Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Стратегиялық жоспармен – сапалы өсімге

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жобасы мақұлданды. Сонымен қатар күн тәртібінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі және республикадағы қоғамдық кеңестердің жұмыстары талқыланды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының басты мақсаты сапалы әрі табысты экономика өсімін қамтамасыз ету, халықтың өмір сүру сапасын ЭЫДҰ-ға мүше елдердің деңгейіне жеткізу екендігін атап өтті. Құжат «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасы Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген.
– Стратегиялық даму жоспары Қазақстанның 30 дамыған ел қатарына кіру жолында «Қазақстан-2050» стратегиясын іске асыруға бағытталған орта мерзімді мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші деңгейдегі құжаты болып табылады. Осы құжат негізгі мақсаттарына қол жеткізілген 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының орнына әзірленді, – деді министр.
Жобаға сәйкес, жылына кем дегенде 4,5-5% деңгейінде экономика өсіміне қол жеткізу жоспарланып отыр, бұл Қазақстанға жан басына шаққандағы ІЖӨ өсімі деңгейін 2025 жылға қарай 46 100 долларға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Құжат жобасы түрлі деңгейде талқылаудың төрт кезеңінен өткен, соның ішінде халықаралық ұйымдардың сараптамалық бағалауы да бар. Мәселені қарау қорытындысы бойынша, стратегиялық жоспар жобасын Үкімет мүшелері бірауыздан қолдап, Мемлекет басшысының қарауына жіберді.
Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев құжаттың маңыздылығына тоқтала келе:
– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес эко­номикалық өсімнің жаңа моделін құруды және халықтың әл-ауқатын жақ­сартуды көздейтін бұл жоспар еліміздің негізгі стратегиялық құжаты – «Қазақ­стан-2050»-ді іске асыруға бағытталған. Мақсат – 30 озық дамыған ел қатарына қосылу, – деп атап өтті.
Стратегиялық құжаттың мәнін жұртшылыққа дұрыс та түсінікті тілмен жеткізу қажет. Осыған орай Үкімет басшысы Ұлттық экономика ми­нистрлігіне Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен, өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті жұмысты қолға алуды тапсырды.
Күн тәртібінде талқылауға шығарылған келесі тақырып – өнеркәсіптік қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мәселелері болды. Бұл туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады.

Министр алға тартқан деректерге сәйкес, ағымдағы жылы республиканың қауіпті өндірістік нысандарында 11 апат орын алған. 12 адам зардап шегіп, 4 адам қаза тапқан. Ал былтыр осы кезеңде 14 апат болды. Осы ретте қолға алынған қауіпсіздік шараларының нәтижесінде өндірісте жарақат алу оқиғалары азая бастады.
Бүгінде министрліктің қадағалауында 230 мыңнан аса қауіпті өндірістік нысанды қамтитын 9 мыңнан аса кәсіпорын бар екен. Осы орайда жерасты кеніштері мен көмір шахталары, карьерлер мен разрездер, мұнай және газ өндіру кен орындары, металлургия, сондай-ақ химия, мұнай өңдеу зауыттары, атом өнеркәсібі, магистральдық құбырлар қамтылған.
Министр өрескел бұзушылықтар болмаса, адал кәсіпкерлерді тексеруден босату түрінде көтермелеу, сондай-ақ оларды қауіпті өндірістік нысандар тізбесінен алып тастау мүмкіндігі көзделгендігін айтты.
Ағымдағы жылдың 10 айында 1558 тексеру жүргізілген. Тексеру барысында 40 мыңнан аса бұзушылық анықталды, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп тұрған 880 қауіпті өндірістік нысан уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар 124,5 млн теңгеден аса сомада 1821 айыппұл салынды.
Жабдықтардың, ғимараттар мен құрылыстардың ескіруі, қауіпті өндірістік нысан иелерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтамауы өндірістік қауіпсіздік жағдайына кері әсер етеді. Осыған байланысты ведомство өнеркәсіптік кәсіпорындарды өндірісті жаңғырту мен автоматтандыруға ынталандыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.
Қазіргі таңда ERG, KazZinc секілді кәсіпорындар «ақылды карьер», қызметкерлерді мобильді басқару, «ақылды фабрика» секілді Индустрия 4.0 элементтерін енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде. KazMinerals кәсіпорындарында (Ақтоғай және Бозшакөл) өндірісті диспетчерлеу мен оңтайландыру жүйесі енгізілген. «Алтынтау Көкшетау» АҚ-да онлайн режимде карьерге мониторинг жүргізу және өнеркәсіптік интернет жүйесі енгізілген. Жүйеқұрушы кәсіпорындардың көптеген кеніштерінде қызметкерлерді құлақтандыру және жайғастыру жүйелері іске асырылған. Өңдеу өнеркәсібінде «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС, «Жігермұнайсервис» ЖШС, «Қайнар-АКБ» ЖШС секілді кейбір кәсіпорындарда роботталған дербес кешендер қолданылуда.
Бұдан өзге, қазіргі заманғы нормалар мен халықаралық технологиялық талаптарға сәйкес нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мақсатында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы әзірлену үстінде.
Баяндамашы аталған міндеттерді жүзеге асыру қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын сақтай отырып, қауіпті өндірістік нысандардың апатты жағдайларын төмендетуге мүмкіндік беретінін айтты.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік нысандарындағы еңбекті қорғау бойынша қабылданған шаралар туралы баяндаған еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова елімізде халықаралық талаптарға сәйкес еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын жаңарту жұмыстарына тоқталды. Бұл тұрғыда қызметкерлердің денсаулығы мен еңбекті қорғаудың ынталандырушы шаралары енгізілуде. Қазіргі таңда еліміздің 1400-ден астам кәсіпорны Халықаралық еңбек ұйымы ұсынған еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау стандарттарын енгізген.
Сондай-ақ жұмыс беруші өз қызметінің еңбек заңнамасының талаптарына сәйкестігін ерікті түрде мағлұмдау тетігі іске асырылады. Бүгінде 131 жұмыс беруші осындай сертификатты иеленіп, жоспарлы тексеруге жататын кәсіпорындар тізімінен үш жылға босатылған.
Отырыста қаралған келесі мәселе – қоғамдық кеңестердің жұмысы туралы дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев баяндады.
Президенттің бес институционалдық реформасын жүзеге асыру бойынша Ұлт жоспары аясында аумақтарды дамытудың стратегиялық жоспарлары мен бағдарламаларын, бюджеттерді, есептерді, мақсаттық көрсеткіштерге қол жеткізу, азаматтардың құқықтары мен еркіндігін қозғайтын нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын, бағдарламалық құжаттардың жобаларын талқылау бойынша қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту жұмыстары жүргізілуде.
Қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттіктерін заңмен бекіту мемлекеттік шешімдерді қабылдаудағы айқындықты арттыруға бағытталған.
Министр қоғамдық кеңестер халықты толғандыратын мәселелердің мониторингін енгізгенін, сондай-ақ азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын сараптау тетігі енгізілгенін мәлімдеді. Дегенмен, қоғамдық кеңестердің қызметіне кері әсерін тигізетін мәселелер бар.
Біріншіден, бұл – оның сапалық құрамы. Талдау жұмыстары кеңестердің сапалық құрамының, әртүрлі сала өкілдіктері мен санаттарының біркелкі еместігін көрсетті. Екіншіден, қажетті қаржыландырудың болмауы кеңестердің өз мақсаттарына жетуіне қиындық туғызуда деген пікір бар. Алайда, бірқатар сарапшылар кеңестерді мемлекеттік қаржыландыру олардың автономиялық сипатынан айырып, қызметтің тәуелсіздігін жоғалтуға әкеп соғуы мүмкін деген пікірде. Бұл ретте Н.Ермекбаев жекелеген бюджеттік шығындарды қарастыру қажеттілігі бар екендігін, аймақтарға шығу іссапарлары мен кеңсе шығындарын мемлекеттен қаржыландырған жөн екендігін айтты.
Үшіншіден, кеңес мүшелерінің пікірінше, қарастырылатын нормативтік-құқықтық актілер санының артуынан кеңестердің жұмыс көлемі ұлғайған. Ал нормативтік-құқықтық актілермен жұмыс жүргізу үшін арнайы білім мен салалық біліктілік қажет. Осыған орай, құқықтық актілерді қарастыруды кеңес мүшелерінің өз шешіміне қалдыру мүмкіндігін беру керек.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X