Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

АҚШ мемлекеттік басқару жүйесі: Жауапты билік

Бұл тақырыпқа қатысты мейлінше мол мәліметтерді АҚШ елшілігі түрлі елдерде танымалдық құрал ретінде ұсынатын Portrait of the USA атты кітаптан табуға болады. Оның A Responsive Government деп аталатын төртінші тарауының ағылшын тілінен аударылған нұсқасын оқырмандардың назарына ұсынамыз.

Бастапқыдағы американдықтардың тұрмыс салты демократияға қолдау жасады. Колонистер орман мен жабайы табиғи орта жерінде тұрып жатты. Баспана тұрғызу, өздерін азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін және жердің бетін фермалар мен үйлер жайғастыру мақсатында тазарту үшін олар бірігіп жұмыс істеуге тиіс болды. Осындай ынтымақтастықтың қажеттігі Жаңа Дүниеде адамдар теңдік негізінде өмір сүруге тиісті және ешкімнің жеке-бөлек артықшылықтары болмауы керек деген сенімді күшейтті.
Теңдікке деген талпыныс бастапқы 13 колонияның метрополиямен, яғни Англиямен қарым-қатынасына өз әсерін тигізді. Тәуелсіздік Декларациясы 1776 жылы барлық адамдар тең болып туған, барлығының «Өмірге, Еркіндікке және Бақытты Іздеуге» құқығы бар деп жариялады.
Тәуелсіздік Декларациясы және одан кейін Конституция демократиялық республиканың концепциясын жасау мақсатында Американың колониалдық тәжірибесін ағылшын Джон Локк сияқты философтардың саяси ой-пікірімен қабаттастырды. Үкімет билікті халықтың өзінен алатын және оны өзінің сайлаулы өкілдері арқылы жүргізетін болды. Революциялық Соғыс кезінде Англияның алдына біріккен майдан шығару үшін колониялар ұлттық конгресс құрды. Конфедерация Кодексі деген атпен белгілі келісімшарт бойынша, соғыстан кейінгі конгреске тек жеке штаттар мүмкіндіктерінен тыс жатқан мәселелермен ғана айналысуға рұқсат берілген болатын.

Конституция

Конфедерация Кодексі Америка Құрама Штаттарын басқаруды реттеуші құжат ретінде сәтсіз болып шықты, өйткені штаттар күткендегідей ынтымақтастық танытпады. Ұлттық армияға жалақы төлеуге және Францияға соғыс барысында алынған қарызды қайтаруға келгенде, бірқатар штаттар өз үлестерін қосудан бас тартып шықты. Осындай осалдықтан арылу үшін конгресс конвенция шақырып, оған әр штаттың өз делегатын жіберуін сұрады. Конституциялық Конвенция деп аталған осы жиын 1787 жылдың мамыр айында Филадельфияда бас қосты. Оған Джордж Вашингтон төрағалық етті.
Делегаттар қуатты орталық үкіметті қалаушылар мен оны қаламайтындар арасындағы арақатынасты біржақты етті. Нәтижесінде дүниеге келген бас жоба немесе Конституция биліктің бірқатар түрлерін ұлттық немесе федералдық басшылыққа беріп, екінші біреулерін штаттардың еншісіне қалдыратын жүйе қалыптастырды. Конституция ұлттық басшылықты үш бөлікке немесе тармаққа бөліп тастады: заң шығарушы (Өкілдер палатасы мен Сенаттан тұратын Конгресс) билік, (президент басқаратын) атқарушы билік және заңның орындалуын бақылаушы билік (федералдық соттар). «Биліктердің бөлінуі» деп аталған осы бөлініс әрбір тармаққа белгілі бір міндеттер жүктеп, оның басқа тармақтардан айтарлықтай дәрежеде тәуелсіз болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ол әрбір билік тармағына «тексерістер мен баланстар» жүйесі арқылы басқа тармақтардың үстінен қарауға құзыр береді.
Тексерістер мен баланстардың қалай жұмыс істейтінін мына бір азын-аулақ мысалдардан көруге болады:
Егер Конгресс ұсынылған заңды немесе «бильді» қабылдап, президент бұны құптамаса, ол осы құжатқа вето қоя алады. Ал бұл Өкілдер палатасының да, Сенаттың да үштен екісі биль президенттің ветосына қарамастан күшіне енсін деп дауыс бергенше, ол пайдалануға жарамсыз болып қала береді деген сөз.
Егер Конгресс қабылдап, президент қол қойған заң турасында федералдық соттар бұл Конституцияға қайшы деген пікірге келсе, олар осы құжаттың заңдық күшін жоя алады (федералдық соттар консультативтік немесе теоретикалық тұжырымдар шығара алмайды; олардың юрисдикциясы нақты талқылаулармен шектеледі.)
Президенттің басқа елдермен келісімшарттар жасауға және федералдық лауазым орындарына, оның ішінде сот құрамдарына да адамдар тағайындауға құзыры бар. Бірақ Сенат барлық келісімшарттарды бекітуге және тағайындауларды құптауға тиіс, тек содан кейін барып олар заңды деп саналады.
Кейінгі кезде бірқатар бақылаушылар өздері үш жақты басқару жүйесінің осалдығы ретінде қарастыратын нәрсені ашып айқындады: тексерістер мен баланстарға қарай тым көп жылжу үрдісі басқару жүйесінің стазис немесе «көшеге сыймай кептеліп қалған автомашиналар қозғалысы» күйіне түсуіне әкеліп соқтырады.

Құқықтар Билі

1787 жылы Филадельфияда жазылған Конституция АҚШ-тың 13 штатының кем дегенде 9-ында азаматтардың көпшілігі тарапынан құпталмайынша заңды күшіне ене алмайтын болды. Осы ратификация процесі барысында қауіптену көбейді. Көптеген азаматтар қобалжулы болды, өйткені құжат жеке адамдар құқықтарын нақты түрде кепілдендіру тұрғысынан алғанда көңіл толарлықтай болмады. Қаланған жазу тілі Құқықтар Билі деген жалпылама атпен белгілі 10 Түзету кейпінде Конституцияға қосымша енгізілді.
Құқықтар Билі американдықтарға сөз, дін және баспасөз еркіндігін кепілдендіреді. Олардың қоғамдық жерлерде жиналуға, басшылық әрекеттеріне қарсы наразылық білдіруге және өзгерісті талап етуге құқығы бар. Отты қаруды меншіктенуге құқық берілген. Құқықтар Билінің арқасында полиция қызметкерлері де, солдаттар да салмақты бір себепсіз адамды тоқтата және тінте алмайды. Құқықтар Билі қылмыс бойынша айыпталған қандай да болмасын адамның ісінің тез арада сотта қаралатынына кепілдік береді. Тиісті сұрау болған жағдайда іс сотта қоғамдық өкілдер алқасы тарапынан қаралуға тиіс және де айыпталушы адамға өз атынан сөйлету мақсатында заңгердің (адвокаттың) көмегіне жүгінуге және оны қорғай сөйлейтін айғақтарды шақыруға рұқсат етіледі. Қатал және шамадан тыс жазаға тиым салынған. Қосымша ретінде енгізілген Құқықтар Билімен бірге Конституция 13 штаттың барлығы тарапынан құпталып, 1789 жылы күшіне енді.
Содан бері Конституцияға тағы да 17 түзету енгізілді. Оның ішіндегі ең маңыздылары құлдықтың заңды күшін жойған және азаматтардың барлығының заңдар тарапынан бірдей қорғалуын кепілдендіретін Он Үшінші және Он Төртінші, сондай-ақ әйелдерге сайлау құқығын беретін Он Тоғызыншы өзгертулер болар.
Конституцияға түзету енгізудің екі жолы бар. Оның бірін, болмаса екіншісін пайдалануға болады. Өкілдер палатасы мен Сенат екеуінің де мүшелерінің үштен екісі құптап дауыс беруі қамтамасыз етілген түзетуді Конгресс ұсына алады. Немесе штаттардың үштен екісінің заң шығарушы органдары өзгертулер ұсыну мақсатында конвенция шақыра алады (бұл екінші әдіс ешқашанда пайдаланылған емес.) Осы екі жағдайда да ұсынылған түзетулер штаттардың үштен төрті тарабынан құпталмай күшіне енбейді.

Заң шығарушы тармақ

Заң шығарушы тармақ – Конгресс – 50 штаттың әрқайсысынан сайланған өкілдерден құралады. Бұл – АҚШ өкіметі құрамындағы заң шығара алатын, салық сала алатын, соғыс жариялай алатын және шетелмен жасалған келісімшарттарды күшіне енгізе алатын бірден-бір тармақ.
Өкілдер палатасы мүшелері екі жылдық мерзімге сайланады. Әрбір мүше өзі шыққан штаттағы бір округтың өкілі болып табылады. Округтардың саны халық санағы нәтижелері бойынша айқындалады. Ондай санақ он жылда бір рет жүргізіледі. Халқы ең көп штаттарға халқы азырақ штаттарға қарағанда көбірек өкілдер ұстауға мүмкіндік берілген. Халқы аз штаттардың кейбіреулерінің тек бір ғана өкілі болады. Жалпы бұл палатада 435 өкіл бар.
Сенаторлар алты жылдық мерзімге сайланады. Әрбір штаттың халқының санына қарамастан, екі сенаторы болады. Сенаторлардың мерзімдері әрбір екі жыл сайын Сенат құрамының үштен бірі сайлауға түсіп тұратындай қылып реттелген. Барлығы 100 сенатор бар.
Жоба заңға айналардан бұрын Өкілдер палатасы мен Сенат екеуінің екеуінен де өтуге тиіс. Жобамен қос палатаның екеуі де танысқан соң, оның мазмұны бір немесе бірнеше комитеттер тарапынан зерттеледі, түзетулермен толықтырылады, комитетте дауысқа салынып шығарылады және сосын төменгі не жоғарғы палатада талқыланады. Біреуінен өтсе, екіншісіне қаралуға жіберіледі. Жоба түрлі күйде Өкілдер палатасы мен Сенаттан өткенде, бұл екеуінің мүшелері айырмашылықтарды бір ретке келтіру мақсатында «пленарлық комитетке» жиналады. Конгресс мүшелерін жобаны жақтап не жобаға қарсы дауыс беруге үгіттеуге талпынатын топтар «лоббилер» деп аталады. Олардың заң шығару процесінің кез келген дерлік кезеңінде өз әсерін тигізуге талпынуына болады. Заң жобасының бірдей күйге келтірілген версиясы қос палатадан да өткен соң, ол президенттің қарап құптауына жіберіледі.

Атқарушы тармақ

Америка Құрама Штаттарының атқарушы билігінің басшысы – вице-президентпен бірге төрт жылдық мерзімге сайланатын президент. 1951 жылы күшіне енген конституциялық түзетудің нәтижесі бойынша президент тек екі-ақ мерзімге ғана сайлана алады. Президент қайтыс болған немесе қызметін атқаруға мұршасыз болып қалған жағдайда оның орнын басқаннан басқа вице-президенттің жалғыз ресми міндеті – Сенатқа төрағалық ету. Вице-президент Сенатта бір мәселе бойынша жақтап және қарсы дауыс бергендердің саны тең болып шыққанда ғана өз дауысын пайдалана алады.
Президенттің құзырлары ғаламат ауқымды, бірақ шексіз емес. Ұлттық саясаттың басты қалыптастырушысы ретінде президент Конгреске заң жобаларын ұсынады. Алдында айтылғандай, президент Конгрестен өткен кез келген заң жобасына вето қоя алады. Президент қарулы күштердің бас қолбасшысы болып табылады. Президенттің тиісті бос орындар пайда болғанда федералдық судьяларды, оның ішінде Жоғарғы Сот мүшелерін тағайындауға құзыры бар. Бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға дайын мүмкіндігі бар саяси партияның басшысы ретінде президент қоғамдық пікірге оңай әсер ете алады.
Атқарушы тармақ ауқымында президенттің үкіметтік департаменттер мен агенттіктердің жұмысын жүргізетін ережелер мен директивалар шығаруға кең көлемді құзырлары бар. Президент осы департаменттер мен агенттіктердің басшылары мен жоғарғы дәрежелі қызметкерлерін тағайындайды. «Хатшылар» деп аталатын басты департаменттердің басшылары президенттің кабинетін құрайды. Алайда федералдық қызметкерлердің көпшілігі жұмысқа саяси негізде емес, жеке қабілеті негізінде таңдап алынады.

Заңның орындалуын  бақылаушы билік

Заңның орындалуын бақылаушы билікті АҚШ Жоғарғы Соты басқарады. Ол Конституция тарапынан арнайы жасалған бірден-бір сот болып табылады. Оның үстіне Конгресс 13 федералдық апелляция сотын құрған және де бұлардан кейінгі деңгейде 95-ке жуық федералдық округтық сот бар. Жоғарғы Сот Вашингтонда жиналады, ал қалған федералдық соттар Америка Құрама Штаттарының жер-жерлеріндегі қалаларда орналасқан. Тағайындалған федералдық судьялар міндеттерін өмір бойы немесе өз еркімен кеткенше атқарады. Олардың орнынан алынуы тек қана машақаты көп импичмент процесі және ісін Конгресте қарау арқылы ғана мүмкін болады.
Федералдық соттар Конституциядан және федералдық заңдар мен келісімшарттадан туындайтын істерді, теңіз құқығына қатысты істерді, шетел азаматтары мен үкіметтерінің араласы бар істерді және де федералдық басшылықтың өзі бір тарап ретінде қатысатын істерді қарайды.
Жоғарғы Сот бас судьядан және сегіз мүше ретіндегі судьядан құралады. Әшейіндегі практикадан тыс аз-маз жәйттерді есептемегенде, істер жалпы аплелляция бойынша төменгі дәрежелі федералдық және штаттық соттардан келеді. Бұл істердің көпшілігі атқарушы билік тарапынан істелген әрекеттердің және де Конгресс пен штаттар қабылдаған заңдардың интерпретациясы мен конституцияға қаншалықты сай екендігі туралы айтыстарға қатысты болады. (Федералдық заңдар сияқты штаттарда қабылданатын заңдар Конституциямен үйлесетін болуға тиісті.)

Соңғы инстанция соты

Үш тармақ өзара тең деп айтылғанмен, көптеген жағдайда даулы мәселе бойынша соңғы сөзді айту Жоғарғы Соттың еншісіне тиеді. Соттардың қандай да болмасын бір заңды Конституцияға сай емес деп шешуі мүмкін. Олай болған жағдайда бұл заң күшін жояды. Бұндай шешімдер апелляция негізінде Жоғарғы Сотта дауланады. Сондықтан ол Конституцияға қатысты мәселенің ақырғы билігін айтатын инстанция болып табылады. Газеттер жалпы маңызды істер бойынша Жоғарғы Сот мүшелерінің пікірлерінен үзінділер басады және де сосын Сот шешімдері көптеген жағдайларда қоғамдық талқылаудың тақырыбына айналады. Оның орын алу реті мынадай: шешімдердің көптен келе жатқан даулы мәселелерді реттеуі мүмкін оның сол бойғы нәтижелерден әлдеқайда әрі кететін қоғамдық әсерлер туғызатын болуы мүмкін. Екі өзара байланысты атышулы мысал – «Плесси Фергюсонға қарсы» (1896 ж.) және «Браун Топека қаласының оқу-ағарту кеңесіне қарсы» (1954 ж.) істері.
«Плесси» ісінде талқыланған «Қара нәсілділерге ақ нәсілділердікінен бөлек теміржол вагондарына мініп жүру туралы талап қоюға бола ма?» деген мәселе болды. Сот оның бар практиканы қолдайтын базасы ретінде «бөлек, бірақ тең» деген доктрина жария етті. Бұл іс жан-жаққа Соттың Он Үшінші мен Он Төртінші түзетулерге тар көлемде интерпретация беретіні туралы және де сондықтан қара нәсілділер мен ақ нәсілділерді түрліше қарастыратын кеңінен тараған заңдар мен дәстүр жүйесіне кесел болмайтыны туралы сигнал таратты. Бір ғана Джон Маршалл Харлан деген судья «Конституция түсті айыра алмайтын болып, дальтонизмге ұшыраған» деп, бұл шешімді қолдаудан бас тартып шықты.
60 жылдай уақыт өткен соң, Сот өз пікірін өзгертті. «Браун» ісінде Сот анайы бөлектенген жалпыға бірдей ортақ мектептер Он Төртінші түзетудің қорғау теңдігі туралы талабын бұзады деген тұжырым жасады. Сот «Плесси» ісіне қатысты өз шешімінің күшін тікелей жоймағанмен, Харлан судьяның Конституция турасындағы көзқарасы ақталды. 1954 жылғы Сот үкімі тікелей тек Топека қаласындағы (Канзас штаты) мектептерге қатысты ғана қолданылды, бірақ ол жария еткен қағида ел ішіндегі барлық жалпыға бірдей ортақ мектепке жетті. Оның үстіне бұл іс барлық үкіметтік талпыныстардағы сегрегацияның тамырын қиды және ұлтты барлық азаматтарға бірдей қараудың жаңа жолына қойды.
«Браун» шешімі бірқатар азаматтардың ішінде, оның ішінде, әсіресе, Оңтүстікдегі адамдар арасында үрей туғызды. Бірақ жүре келе ол ел заңы ретінде танылып, қабылданды.
Жоғарғы Соттың басқа қарама-қайшылықты шешімдері қабылдаудың осыншама деңгейінде өткізілген жоқ. 1962 жыл мен 1986 жыл аралығындағы қаралған бірқатар істер бойынша, мәселен, Жоғарғы Сот жалпыға бірдей оқу орындарында оқушылардан дұға оқуды және дұғаны тыңдауды талап ету Конституцияның дінді орнықтыруға салатын тиымына қарсы келеді деп шешті. Бұл шешімдерді сынаушылар жалпыға бірдей мектептерде дұғаның болмауы американдық ар-ожданның тоқырауына себепші болады деп сенеді; олар дұғаны мектептерде Конституцияны бұзбай қайта орнықтырудың жолдарын табуға талпынып көрді.
«Роу Уэйдке қарсы» ісінде Жоғарғы Сот әйелдердің белгілі бір жағдайларда аборт жасатуға құқығы бар екенін кепілдендірді – бұл шешім әлі де болса аборт ісіне тірі жанды өлтіру ретінде қарайтын американдықтардың намысын қоздыруын қойған жоқ. «Роу Уэйдке қарсы» ісіне қатысты шешім Конституцияның интерпретациясы негізінде қабылданғандықтан, оппоненттер оның күшін Конституцияға түзету енгізу арқылы жоюға талпынумен болды.

Саяси партиялар және  Сайлаулар

Американдықтар сайлауларда дауыс беру және саяси партиялар мен сайлау кампанияларына қатысу арқылы өздерінің демократиялық құқықтарын іске жаратады. Бүгінде Америка Құрама Штаттарында екі басты саяси партия бар – бұл Демократиялық партия және Республикалық партия.
Демократиялық партия 1800 жылдан бұрын құрылған Томас Джефферсонның партиясынан дамып өсіп шықты. Республикалық партияның негізін 1850 жылдары Авраам Линкольн мен құлдықтың сол кезде Одаққа қабылданған жаңа штаттарға тарауына қарсы шыққан басқа да адамдар қалады.
Демократиялық партия либералдық бағытқа көбірек көбірек жақын партия, ал Республикалық партия консервативтік бағытқа көбірек жақын партия деп есептеледі. Демократтар жалпы үкімет әлеуметтік және экономикалық бағдарламаларды соларға мұқтаж адамдар үшін дайындап ұсыну жауапкершілігін мойнына алуға тиіс деп есептейді. Республикашылдар бұндай бағдарламаларға міндетті түрде қарсы бола бермейді, бірақ олар салық төлеушілер үшін тым шығынды деп санайды. Күшті жекеменшік секторы азаматтардың үкіметке тәуелділігін азайтады деген сенім негізінде республикашылдар жекеменшік кәсіпорындарын қолдап, оларға дем беруге көбірек көңіл бөледі.
Басты екі партияның екеуінің де сан-алуан түрлі американдықтардың арасында қолдаушылары бар және де оның екеуі де саяси көзқарастардың кең көлемдегі түр-түрін қамтиды. Бірақ партияның мүшелері және тіпті ресми орынға сайланған өкілдері кез келген мәселе бойынша бір-бірімен міндетті түрде келісе бермейді. Американдықтар дауыс беру үшін немесе мемлекеттік қызмет орнына кандидат болу үшін қандай да болмасын бір саяси партияға қосылуға міндетті емес, бірақ ондай орын үшін әлгіндей партия қамтамасыз ете алатын ақшасыз және кампаниялық қолдауды жүзеге асырушы жұмыскерлерсіз сайысқа түсу қиын болады.
Шағын саяси партиялар – олар жалпы «үшінші партиялар» ретінде қарастырылады – Америка Құрама Штаттарында кейде-кейде құрылып жатады, бірақ олардың кандидаттары ресми қызмет орнына сирек сайланады. Дегенмен, шағын партиялардың сайлаушыларды алаңдататын, бірақ саяси диалог барысында ескерілмей қалған қандай да болмасын бір сұраққа назар аудару үшін қызмет етуі жиі болады. Осылай болғаннан кейін басты партиялардың бірі немесе екеуі де осы мәселеге ден қояды да, сонан соң үшінші партия ғайып болып кетеді.
Ұлттық деңгейде сайлаулар әрбір екі жыл сайын, жұп жылы барысындағы қараша айының бірінші дүйсенбісінен кейінгі бірінші сейсенбіде өткізіліп тұрады. Штаттық және жергілікті деңгейдегі сайлаулар ұлттық сайлаулармен жиі қатар келеді, бірақ олар сонымен қатар басқа жылдарда өткізіледі және олардың жылдың басқа мезгілдерінде де орын алуы мүмкін.
Американдықтар саяси процеске қаншалықты көп немесе қаншалықты аз қатысарын өз бетінше айқындауға ерікті. Көптеген азаматтар бұған белгілі бір кандидатқа өз еркімен көмектесу, арнайы бір істі алға жылжыту немесе өзі бір орын үшін сайлауға түсу негізінде белсенді түрде араласады. Басқалары демократиялық жүйені бетімен жайбарақат жұмыс істетіп қойып және құқықтарының қорғалатынына сенімді болып, өздерінің саяси процеске араласуын сайлау күні дауыс берумен шектейді.

Ағылшын тілінен аударған
Аққали КӨПТІЛЕУОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X