Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Баға тұрақтылығы – басым міндет

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қазақтың өзіміз жиі қолданатын «қалтадағы пұлды базардағы нарық билейді» деген нақылы бүгінгі банк саласындағы ахуалды қаз-қалпында көзге елестетеді. Айтқандай-ақ, күніне мыңдаған адам барып, танығанына ғана сәлем беретін сатарман мен аларманы құжынаған қан базардың дегеніне көніп, құн парқын шарықтатып алған сәттен-ақ ілгері басқан қадамның кері кететінін қаржы мамандары жақсы біледі, сондықтан да олар бағаны қолдан келгенше ауыздықтауға тырысып бағады.
Осыған орай өткен жылдың белестеріне биылдың биігінен көз тастай отырып, аталған кезеңде еліміздің бас банкі баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге баса назар аударғанын бай­­қаймыз. Нәтижесінде инфляцияның 2016 жыл­ғы маусымдағы 17,7 пайызбен салыстырғанда 2016 жылғы желтоқсанда 8,5 пайызға дейін айтар­лықтай төмендеуіне қол жеткізілгенін көреміз. Сөйтіп, халықтың инфляциялық және девальвациялық күтулері айтарлықтай төмен­деді деп айта аламыз. Бұған реттеушінің – Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізуі себепші болды. Жылдық есепте атап көрсетілгеніндей, орта мерзімді кезеңде инфляциялық күтулердің төмендеуін қамтамасыз ете отырып, ҰБ таңдаған саясат бизнесті дамытуға инвестиция салуды тиімді шешуге мүмкіндік берді. Инфляциялық таргеттеу тәртібіне өту шеңберінде ҰБ ауқымды да жүйелі жұмыс жүргізді. Атап айт­қанда ақша және валюта нарықтарындағы тең­герімді қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылданып, қаржылық тұрақтылық мәселелері шешілді, ақша-кредит саясаты құралдары мен болжау және модельдеу жүйелері құрылды. Нарықтың барлық қатысушылары үшін ақша құнының бағдары бүгінгі күні қаржы реттеушісі белгілейтін базалық мөлшерлеме болып табылады.
Алайда, бұл жұмыстың тиімділігі экономи­каның долларлану деңгейінің әлі де жоғары болуымен шектеліп отыр. Сондықтан да ҰБ дол­ларсыздандыруға бағытталған шаралар жос­парын қабылдады. Бұл орайда мынадай нақты өзгерістер туралы айтуға болады. Мәселен, өткен жылы теңгедегі депозиттер 66,4 пайызға өсті, ал шетел валютасындағы депозиттер 9,9 пайызға төмендеді. Осы нәтижеге қол жеткізуге валюта нарығындағы ахуалдың тұрақтануы және теңге тартымдылығының көтерілуі біршама дәрежеде себепші болды. ҰБ экономиканы долларсыздандыру бойынша жұмысты әлі де жалғастырмақ. Инфляциялық таргеттеу қағидаттарына сәйкес өткен жыл бойы өзгермелі айырбастау бағамы саясаты ұсталынды. Тиісінше, ұлттық валюта бағамы түбегейлі сыртқы және ішкі факторлар ықпалымен қалыптастырылды. ҰБ валюталық сауда-саттықтарға қатысуының жүйелік сипаты болған жоқ, ал өткен жылғы қыркүйектен бастап бұл операциялар нөлге тең болды. Осыған қарамастан теңге бағамы өткен жылы 2 пайызға нығайып, желтоқсанның соңында бір доллар үшін 333,29 теңгені құрады. Толыққанды инфляциялық таргеттеуді ендірудің келесі кезеңіндегі мақсат инфляцияны 2020 жылға қарай 4 пайызға дейін төмендету болып табылады. Бұл ұзақ мерзімді мақсатқа қол жеткізу жөніндегі шаралар елдің макроэкономикалық дамуының қол жеткізілген оң нәтижелерін сақтауға және экономиканың одан әрі тұрақты да үдемелі өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ұлттық банк қаржы секторын тұрақтан­дыру және дамыту бойынша жүйелі жұмыс бастады. Бүгінгі күні банк секторын қалыпқа келтіру, сақтандыру және қор нарықтарын дамыту жөнінде аса маңызды міндеттер қойылып отыр. Өткен жылы банктердің кредиттік тәуекелмен жұмысын күшейту бойынша нақты қадамдар қабылданды. Жақын арадағы болашақта банк активтерінің сапасын жақсартуға бағыт­талған шаралар алынуы тиіс, бұл олардың қаржылық орнықтылығын күшейтетін болады. Реттеушінің, яғни Ұлт­тық банктің жалпы алғанда банк жүйесінің түйткілдері туралы және сол сияқты жеке алғанда әрбір банктің жағдайы жөнінде біліп отыруы қажет. Сондықтан да өткен жылы қаржы секторымен жаңа ақпараттық қарым-қатынастар ауқымында ҰБ банк, сақтандыру нарықтарының және бағалы қағаздар нарығының барлық қатысушысыларымен кездесулер өткізді. Әріптестік қатынастарды дамыта отырып, қаржылық қызметтерді тұтынушылар құқықтарын бірлесіп қорғауға ұмтылды.
Елбасының еркін өзгермелі айырбастау бағамы тәртібіне көшуге байланысты жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттеріне өтемақы төлеу жөнінде жүктеген міндеті ойдағыдай орындалды, төленген өтемақылардың жалпы сомасы 53,9 млрд. теңгені құрады.
Ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесіне Ұлттық банк номиналы 10 000 теңгелік мерейтойлық банкнот, сондай-ақ күмістен жасалған ескерткіш монеталарды айналысқа шығарды, теңгеге арналған бірқатар конференциялар, сондай-ақ ұлттық валютаның банкноттары мен монеталарының көрмелерін экспозицияларын өткізді.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X