Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Мемлекеттік-жекеменшік жобалар тиімді ме?

Елордада «Атамекен» ҚР ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуі барысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін дамыту мәселесі ерекше қозғалды.

ернар орманов

Бүгінде Астанада жалпы сомасы 82,1 млрд теңге болатын 20 жоба жасалды. Астана қаласында фото-бейнефиксация бойынша бір жоба жүзеге асырылып, 6 балабақша бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімшарты жасалған. Қосымша 13 жоба бойынша тұжырымдама дайындалу үстінде.
Кездесу барысында «КДЛ Олимп» ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменов жеке меншік медицина саласын дамыту туралы ой бөлісті.
«Мемлекеттік тапсырыс бойынша, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, жекешелендіру жұмысында тәжірибеміз мол. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын жүзеге асыру мемлекетке де, бизнеске де тиімді. Халыққа қызмет көрсетудің сапасы жақсарып, кезек көлемі азайып, медициналық көмекті уақытылы алуға болады. Мемлекет қайта жабдықтау, кешенді жөндеу жұмыстарына шығынды азайтады, маман іріктеу, оқыту, емханаларды қамтамасыз ету мәселелерін де жеке меншіктің шешуіне береді», – деді Ерлан Сүлейменов.
«КДЛ Олимп» өкілі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмінен бизнестің ұтатын тұстарын да атап өтті. мемлекеттік қолдауды инвестициялық және операциялық шығындарды өтеу, сенімді басқару үшін төлем беру, тіркелген тұрғынның санына қарай қызмет алуға кепілдік, ақылы медициналық қызмет көрсету, орынжайды жалға беру арқылы табыс табу мүмкіндігі бар.
Астана қаласы көлікшілері қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов көлік саласындағы атқарылған жұмыстар мен мәселелерге тоқталды.
«Мемлекет басшысы 2016 жылдың сәуірінде Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарында бірыңғай такси қызметін құру туралы тапсырма берген еді. Сол уақытта таксомоторлық қызмет нарығы құлдырап тұрған еді. 2012-2016 жылдары 20-дан астам компаниялар жабылды. Инвестиция көлемі шамамен 2 млрд теңге болды. Көптеген компания несие мен субсидия алған еді, осыншама іс табыссыз болды. Астана қаласы көлікшілері қауымдастығы құрылып, мәселені шешудің жолы қарастырылды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында такси саласының мәселелері көтеріліп, талқыланды. Атқарылған жұмыстың нәтижесі қуантады. Дегенмен қауіп пен мәселе де жоқ емес. Нарықты қорғау механизмдерінің жоқтығы, реттеу мен ары қарай дамуға қатысты сауалдар шешілуі керек», – деді Медет Құрманов.
Қауымдастық өкілінің айтуынша, бүгінде такси көліктері BUS LANE жеке жолағын пайдаланып, жолда жүру уақытын үнемдеп, қызмет сапасын жақсартқан. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде 540 мыңнан астам жолаушы тасымалдаған. Сонымен қатар елордалық такси компания­лары Аstana taxi бірыңғай брендіне біріктіліп, автокөліктерге таксометрлер орнатылған. Такси шақырту үшін арнайы қысқа нөмір мен мобильді қосымша жасалған, барлық тасымалдаушылар үшін бір диспетчерлік орталық құрылған. Сонымен қатар арнайы киім формасы мен әуежай, вокзал аумағынан автотұрақ қарастырылған.Қауымдастық мүшелері «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын пайдаланады.
«Қарастырылған іс-шаралар өркениетті нарық алаңын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Тасымалдау тиімділігі артып, ресми тасымалдаушылардың саны 7-ден 15-ке артты. Өткен аптада Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының алаңында Қаржы министрлігі, Инвестициялар және даму министрлігі, Ұлттық палата өкілдерінің қатысуымен республиканың 5 өңіріндегі кәсіби бірлестіктер мен таксопарктердің кездесуі өтті», – деді Астана қаласы көлікшілері қауымдастығының төрағасы.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшысы Тимур Құлыбаев пен Елорда әкімі Әсет Исекешев кездесу барысында бизнес қоғамдастық өкілдерін тыңдап, мемлекеттік органдар, екінші деңгейлі банктердің өкілдерімен бірлесіп, түйткілді мәселелерді бірлесіп шешу жолдары қарастырылатынына назар аударды.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X