарасты компаниялар шетелдегі қаржысын 2 млрд доллардан 6 миллиардқа дейін ұлғайтты. Сіздер нені күтіп отырсыздар?! Мен осыны түсінбеймін», – деп атап көрсетті Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы бұл жағдайды қарап, әрбір компания басшысымен жеке-жеке сөйлесуді үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа тапсырды. «Ақшаны қайтармаса, мен олармен басқаша сөйлесемін. Осыны бүкіл Қазақстанның алдында ескертіп қояйын. Біз ол ақшаны қайтарудың жолын табамыз. Бірақ ол кезде сіздер болмайсыздар. Сіздерге жаман бір нәрсе істейміз деп отырған жоқпын. Мемлекет сіздерге ақша жасауға жағдай жасады. Сіздер болса, ол ақшаны мемлекеттен тығып отырсыздар. Олай болмайды», – деп ескертті Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі комитетінің мүшесі болып, Ынтымақтастықтың елдік бағдарламасына қол қойғанымызды, сондай-ақ ұлттық инвестициялық стратегияның қабылданғанын, соның арқасында елімізде көптеген трансұлттық компаниялар мен стратегиялық инвесторлар табысты жұмыс істеп жатқанын айтты.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Үкіметке шет елдерге шығарылған капиталды елге қайтару үшін мүмкіндік туғызу, қазақстандық тауарларды экспорттық нарықтарда ілгерілету жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға және бизнес ортаны жақсартуға ерекше мән беруді тапсырды.
Индустрияландыру күніне арналған шараның соңында Елбасы «Алтын сапа» байқауының сыйлықтарын тапсырды. Атап айтқанда, «Үздік индустриялық жоба» сыйлығы «Giessenhaus» ЖШС директорлар кеңесінің теңтөрағасы В.Литуевке, «Үздік инновациялық жоба» – «Recycling Company» ЖШС-ның жоба жетекшісі А.Рябининге, «Сапа көшбасшысы» – «Қазфосфат» ЖШС басқарма төрағасы М.Есеновке, «Үздік азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын кәсіпорын» – «Абзал және Компания» толық серіктестігінің директоры М.Ералиевке берілді. «Парыз» байқауының гран-при жүлдесі Евразиялық топтың жетекшісі А.Машкевичке табыс етілді. Бизнесті жүргізу жеңілдігі жөніндегі өңірлер мен қалалардың рейтингі нәтижесі бойынша арнайы сыйлық Астана қаласының әкімі Ә.Исекешевке берілді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X