Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Бағдарлама – берік, нәтиже – нақты

Елімізде баспананың халыққа қолжетімділігін одан әрі арттыруды қамтамасыз ететін тұрғын үй құрылысын дамытуды кешенді шешуге арналған «Нұрлы жер» бағдарламасына ерекше назар аударылып отырғаны мәлім. Құрылыс секторының деңгейін көтеріп, экономикаға әсерін нығайту бағытындағы мақсатты іс-әрекеттер Ақтөбе өңірінде де белсенді өріс алуда.

Президент тапсырмасымен «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру – Үкіметтің таяу келешектегі басымдықты міндеттерінің бірі ретінде айқындалған. Бағдарлама аясында алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілмек. Осы бағдарламаны жоғары деңгейде жүзеге асыру арқылы мыңдаған қазақстандықтардың баспана мәселесін шешу көзделеді.
Ақтөбе облысында да құрылыс саласының қарқын алуына ықпал етіп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасының маңызы туралы аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев: «Қарапайым халық үшін пайдасы зор бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 1 200 гектар жер бөлініп, толық инфрақұрылым жасалған. Біздің болжамымыз бойынша үш жылдың ішінде осы жерде кем дегенде 4 200 тұрғын үй бой көтеріп, онда 110 мыңнан астам тұрғын қоныс тебуі керек», – деп атап өткен болатын.
Жуырда өткен әкімдіктің жиынында «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру жайы кезекті рет пысықталды. Онда мәлім етілгендей, бағдарламаның биылғы он айдағы қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында тұрғын үй құрылысына 51 млрд теңге инвестиция салынған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға көп. Тағы 7,4 млрд теңге инфрақұрылымға, 13 млрд теңге бағдарламаны жүзеге асыруға бөлініпті. Өңір басшысы қаражаттың тиімді игерілуіне және барлық нысандардың белгіленген мерзімде тапсырылуына ерекше мән берілуі тиістігін қадап айтты.
Есептік кезеңде 495,2 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. 3516 пәтер салынса, оның 1566-сы – жекеменшік үйлер, 1950-і – көппәтерлі үйлердегі пәтерлер. Жыл соңына дейін қосымша кем дегенде 254,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Ал өткен жылы 580 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені мәлім.
Құрылыс жүріп жатқан аудандарға инфрақұрылым жүргізу үшін 6 млрд теңге бөлініп, игерілген. Биыл жалдамалы пәтер құрылысына 1,5 млрд теңге бөлінді. Барлығы 300 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталған болатын. Ағымдағы жылы 180 пәтер тұрғын үй секторында кезекте тұрған адамдарға беріледі. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 122 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Үйлердің бір бөлігі жуық арада пайдалануға беріліп, 105 пәтер иесін табады.
Елбасы тапсырмасын орындау аясында облыс қазіргі күні «Нұрлы жер» бағдарламасын бірнеше бағыттар бойынша тиімді жүзеге асырып жатқан алғашқы өңірлердің біріне айналып отыр. Жекеменшік үйлердің пилоттық жобасы аясында «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабында бірыңғай сәулет стиліндегі 122 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Жаңа тұрғын үй массиві 100 мыңға тарта ақтөбеліктің экологиялық жағынан таза әрі жайлы орнына айналмақ. Мұнда жаңа мектеп, екі балабақша, коммерциялық ғимараттар мен сауда үйлері салынып, барлық қажетті инженерлік және жол инфрақұрылымдары жүргізіледі. Бұл ретте құрылыс материалдарының тапшылығы болмайды. Өйткені, өңірдің құрылыс индустриясы жоғары әлеуетке ие. Тұрғын үйлер, оның ішінде жеке тұрғын үйлер құрылысы үшін қажетті негізгі материалдар мен бұйымдар жергілікті кәсіпорындарда шығарылады. Өткен жылы қуаттылығы жылына 50 мың шаршы метрді құрайтын ірі панельді технология бойынша үй құрылысы комбинаты пайдалануға берілді. Зауыт тұрғын үйлердің өзіндік құнын төмендетуге, құрылыс уақытын қысқартуға мүмкіндік берді. Құрылыс материалдарының 80-85 пайызының қазақстандық қамту аясында пайдаланылып, облыс құрылысының 100 пайыз жұмыспен жүктелуі бағдарламаның тағы бір артықшылығын сипаттайтыны сөзсіз. Яғни, «Нұрлы жердің» басқа салаларды да дамытуға жанама әсері аңғарылады. Сондай-ақ жаңа технологияларды қолданудың арқасында бір үй орташа есеппен 2-3 айда, стандартты құрылысқа қарағанда екі есе жылдам уақытта салынады. Бұл ретте құрылыс сапасы тұрақты назарға алынған.
Сонымен қатар аймақта көлік жолдарының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары бойынша көлемді жұмыстар атқарылуда, Ақтөбе – Атырау көлік жолының құрылысы басталды. Осы орайда құрылыс материалдары мен техникалардың кестесін жасау қажет.
Бағдарламада Тұрғынүйқұрылыс­жинақбанкі салымшылары мен әкімдіктерде кезекте тұрғандар үшін жаңа қағидамен несиелік тұрғын үй құрылысы көлемін арттыру көзделген. Бұл ретте облыс бірнеше жыл бойы Тұрғынүйжинақбанкімен серіктес болып келеді. Соңғы екі жылдың өзінде осы жүйе арқылы 5 мың пәтер салынған. Биыл Ақтөбедегі Батыс-2 шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасының тұрғын үй салуды жекеменшік салушылардың қолға алуын ынталандыру бағыты бойынша салынған алғашқы көпқабатты тұрғын үй тапсырылған болатын. Жалпы аумағы 3 771 шаршы метрді құрайтын 54 пәтерлі 9 қабатты үй экологиялық материал болып табылатын қызыл кірпіштен салынған. Яғни, бұл пәтерлер жылы, берік әрі төзімді болады деген сөз. Жекеменшік салушы аталмыш үйдің құрылысы үшін жеңілдік несиесін алды. Есесіне, бағдарламаның шарты бойынша Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі салымшыларына тұрғызылған үйдің 50 пайызын жүзеге асыруды міндетіне алды.
«Нұрлы жер» бағдарламасының жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағыты бойынша да бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Биыл жеке тұрғын үй құрылысы үшін кем дегенде 14 мың жер телімін беру жоспарланып отыр. Бүгінде аймақта жер телімін алуға өтініш білдірушілер саны арта түсуде. Жер телімдерін бермес бұрын инфрақұрылым жүргізу қажет. Қажетті газ, су құбыры тартылып, электр энергиясы жеткізілген соң ғана жер беріледі. Қазірде Ақтөбе қаласы маңындағы ауылдарда 6 514 жер телімін беру үшін жоспар әзірленген.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X