Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Ұлттың алтын қорына аты жазылған тұлғалар

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы жеңімпаздарымен кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемде болып жатқан өзгерістер жөнінде айтып, қазіргі жағдайларға бейімделу қажеттігіне назар аударды. Жаһандық өзгерістер дәуірінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өзектілігін атап өтіп, оны іске асырудың аралық нәтижелеріне тоқталды.
Елбасы мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру жөніндегі жоба туралы айтып, бұл үрдістің басты мақсатын атап өтті.
– Бүгінде ғылым және мәдениет туралы ақпараттың 70 пайызға жуығы ағылшын тілінде таралады. Біз үш тілде білім беруге көшетінімізді жарияладық. Жастарымыз қазірдің өзінде ағылшын тілін меңгерген. Латын қарпіне көшу дамып келе жатқан ортақ ақпарат әлеміне енуімізге мүмкіндік береді. Ең негізгісі, мына заманмен, болашақпен бірге болу үшін ол бізге керек, – деді Елбасы.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы «Жаңа гуманитарлық білім» және «Туған жер» жобаларының іске асырылу барысына тоқталды.
– Егер біз қазақ тілінің дамуы туралы айтар болсақ, әлемнің үздік білімін ана тілімізде алуымыз керек. «Жаңа гуманитарлық білім» жобасы аясында үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару мәселесі қарастырылған. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Яғни патриотизм туған үй мен туып-өскен өңірден басталады. Қазір халқымыздың 40 пайыздан астамы ауылда тұрады. Бұрын ауылда 90 пайызы тұрған еді. Сол ауылдың тау-төбесі, өзен-көлі, өсетін жуа, жидегі, тіпті тасына дейін оның әрбір перзентіне ыстық. Өйткені ол – біздің туған жеріміз. Туған жер деген – әр адамның кіші Отаны. Біз кіші Отанымыз арқылы бүкіл Қазақстанды – туған елімізді сүйеміз. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Қазір елімізде меценаттар туған жеріне барып, балабақша, мектептер мен ауруханалар салып жатыр. Жалпы алғанда, бүгінде осы бағытта 720-дан астам жоба іске асты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының халқымыз үшін мәні зор екенін айтып, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының міндеттерін атап өтті.
– Біз әлемдегі киелі жерлер мен олардың тарихы туралы жақсы білеміз. Ал Қазақстанда ондай жерлер жоқ па? Қазіргі кезде осындай киелі 100 орынды анықтау жөнінде міндет қойылды. Олар туристік орынға айналатын болады. Біздің мәдениетіміз бүкіл әлемге танылуға тиіс. Ал «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы біздің мәдени байлығымызды дүние жүзіне танытуы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асырудың маңыздылығына назар аударып, кездесуге қатысушыларға қоғам тарапынан артылған жауапкершіліктің мол екенін ескертті.
– Сіздер байқаудың іріктеу турынан өттіңіздер. Дауыс беру интернет арқылы жүргізілді. Сіздер – бірегей тұлғасыздар. Тәуелсіздігіміз сіздерге таланттарыңызды шыңдап, болашаққа жол салуға мүмкіндік берді. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі боласыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесуде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушылар рухани жаңғыру бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде ой бөлісіп, өздерінің жетістіктері туралы айтты.
Елбасы жобаның бірнеше қатысушысының жетістіктерімен танысты. Солардың қатарында 31 жастағы жас физик Ернұр Рысмағамбетов бар. «2002 жылы физика пәнінен дүниежүзілік олимпиадада бірінші орынды иеленіп, алтын медальға қол жеткіздім. Сол жылы әлемге әйгілі Калифорния университетіне шақырту алдым. Бірақ сол кезде Америкаға ұшып баруға қажетті 1200 АҚШ долларын табудың өзі қиын еді. Үмітім үзіле жаздады. Түрлі компаниялардан демеушілік сұрадым. Соңында тағы бір халықаралық олимпиадада топ жарып, құны 1300 АҚШ долларлық ноутбукты сыйға алдым. Жолға билет алу үшін оны сатып жіберуге тура келді», – деді физикадан бірнеше ірі байқаулардың жеңімпазы өзін таныстыра келіп.
Жас өрен сол университте танымал өнертапқыш Илон Маскпен кездесіпті. Қаржы саласына қызығушылығы басым болған Ернұр халықаралық қаржы орталықтарының жұмысын Америкада меңгере бастаған. «Бірнеше халықаралық инвестициялық қорда еңбек етіп, үлкен тәжірибе жинадым. Елге қызмет ету арманыма ақыры бет бұрдым. 2009 жылы мектеп оқушыларын физика пәнінен дайындай бастадым. Мексика, Тайланд елдерінде физика пәнінен білгір оқушыларымыз үздік ондыққа кірді», – дейді Ернұр. Қазір ол «Астана» халықаралық қаржы орталығында үздіксіз кәсіби даму бюросын басқарады.
Зерделі жастың сөзіне ырза болған Елбасы алдағы уақытта да ғылыми бастамаларға қолдау білдіретінін атап өтті. «Математика мен физика – болашақтың ғылымы. Әрине, мамандар даярлау керек. Барша әлемде сол мамандықтарды меңгеріп, ғылыми жаңалықтарды ашқан елдер алға озды. Бізде де сондай ұмтылыс болса деймін. Осы ретте Қазақстандағы бір топ жас ғалымға арнап арнайы зертхана салуға болады. Себебі, бізге қажеті ғылым-білімнің дамуы. «Болашақ» бағдарламасы арқылы қыз-жігіттерді оқытып отырғанымыз да сол үшін ғой», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы қазақстандықтардың тұлғалық тұрғыдан дамуының маңыздылығын атап өтті.
– Сөз сөйлегендердің барлығы туралы фильм түсіріп, кітап жазуға болады. Адамдар одан шабыт алады. Шын жүректен құттықтаймын. Жастарымыз мақсатқа қарай талпынуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы халықтардың дамып, жаһандық үрдістерге бейімделуінің әлемдік тәжірибелері жөнінде ой бөлісті.
Кездесуді қорытындылай келіп, Нұрсұлтан Назарбаев жоба қатысушыларына табыс тіледі, қол жеткен жетістіктермен шектелмеуге шақырды.
Мемлекет басшысы кездесу аяқталған соң «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысушыларға арналған арнайы фотокөрмені аралап көрді.

Тегтер:

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X