Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Мектебім – ғасыр белесінде

Мектеп қабырғасында санаға сіңірілген білімнің негізі адамның еңбек жолында өмір бойы азық болады екен. Тек қана оқу процесі ғана емес, сол жылдардағы ұстаздардың ұлағаты, әрбір сөйлеген салиқалы сөзімен, сабырлы жүріс-тұрысымен, көркем мінезімен, әрбір ісімен, алдындағы мектеп партасында отырған бүлдіршіннің намысын оятып, жігерін жанып, білуге, үйренуге ізденуге деген ұмтылысын, құлшынысын қалыптастырудың қаншалықты маңызды екенін еңбек жолындағы кедергілер мен қиындықтарды игеру кезінде ұғынады екенсің. Мектептегі жылдар, оқушылық кезең жылдар өткенен кейін соншалықты ыстық болып, өзіне тартып тұратындығы да сондықтан шығар.

Жақында рухани жаңғыру аясында Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық ауылындағы Жұмабай Мырзағалиев атындағы орта мектептің негізі қаланып, білім саласында қызмет еткеніне 100 жыл толуы, яғни ғасыр тойы «Мектебім – ғасыр белесінде» тақырыбымен аталып өтті. Білім ордасының ғасырлық жасы осы ұжымда еңбек еткен барша ардагер ұстаздар үшін өткен тарихқа рухани жаңғыру белесінен үңілу, осы меткепті әр жылдары бітірген сан мыңдаған түлектер үшін сағыныш тойы,қазіргі таңда осы мектептің партасында отырып білім алып жатқан мыңға жуық оқушылар мен ұжым мүшелері үшін жетістіктерін саралап, алдағы асуларды межелеу сипатында болды.
Жұмабай Мырзағалиев атамыз осы мектептің негізін қалаушылардың бірі. 1951-53 жылдары мектеп директоры болып еңбек еткен. Басшылықта азғана жыл болса да, ұстаздық еңбек жолын 1934 жылдары бастап, сонау оқу-білімге ынтызарлық зор уақытта, жайсыздықтар мен жетіспеушілктерге қарамастан ұйымдастырушылық жұмыстарда көшбасшылық жасап, 1936 жылы Бабан ауылдық кеңесінің «Артығалы» елді мекенінде Бабан орталау мектебінің, 1950 жылы Тұщықұдық елді мекенінде М.Горький атындағы орта мектептің ғимаратын тұрғызуға басшылық еткен. Құм өңіріндегі тұңғыш ресми түрде ашылған мектеп болып саналатын, негізі 1917 жылғы қарашада Бегайдар елді мекенінде қаланған, кейін өмір өзгерістеріне байланысты Бегайдар бірыңғай бастауыш мектебі, Бегайдар бірыңғай еңбек мектебі, 1939 жылдан М.Горький атындағы орталау мектеп, 1944 жылдан 7 жылдық мектеп, 1947 жылдан орта мектеп статусын иеленген. 1957 жылы бірнеше ұсақ шаруашылықтар біріктіріліп, Чапаев Атындағы кеңшар құрылғанда, Чапаев атындағы жетіжылдық мектеп пен Есіркеп елді мекеніндегі Папанин атындағы мектептер біріктіріліп, М.Горький атындағы орта мектеп болып аталады. Сол небір қиын-қыстау замандарда мектептің жатақхана меңгерушісі болып қызмет атқарған Ж.Мырзағалиев ұйытқы болуымен саман тастан оқу және жатақхана ғиараттары тұрғызылған. Нарын құмының төрінде Бегайдар учаскесінде негізі қаланып, кейін орыс жазушысы М.Горькийдің есімін иеленген бұл мектепке, мектептің жабылып қалмай, қызметін жалғастыруына, негізін сақтап қалуына көп еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз Ж.Мырзағалиев есімі еліміз егемендік алғаннан кейін 1992 жылы берілген болатын. Осылайша өңіріміздің асылдары ардақталып, олардың есімі ел есінде мәңгі сақталып келеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттердің бірі де «өткенді білмей, болашақ жоқ» деген, арғы-бергі тарихымызды түгендеп, ел үшін еңбек еткен ерлеріміздің ерен еңбек дәстүрін жас ұрпақтың бойына сіңіру болатын. Бұл той бүгінде мектеп партасында отырған бүлдіршіндердің өзінің 100 жылдық тарихы бар мектепте білім нәрімен сусындап, тәлім алып, ілімді игеріп жатқандығын біліп, түсініп, түйсінуі, сезінуі үшін де, зұлмат жылдарда, өмірдің ащы-тұщысын тата жүріп, қиындыққа мойымай ерен еңбегімен танылған ардагер ұстаздардың есімін жаңғыртып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, өтпелі кезеңнің өзіндік өзекті проблемаларымен күресе жүріп білім берген мұғалімдер қауымына құрмет көрсету, олардың есімін елге таныту, кейінгі ұрпаққа насихаттау үшін де қажет еді.
1986 жылы заманауи үлгідегі жаңа жобамен салынған үш қатарлы еңселі ғимаратқа көшіріліген Ж.Мырзағалиев мектебі 2015 жылдан бастап республика бойынша 30 мектептің, облыс бойынша 2 мектептің бірі болып, еліміздегі жаңартылған білім мазмұнын апробациядан өткізетін пилоттық мектеп болып белгіленіп, табысты еңбек етуде. Білім беру жүйесі де Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен тығыз іскерлік байланыста дамып келеді.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демеуші ме еді қазағым. Міне, бір айдан астам уақыт бойы болады деп дайындалып жүрген мектебіміздің 100 жылдық ғасыр тойы да өте шықты. Ұғар құлаққа терең тарих айтылды, түйсігі барға танымды, тағылымды шара болды. Әсіресе, 1952 жылдан басталған әр жылдың түлектері мен ардагер ұстаздар бір-бірімен қауышып, амандасып, бірі танып, бірі танымай мәре-сәре болды. Өздерін елеусіз қалғандай сезініп жүрген көптеген ардагер ұстаздар үшін құрмет көрсетілді, мерейтойлық төсбелгі табыс етілді. Үздіктер ұлығыланды. Өңірімізге алтындатып белгі тағып, сахна төріне атымызды атап шақырып, ардақтады. Ризамыз. Ұйымдастыру жоғары деңгейде. «Жұдырықтай жұмылып» қызмет етіп жүрген ұжым мүшелерінің бірлігі көрінді. Үлкен ұжымды «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығартып, ұйытып ұстап отырған мектеп директоры Тәбила Игібайқызының игі ісі, басшылық біліктілігі байқалды.
100 жылдықтың басы-қасында жасалған жұмыстар өте көп. Оның бәрі бұл жерге сыймайды. Тек қана мектеп спорт залында орналастырылған «100 жылдыққа 100 үздік шара» айлығының қорытындысынан көрме таныстырылымы, оны бар ынтасымен, көркемсөз оқығандай мәнерлеп, тыңдаушыға жеткізіп, ақпарат беруші оқушылардың өзі бір бөлек әлем. Мен жақындаған ИФМ (информатика, физика,математика) бірлестігінің жұмысы тұсында сол жерден тыңдамай өту мүмкін болмады. «100 гүл сыйлау», «100 кітап сыйлау» т.б. толып жатыр. Еңбастысы айтушы оқушы балаға таң қаласың, тура сол бірлестіктің басшысы немесе жауапты маманы айтып тұрғандай, әр сөзі салмақты, әр сөзі Сізді жетелеп, жіберетін емес. Тамаша. Мұражайда қанша мағлұмат жинақталған. Деректі фильмде қанашама тарих қозғалған. Тойға жиналған көпшілік мұражайды аралап, мұражай қызметкерлерінің деректі ақпараттары мен мектептің спорт залында орналасқан «100 жылдыққа 100 үздік шара» айлығының қорытынды көрмесімен танысып шыққанда, мектептің осынау жылдар аралығындағы барша тағылымды тарихына куә болып, мектептің кешегісі мен бүгінін, онда қызмет еткен адамдардың еңбек жолдарынан терең мағлұмат алып, ешқандай арнайы баяндамасыз, мол мәліметтермен қанығып шықты.
Бұдан кейін ауылдың Мәдениет үйіндегі басқосуда мектептің «түп тұқияннан бүгінге дейінгі жүріп өткен соқпақтары хатталған» деректі фильм тамашаланып, аудан әкімінің орынбасары Б.Мырзағалиевтің, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының өкілінің, мектептің әр жылғы түлектері П.Хұсынов, С.Ибраимов, М.Меңкешов, Ж.Мырзағалиев атамыздың ұрпақтары атынан күйеу баласы, облысқа белгілі журналист Әлібек Қайыров сөз алып, естеліктерімен бөлісті.
Әр жылдардағы мектеп түлектерінің түрлі салада айтарлықтай жетістіктерге жетіп, мектептің атын шығарып жүрген өкілдері – «құрметті түлектер» сахна төріне шақырылды. Олардан кейін әр жылдары «өте жақсы оқуымен дараланған «Алтын», «Күміс» медаль иелері мен Ерекше аттестат алған Үздіктер шеруі сахнаға көтерілді. Олардың арасында осы мақаланың авторы, Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің 1982 жылғы түлегі, «Алтын медаль» иегері мен де болдым.
«Қызмет еткен ұжымым, жастық шағым өткен, еңбек жолын алғаш бастаған жерім деп, не болмаса қиын жылдарда осы мектепте бала оқытып, жұмыс жасап едік, бүгінгі шәкірттеріміз қандай болды екен?» – деп ұжымның шақыруын қабыл алып, қалбалақтап келіп отырған қарттарымыз, ардагер ұстаздарымызға құрмет көрсетілді. Олардың өңіріне 100 жылдыққа арнайы дайындалған мерейтойлық мерекелік медаль тағылды.
Ал, мектеп атын иеленген Жұмабай атаның ұрпақтары қаншама келген. Оған да ризашылығымыз зор. Айдаладағы бір ауыл мектебі деп, 1-2 ағайынын жіберіп отырған жоқ, 20-ға жуық ағайындары, Сара және Света атты туған қыздары бас болып келді. Атаның шөбересі, Испания аспанын ұшқыш болып шарлап жүрген Әлтайырдың орындаған әсерлі күйлері айрықша есте қалды.
Мектеп түлектерінің дайындаған сазды бағдарламасы өз алдына бір мереке, демалыс болды. Мақсым ағаның шақыруды алғаннан кейінгі, балалық шағы, оқушылық өмірі еске оралып, ұстаздарына деген сағыныштан, тебіреністен, толқыныстан туындаған әдемі әсерлі әні, оны өзінің орындауы, Республикалық байқаулардың жүлдегері болып жүрген Шәрипа Жаменованың (Даулетиярова) күмбірлеген күйі, өнерлі отбасынан шыққан болашағынан зор үміт күттіретін биші Сәттібектің «Балбырауын» биіне қойылған ерекше композициясы қандай! Қамажайдың бишілерін күнде көріп жүрсек те бүгін ерекше әсерде болдым. Алыстан келгендердің алдында мақтаныш сезімі биледі. Бар әсерімді айтып жеткізу мүмкін емес, көру, ішінде болу керек. Сол жерде болғаныма, сол мектепте оқығаныма марқайып қайттым.. Мың алғыс саған, Мектебім!
Тағылымды шараның аясында алғаш мектептің негізі қаланған орында, Бегайдарда арнайы белгі қойылды. Мектептің тарихы жазылған кітапша шығарылып, келушілерге таратылды. Түлектердің тілектері жазылған бетшелерден альбом құрастырылып мектеп мұражайына орналастырылды. Осы мектептің түлегі Ә.Қаженбайұлы мектеп кітапханасына ең құнды сыйлық «Сардар» баспаханасында басылып шыққан Фариза апайдың 12 томдық жыр жинағы, «Қазақ хандығы туралы» 3 тілде жазылған кітап, Назарбаев зияткерлік мектебі атынан болашақ ғылым жолына бағыт алған жас техниктер үшін конструкторлық құрылғылар тарту етілді.
Мерейлі мекеннің 100 жылдық мерейтойынан алған әсерімді төмендегі жүрекжарды тілегіммен түйіндегім келеді.
Мектебімнің мерейлі мерекесі меймандардың мәртебесін марқайтты.Мыңдаған майталман мамандар, мұнайшылар мен музыканттар «меншіктеген» мектебіміз мерекеде мейілінше мәнді, мағыналы мәліметтермен молығып, марғасқа мұғалімдерін мерекелік медальмен марапаттап, мақтаныштарын мадақтады.
Мерейлі мекеннің мүшелерінің мықтылығы мызғымасын! Межеленген мақсат-мұраттар мен міндеттерді мәрттікпен меңгерсін. Мектептегі Мырзағалиев мұражайы мәңгілік мұраларды меншіктеп, мәселенің мәнісін мінберден мәлімдесін. Мәңгілік мемлекеттің маңыздылығын мойындатсын. Мен мектебімді мақтамаймын, мен мектебіммен мақтанамын!

А.АХМЕТЖАНОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X