Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Қазақстанда балық шаруашылығы мен балық тұтынуды арттыруға не кедергі?

Қазақстанда осыдан 25 жыл бұрын табиғи су қоймаларынан ауланатын балық мөлшері 100 мың тоннаны құраған. Ал қазір, ресми статистикаға сәйкес 45 мың тоннасы ауланады.

Жалпы дүниежүзінде табиғи су қоймаларынан балық аулау мөлшері азайып, табиғи және жасанды су қоймаларында балық өсіру ағымы арта түсуде. Оған табиғи су қоймаларындағы балық ресурсының шектеулілігі басты себеп болып отыр.
«Қаз-Аква 2017» III халықаралық балық өсіру және балық өңдеу шаруашылығы форумында ортаға салынған мәліметке сәйкес, 2014 жылы табиғи және жасанды су қоймаларында 73,8 млн. тонна балық өсірілген. Бұл 160,2 млрд. АҚШ долларын құрайды. Қытайда 2014 жылы 45,5 млн. тонна немесе бүкіл дүниежүзілік көрсеткіштің 60 пайызынан астамы шамасында балық өсірілген.
Қазақстанда ең жоғарғы балық өсіру мөлшері 10 мың тоннаны құрайды. Ал 2016 жылы елімізде 1878 тонна балық өсірілген.
«Өзбекстанда 2016 жылы ресми статистикаға сәйкес 75 мың тонна балық өсірілген. Ірі су қоймалары жоқ бұл мемлекет бізден 30 есе артық өнім алып отыр. Бұл – ресурс болмаған жағдайда, оны қолдан жасау қажеттігіне нақты мысал. Өзбекстанда балық аулау, балық шаруашылығы, жалпы балықшылық ешқашан қуатты сала болған емес, солай бола тұра, қажетті ресурсты қолдан өсіру дами түсуде», – дейді ТОО «Аква Альянс» ЖШС директорының орынбасары Серік Темірханов.
«Қазақ балық шаруашылығы» балықшылар мен балық шаруашылығы субъектілері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы» Заңды тұлғалар бірлестігі басқармаларының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцевтің пікірінше, «балық шаруашылығы Қазақстан экономикасының ең кенжелеп қалған салаларының бірі болып отыр. Саланың инфрақұрылымы елімізде негізінен қалыптасқан, бірақ ол дамыта түсуді талап етуде».
Қазақстан нарығында балық және балық өнімдері мүлдем мардымсыз. Бар өнімдер көбінесе шетелдерден жеткізіледі. Сауда орталықтарынан тіпті Вьетнамда өсірілген пангасиус балығын да табасыз. Осынау кедей мемлекет аталған балық түрімен соңғы жылдары дүниежүзін жаулап алды деуге болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауына сәйкес, жан басына шаққанда жылына 14 келі балық тұтыну қажет болса, Қазақстанда бұл сан небәрі 3-5 келіге әрең жетеді. Ал әлемнің дамыған елдеріне келсек, мәселен, еуропалықтар жылына 21 келі, АҚШ пен Канадада – 24 келі, Жапонияда – 60 келі балық тұтынады, әлемдік орташа көрсеткіш – жылына 19 келі болып табылады.
Қазақстанның бас аспазшылары қауымдастығының мәліметінше, тек бір ғана Алматыда 2017 жылдың қаңтар айындағы мәліметке сәйкес 3424 мейрамхана жұмыс істейді. Астанада – 1875, Шымкентте – 1552 мейрамхана бар. Осы орындардың біразында жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес, сатылатын өнімдердің небәрі 1-2 пайызы ғана – балық өнімдері. Демек, қазақстандықтардың денсаулыққа аса қажетті бұл өнімді тұтыну мәдениеті тым төмен деуге болады.
Сол себепті мемлекет тарапынан экономикалық даму басымдықтарының біріне балық шаруашылығын да жатқызуға мүмкіндік тудыратын нормативтік-реттеу құжаттарының жасалуын күтіп отырмыз, дейді сала сарапшылары.
«Мемлекеттік қолдау бағдарламасына сәйкес балыққа арналған құрама жемге және 2017 жылдан бастап балық өсіру материалдарына субсидия қарастырылған. Бұл – қуанарлық жайт, дей тұрғанмен, тым мардымсыз. Бизнестің мүддесі жайлы біздің өзімізге ойлануға тура келіп отыр. Қандай да бір саланы үздіксіз қолдап отыруға, субсидиялармен жарылқап, тоқтаусыз іс-шаралар ойластыруға болсадағы, егер бизнес үшін қызығушылық немесе мүдделілік жоқ жерде мұндай сала ешқашан алға жүрмейді», – дейді «Рыбпром» ЖШС құрылтайшысы Сұңғат Батырбеков.
Ол Қазақстанда балық өнімдерінің өз брендін қалыптастыратын уақыт жетті деген пікірде.

Жанбота ТӨЛЕГЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X