Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Кең даланы жасампаз еңбекке бөлегендер

Төскейді малға толтырған шаруаның, алқапты егінді жайқалтқан диқанның ала жаздай бау-бақшасын баптаған бағбанның ел ырыздығын еселеудегі еңбегі ерен. Жақында Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Онда агроөнеркәсіп кешенінің жетістіктерін паш ететін бейнебаян көрсетіліп, сала үздіктері марапатталды.

Шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов сала ардагерлері мен бүгінгі шаруа адамын кәсіби мерекемен құттықтады. Сондай-ақ Елбасының Жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек деген тапсырмасына орай өңірде жасалып жатқан жұмыстарға, қол жеткен жетістіктерге тоқталды.
– Биыл өңірдің ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 10,4 миллиард теңге бөлінді. Бұл дегеніңіз, 2016 жылғы қаржыға қарағанда 12 пайызға артық. Соңғы бес жылда өңірдің агросаласына 67 миллиард теңге бөлінді. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында мал басы өсуде, жаңа технологияларды пайдаланудың нәтижесінде жоғары өнім алынып, салада алға ілгерілеушілік басым, – деді Арман Кәрімұлы.
Облыста 6087 шаруашылық құрылымы жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімі ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы көрсеткішпен салыстырғанда 18 есеге өсіп, яғни 7 млрд. теңгеден 131 млрд. теңгеге жеткен. Мал шаруашылығы да қарқынды дамуда. 2000 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда ірі қара саны 1,7 есе, қой-ешкі 2,3 есе, жылқы 2,9 есе, құс саны 2,8 есе көбейді. Сонымен қатар мал өнімдерін өңдеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңір диқандары дәнді дақылдардың әр гектарынан орташа есеппен 14,7 центнерден өнім жинап, тәуелсіздік алған 26 жылдың ішінде бірінші рет жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Сонымен қатар алдағы міндеттер де ауқымды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары атап көрсеткендей, жаңа технологиялы өңдеу кәсіпорындары мен қоймалар салу, кооперативтер құру бағытында жұмыстар жалғаса береді.
Салтанатты жиналыста сала үздіктері марапатталды. Жаңақала ауданынан «Айдархан» ЖШС-ның директоры Серікқали Қайырбеков, «БайерКаз» ЖШС-ның аймақтық өкілі Алдаберген Нұғманов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, сала ардагері Абат Есенғалиев, «Жайық-ет» компаниясының бас директоры Темірғали Ескендіров, Зеленов ауданынан «Заман» ЖШС-ның басшысы Абай Жанғалиев, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретден Құтхожин, Тасқала ауданынан «Аюпов» шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Аюпов «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен және бір топ қызметкерлер министрліктің Құрмет граматоларымен, облысы әкімінің түрлі аталымдары бойынша алғысхаттармен марапатталды. Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Анатолий КАН, Зеленов ауданының «Жаңа әлем» шаруа қожалығының басшысы, «Үздік бау-бақша шаруашылығы» аталымының иегері:
– Шаруашылығымыз 2013 жылы құрылған. 50-60 гектарға пияз және өзге де бақша дақылдарын өсіреміз. Өнімдеріміз Оралдағы сауда нүктелеріне және өзге өңірлерге, Ресейдің іргелес облыстарына өткізіледі. Тамшылата суару әдісін қолданып, дақылдардың гибридті сұрыптарын егеміз.

Серікқали ҚАЙЫРБЕКОВ, Жаңақала ауданындағы «Айдархан» ЖШС-ның директоры, «Еңбек ардагері» медалінің иегері:
– 1997 жылы серіктестігіміз құрылды. Зейнеткерлікке шықсақ та, ауыл шаруашылығы саласына жастарды тартып, жұмыс істеудемін. Шаруашылық еділбай қойын өсіреді. Қазір серіктестікте 2,5 мыңдай қой, 300-дей сиыр, 300-ге тарта жылқы бар. Сексен адамды жұмыспен қамтудамыз. Еңбегімізді ескеріп, осындай марапатқа ұсынған аудан, облыс басшылығына алғысым шексіз.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X