Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Рухы жоғары ұстаз – рухани жаңғырудың бастауы

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қазақ еліндегі әр азаматтың жүрегінің түкпірінде жүрген ой толғауына қозғау салды. Елді мәңгілік ел ғып қалыптастыратын аз топтың арасында жүрсе де рухы мықты, көрегендігі мол, артына аса көп мұра қалдыратын адамдар бар.

Ал бұндай парасатты адамдар ғылыми орта да болса, оның келешек ұрпаққа берері көп және ел ішіндегі рухтық тәрбиенің бастауы болатындығы түсінікті. Тастың құмнан жиналатыны белгілі, ал адамзаттың арасында рухы берік жандардың пайда болу және қалыптасуы белгілі бір кезеңдерде сәйкес келеді. Жалпы халық рухын қалыптастыратын топ ел бастаған көсем, ел қорғаған батыр және ғылыми үдерістің жылжытып, ғаламның жаңғыруына себебін тигізетін және рухани байлықтың көзін ашатын ғылыми орта. Осы ортаға жататын азаматтар кеңес заманында да, кәзіргі кезде де арамызда жүр.
Солардың бірі, немесе ғалымдар арсындағы бірегейі ғалым, ұстаз және қазақ елінің патироты Байжұманов Әнуар Байжұманұлы. Жақын арада, сексеннің сеңгіріне шығатын бірімізге аға, бірімізге ұстаздың өткен кезде де және Егемен Қазақстанның бүгінгі күнінде де рухани жаңғыруға қандай үлес қосып келе жатқанына көз тігейік. Тұрмыс сананы билеп, қарапайым қарын мүдесі ұлттық санадан жоғары тұрғанда тілге деген жанашырлығы ерте оянған азаматтың бірі. Өмірінің жалынды кездерін Алматы зоотехникалық – малдәрігерілік институтына ұстаздықпен өткізген Әнекең, қиын кезеңдерде қазақ тілді студенттерді ана тілімен қауыштырудың жолын таба білді. Қазақ тілінің болашағына нық сенген ғалым, төл тілде ғылыми кітаптар жаза бастады.
Кеңес өкіметінің «қамыттау, бұғаулау» саясаты тұсында, бұл үлкен ерліктің бірі еді. Қазақ тілінде шыққан «Селекция сырлары» студенттер үшін, руани жаңғыруды алғы шарттары, ұлттық рухты ашудың көзі болатын. Сол кездерде кітаптар тек орыс тілінде жазылу керек, «біз коммунизмді» тек орыс тілінде құра аламыз деген саясатқа үлкен қайшылғына қарамай, қазақ тілді студенттердің рухын көтерген кездер болатын. Шәкіртсіз «ұстаз тұл» дейді қазақ мақалы. Әнуар Байжұманұлының ғылым саласында қалдырған ізі сайрап жатыр.
Белгілі ғалым, академик Бальмонттың шәкірті, өз шәкіртерін дайындауда да зор күш жұмсады. Екі ғылым докторы және үш ғылым кандидатын дайындады, шәкірттері Қазақ ғылымына өз үлестерін қосуда. Әнекең, Қазақ елінің егемендігін шынай жүрекпен қарсы алған жан. Жас мемлекеттің жаңа бастап тәй-тәйлаған кездерінде, ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми бөлімі саласына қызмет еткен алғашқы қарлығаштарының бірі еді. Рухы жоғары ұстазымыз, ел болып еңсесін енді көтерген елді басқарып жүрген, ел басшыларының көмекшісі бола білді. Мемлекеттің мәңгілік болуының ірге тасы «тіл» болатынын кеңес кезеңдерінде түсінген Әнекең, ғылымның ең қиын да шытырман түсінігі көп генетика саласында қазақ тілінде жоғары оқу орындары үшін оқулық жазып, студенттерді ана сүтімен енген тілінде оқуына мүмкіндік берді.
Байлықты да, берекелікті де космостан іздемей, Қазақ мелекетінің жерінен өндірілетін ауыл шаруашылығының өнімдерінен іздейтін ғалым, ауыл шаруашылығының дамуы егеменді елдің алғы шарттарының бірі деп баяндаған екен, тоқсаныншы жылдары студенттерге оқыған дәрістерінің бірінде. Халық арасында «ғалымның хаты» өлмейді деген нақылы сөз бар. Бұл нақыл сөздің шынайлығына көз жеткіздік. Ұстаздан кейін біз де ұстаз болдық, студент қауымы арасында көп жылдар еңбек еттік, сонда байқағанымыз Әнуар Байжұманұлының 100-ден аса еңбектеріне студенттердің сілтеме жасауы, ғалымды мойындауы және еңбегінің мәңгілік қазақ елінің рухани өсуіне бастау болатынына көзімізді жеткіздік. Шындығында, біз көріп жүрген университет басшыларының «жалпы еңбектерінен» баз біреудің қаламының «көз жасын» көреміз, салыстырмалы түрде Әнуар Байжұманұлының еңбектерін періштенің қаламынан туған ба деп қаласың. Сонау студенттік жылдары Әнекенің сиқырлы да сазды әуенімен оқитын дәрістерін еске түсіре отырып, ұстаздың рухының жоғарылығына тәнті болатынбыз.
Әнекең қазаққа генетика ғылымы төл нәрсе және ерте заманан біте қайнасып келе жатқан ғылымның бірі, себебі, мал шаруашылығымен айналысқан ел малдың асылын, мықтысын және тұқымға бергіштік қасиетін аңғарып, сол тәртіппен өсіруді жолға қойған деп атап өтетін. Дәріс кезінде студенттерді өзіне тарту мақсатында дәрісті өмірмен байланыстыра білетін Әнекең, генетиканы мықты білген адам өзіне жақсы жар таңдай біледі, мына мен де үйдегі апайларыңыз Розаны, генетика жетістіктерінің сырларына қаныққан соң таңдағанмын деп әзілдейтін.
«Жүйріктің жүйрігі бар, жарыс жолының қашықтығы байқатады». Әнекең – өз қатарлы жүйріктердің арасындағы алман бәйгенің жүйрігі, қазақ даласындағы ауыл шаруашылығы ғылымының сара жолын салып, жас ұрпақты ғылым жолының бәйгесіне рухани түрде тәрбиелеп, алман бәйгеге жаратып келе жатқан ғалымдар арасындағы жеке тұлғаның бірі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай ортамызда жүрген қарпайым адамдар жайлы түйген ойымыз осы.

Мұханбет-Шәріп КЕНЖЕБАЙ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X