Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Технология мүмкіндігі шексіз

Бүгінгі таңда елімізде жол битумына деген қажеттіліктің жыл санап арту үдерісі орын алуда. Бұл сұранысты республикадағы қуаттылығы бір миллион тоннадан асатын төрт битум өндіруші зауыт толық қамтамасыз етуге қауқарлы. Индустрияландыру көшінде ілгері басқан осы кәсіпорындар қатарында Маңғыстаудағы «Caspi Bitum» зауыты да өзінің өндірістік маңыздылығын мейлінше айшықтай түсуде.

Битум сақтауға арналған қоймалардың жоқтығы – бүгінде жол саласының өзекті мәселелерінің біріне айналған. Осының салдарынан жол-құрылыс компаниялары қыс-көктем мезгілінде битум іріктеп алуды жүргізбейді, бұл жаз мезгілінде қажеттіліктің артуына және тауар құнының өсуіне әкеліп соғады. Осы тұста Маңғыстаудағы «Caspi Bitum» зауыты алғаш рет жаңа технологиямен дайындалған өнімді экспортқа жібергені белгілі болды. Енді елімізде битумды біркелкі іріктеп алуды қамтамасыз ету мақсатында мұнай өнімінің сұйық түрімен қатар, тасымалдау мен сақтауға қолайлы буып-түйілген түрі де шығарыла бастады. Кәсіпорын 60 тонна көлеміндегі алғашқы партиясын экспортқа шығарып отырған биг-бэгтегі жол битумы – жаңа технологиялар мүмкіндігін жүзеге асырудың ерекше мысалы екендігі айқын. Биг-бэг – сыйымдылығы 1000 кг дейін, өнімді кез-келген температурада тасымалдау мен сақтауға мүмкіндік беретін, бір рет пайдаланылатын арнайы тасымалдау ыдысы. Көршілес Қытай еліне өнім осы әдіспен экпортталған.
«Caspi Bitum БК» серіктестігі директорының орынбасары Сәкен Өтелбаевтың атап өтуінше, қытайлық компаниямен әріптестіктің нәтижесінде жоғары сапалы өнімді тек Орталық Азия елдеріне ғана емес, Қытайға да экспорттау мүмкіндігі туды. Ағымдағы жылы жол битумының 65 тоннасы алғаш рет Өзбекстанға экспортқа жіберілген-ді.
Битум өндіру мен жүзеге асырудың осы және өзге де мәселелері жуырда Ақтау қаласында алғашқы рет өткен ғылыми-техникалық конференцияда талқыланған еді. Битум өндірушілер конференциясына салалық министрліктен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «Қазақстан ғылыми-техникалық жол институты» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, жергілікті атқарушы органдардан, жоғары оқу орындарынан, отандық өнім шығарушылар мен битум жасаушылардан, сондай-ақ жол-құрылыс компанияларынан 80-ге жуық делегат қатысты. Жиында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов өндіріс ошағының маңыздылығына тоқталды. Ақтау битум зауыты 2013 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі-индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған болатын. Бастапқы іске қосылған кезде 50-60 мың тонна өнім шығарылса, биылғы жыл басынан бері зауыт 230 мың тонна жол битумдарын өндіретін деңгейге жеткен. Аймақ басшысы Ақтау зауытының битумы барлық көрсеткіштерде мемлекеттік стандарттар талабы бойынша жоғары және ең үздік халықаралық үлгілерге сәйкес екенін ерекше атап өтті.
Бүгінгі таңда зауыт өнімдері «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік трассалары, Шымкент – Қызылорда, Астана – Павлодар, Астана – Теміртау, Атырау – Ақтау секілді республикалық маңызы бар көлік жолдарына төсеу үшін кеңінен пайдаланылады.
Конференция барысында, жол құрылыс саласының заманауи талаптарына сай болатын, жоғары сапалы жол битумының өндірілуі және жаңа химиялық қоспаларға деген сұранысты қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар оралған битумның шығарылу мүмкіндігін ескере отырып, жол битумын жылдық өндіріс нысанына көшу шарттары қарастырылды. Буып-түйілген битумды жасау, тиеп жөнелту және тасымалдау процесі жайында пікірлер айтылды.
Жиын соңында Каспий битум зауыты мен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университетінің басшылығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Оның шеңберінде білім ошағының жанында кәсіпорынға мамандар даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастыру, зауыт мамандарын оқу процесіне жұмылдыру, технологиялық старт-аптарды қалыптастыруға мүмкіндік туғызу және мұнай өндіру саласында ғылыми зерттеулерге жағдай жасау жоспарланған.
Ақтау битум зауыты «ҚазМұнайГаз-өңдеу және маркетинг» АҚ «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ еншілес компаниясы» және «CITIC Kazakhstan» ЖШС-нің бірлескен кәсіпорны болып табылады. Ол 2013 жылы Үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жол саласын жоғары сапалы жол битумымен қамтамасыз ету мақсатымен салынған. Қуаттылығы – жылына 1 миллион тонна шикі өңделген мұнайды құрайтын зауытта битумның екі түрі: мұнай тұтқыр битумдары және жол модификацияланған мұнай битумдары өндіріледі. Ағымдағы жылдың 10 айында кәсіпорын 217 132 тонна битум өндірді, бұл Энергетика министрлігі жоспарының 153,88 пайызы, бұл зауыт үшін жақсы өндірістік көрсеткіш болып табылады. Өндіру 644 765 тоннаны, яғни жоспардың 102,34 пайызын құрады.
Жалпы, қазіргі таңда елімізде жол битумын шығаратын 4 негізгі зауыт –«CaspiBitum» БК» ЖШС, «Павлодар мұнай-химиялық зауыты» ЖШС, «Газпромнефть-Битум Қазақстан» ЖШС және «Асфальтобетон 1» ЖШС жұмыс істеп тұр. Барлық зауыттардың ең жоғары жиынтық қуаты – жылына 1,2 млн. тоннаны құрайды. Бұрын өнім ішінара импортталатын болса, соңғы жылдары бұл көлем ішкі нарықтың битумға сұранысын толық қамтамасыз етуде. Ал соңғы үш жылда шетелге шамамен 85 мың тонна битум жөнелтілген.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X