Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Ел үмітін арқалаған Елбасы

Бүгінде әлем жұртшылығы қазақ халқын, Қазақстанды Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев арқылы біледі десек, қателеспейміз. Тарих сахнасына көтерілген Алаш жұртының көшбасшысын саяси ғылым сарбаздары ең танымал мемлекет басшылары қатарына қосады.

Ел басқару ісіндегі баспалдақтардың барлығынан абыроймен өткен Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың қалың ортасынан көтерілген, қарапайым жұртшылықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілегін жақсы білетін, жүрегімен сезінетін басшы. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өмірге келіп, ақылман қариялардан тәлім-тәрбие алған ол ұлттың ғасырлар бойы жинақталған бай тәжірибесін әлемдік саяси басқару ілімімен ұтымды ұштастыра білді. Сөйтіп, елдің әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігін тап басып танып, сара бағытты қапысыз таңдады, сол жолдағы іс-қарекеттерді табандылықпен жүзеге асырды.
Елбасының бастамасымен тек Қазақстан үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлем үшін де орасан зор маңызы болған дүниежүзілік-тарихи сипаттағы қадамдар жасалды. Айталық, аумалы-төкпелі 1991 жылдың күзінде 40 жылдан астам уақыт бойы адамзатқа ғаламат апат қаупін төндіріп, ажал отын шашып келген Семей ядролық сынақ полигоны жабылып, 459 ядролық жарылыс жасалған тажал ордасы біржола тыншыды.

Ел келешегін ойлаған Нұрсұлтан Әбішұлы Америка Құрама Штаттары, Ресей Федерациясы, Франция сияқты ядролы алпауыт мемлекеттер басшыларымен келіссөздер жүргізіп, 1994 жылы Қазақстанның ядросыз ел ретіндегі мәртебесіне қол жеткізді. Бұл державалар Қазақстан тәуелсіздігіне, оның егемендігіне және шекараларының мызғымастығына кепілдік берді. Сонымен, 1995 жылы қазақ елінен ядролық қару толығынан әкетіліп, мемлекетіміз адамзат тарихында тұңғыш рет жаппай қырып-жоятын алапат қарудан ерікті түрде бас тартты.
Елбасымыздың келесі бір ғаламдық саяси бас­тамасы – Еуразиялық одақ құру. Сөйтіп, ауылы аралас, қойы қоралас мемлекеттер мен халықтар арасында әлеуметтік-экономикалық, мәдени-ақпараттық бірігудің жаңа үлгісі өмірге келді.
Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей қамқорлығы арқасында Абайдың 150 жылдық, М.Әуезов пен Қ.Сәтбаевтың 100 жылдық, Түркістанның 1500 жылдық мерейтойлары ЮНЕСКО күнтізбесіне енді, Париж бен Лондонда, Берлин мен Токиода ұлыларымыздың құрметіне салтанатты жиындар өтті, ән-күйлеріміз әлемдік астаналар аспанында қалықтады. Сөйтіп, мәдениетімізді, өнерімізді, ғылымымызды айдай әлемге паш еттік. Міне, осынау өзгерістердің барлығы санамыз бен дүниетанымымызды түбегейлі өзгертуде. Бұл орайда Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған сарабдал ұсыныстар мен пікірлердің орны ерекше. Мақаланың «Білімнің салтанат құруы» атты бөлімі ерекше атап өтуге тұрарлық. «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет… Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды… Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».
Болашақ – бүгіннен басталады. Мемлекет басшысының келешекті көздейтін осынау ойлары ғылым мен білім ордалары – университеттерде жалғасын тапса, құба-құп. Егер әрбір университет өз мақсат-міндетін ұғына отырып, қоғамдағы өзгерістердің қозғаушысы бола алса, өз қаласын, өз аймағын көтерсе, жас ұрпаққа сапалы білім берсе, еліміздің әлемнің дамыған елдері сапынан көріну мақсаты жүзеге аспақ.
Қазіргі өзгермелі дүниеде ел іргетасын одан әрі нығайту мерейлі міндет болып табылады. Бұл орайда басты назар Елбасымыздың бағдарламалық мақаласындағы межелерді жүзеге асыруға аударылып отыр. Болашақты көздейтін осынау құжатта білімге негізделетін экономиканы құрып, дамыту көзделген. Ал бұл бағытта университеттер атқаратын іс ұланғайыр екендігі мәлім. Өйткені, қазіргі таңда бүкіл әлемде университеттік білім беру жоғары оқу орындарының инновациялық үдерістерге белсенді түрде араласуымен ұштастырылуда. Мұның себебі түсінікті де. Өйткені, осы арқылы ғылым мен ғылыми зерттеулер нақты іс жүзінде жалғасын тауып, елдің дамуын жеделдетуге септігін тигізеді. Сөйтіп, бүгінгі университеттер инвестициялық тұрғыдан тартымды ғылым мен білім ордалары, инновация және білім экономикасының негізі болып отыр. Ал ғаламдық дамудың мұндай маңызды бағытынан жоғары оқу орындары шет қала алмайтыны өзінен-өзі түсінікті.
Біздің оқу ордамыз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде құрылымдық жаңғырту үдерісі табыспен тәмамдалды, сөйтіп, бүгінде ол шын мәніндегі зерттеу университетіне, әлемдік ғылыми-зерттеу нарығының бәсекеге қабілетті қатысушысына айналды. Азия Даму банкінің деректеріне қарағанда, республика жоғары оқу орындары жүргізіп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының тең жарымы ҚазҰУ үлесіне тиеді екен. Қазіргі таңда мұнда екі жүзден астам іргелі, сондай-ақ қолданбалы жобалар орындалу үстінде, бұлар ғарыштық зерттеулерді, атом энергетикасын, инновациялық өндірістерді ғылыми-техникалық қамтамасыз ету, термоядролық реактор жасау мен пайдалану сияқты маңызды мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асуда. Университетте оншақты ғылыми-зерттеу институты, жиырмадан астам орталық табысты еңбек етуде, оның ішінде Орталық Азияда және Қазақстандағы жалғыз Хьюллет-Паккард ақпараттық технологиялар орталығы, технопарк, бизнес-инкубатор бар.
Дүние жүзіне танымал Quacquarelli Symonds агенттігінің зерттеулері нәтижелері бойынша ҚазҰУ әлемнің 800 үздік университеттері арасында 236 орынды иеленіп, топжарған жоғары оқу орындары қатарына енді. Бір айта кетерлігі, ТМД елдерінен бұл топқа 3 жоғары оқу орны: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және М.В.Ломоносов атындағы ММУ мен Санкт-Петербург университеті кіріп отыр. Әлемдік рейтингте ҚазҰУ соңғы үш жылда 300-ден астам бағытқа жоғарылады. Бұған кешенді құрылымдық өзгерістер, факультеттерді кластерлік негізде дамыту, кафедраларды ірілендіру, жүйелік басқаруды енгізу, нәтижеге бағытталу арқылы қол жетті. Болашақта өз университетімізді біз қиялы жүйрік, білімі кемел ғалымдар мен шәкірттер оқу лабораториялары мен аудиторияларда зияткерлік еңбек көрігін қыздырып, ғылымның жаңа көкжиектеріне көз жіберетін ғаламдық инновациялық орталық ретінде елестетеміз. Ғылым мен инновация тығыз ұштасқан, еліміздің білім экономикасын алға ұластыра алатын жоғары білікті кадрлар қанаттанып жатқан университетімізде бұл үшін барлық негіз жасалған.
Елбасымыз «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» – деген болатын. Осынау мағынасы биік, мәні зор тұжырым тереңіне бойлаған университет ғалымдары мен зерттеушілері, оқытушы-профессорлар құрамы қазақ тілін латын қарпіне көшіру жөніндегі іргелі іске атсалысуда. Олар 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісіп кетті. Бұл орайда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау жөніндегі Елбасы тапсырмасы ойдағыдай орындалу үстінде. Университет ғалымдары экономика, әлеуметтану, саясаттану және басқа ғылымдар бойынша 6 оқулықты мерзімінде аударып, редакциялап, баспаға тапсырды. Сөйтіп, Елбасымыздың ұлттық жаңғыру жөнінде ғалымдарымыз алдына қойылған нақты міндет өз үдесінен көрінді.

Қарлығаш Мергенбаева,
Жазира Батырханова,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ оқытушылары


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X