Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Ашық еуразиялық байқау: Лауреаттар анықталды

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы көп жақсы істердің ұйытқысы болып, қазақ елі үшін үлкен серпіліс әкелуде. Қазақ әдебиетінің бүгінгі тынысы да ерекше, себебі мемлекеттік қолдауға ие болған тың жобалар дүниеге келуде.

Ашық Евразиялық әдебиет байқауының алтыншы жылы, яғни 2017 жылы,38 мемлекеттен қатысқан 4 номинация бойынша 1500 үміткер арасында мен ұсынған 16 шығармашылық иесінен 10 автор shortlist тізімінде болып, финалға шығып, лауреат атанды. Байқаудың жүлдегерлерін анықтау Стокгольмде өтті. Сонымен, биылғы жылдың лауреаттары қатарында аталғандар: Қазақ әдебиетінде Бейімбет Майлиннің ізін жалғастырушы,көрнекті қаламгер, аңыз жазушы Тынымбай Нұрмағанбетов «Періштелердің өлімі» романы «Проза» номинациясы бойынша; Ерекше қолтаңбасы бар қаламгер, әлемдік әдебиеттің нәрін бойына сіңіріп, шығармаларында ұлттық бояуды айрықша көрсете алатын дарынды жазушы Қуандық Түменбай «Періште», «Құлыпашар», «Мұнар күн», «Алматыда болған аңыз», «Мылқау етікші» әңгімелері «Проза» номинациясы бойынша; Қазақ жерінің сұлу табиғатын ерекше суреттеп, туған елге деген сүйіспеншілігі мен құрметін шығармалары арқылы сездіре алатын, керемет суреткер жазушы, Әлібек Асқаров «Однажды осенью , далеко в горах» романы«Проза» номинациясы бойынша; Тәуелсіздік жетістіктерін паш еткен шығарма «Өгей жүрек» романымен , дарынды прозаик, Сәуле Досжан «Проза» номинациясы бойынша; Балалар әдебиетінің мықты өкілі, қиял-ғажайып, шытырман оқиғаларды қамтыған шығармалардың авторы, жазушы Кеңес Дүйсен «Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұттың бастан кешкен таңғажайып оқиғалары» хикаятымен «Проза» номинациясы бойынша; Дүлдүл ақын, суырып салма ақын, Серік Ақсұңқарұлы қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың рухына бағыштаған «Абылнама» поэмасы «Поэзия» номинациясы бойынша; Қазақтың басына түскен нәубетті жырға қосқан, бірнеше бәйгеден жүлде алған «Қара орамал» поэмасымен , саңлақ ақын, Ғалым Жайлыбай «Поэзия» номинациясы бойынша; Қазақи пәлсәпәсі мықты, интеллектуалды поэзиясымен үлкен ақындарды мойындатқан, ақын Нәзікен Алпамысқызы «Күн астындағы мұзбалақ», «Күрең шетен» және т.б. жырлары «Поэзия» номинациясы бойынша лауреат атанса, «Аударма» номинация­сы бойынша «Мое чужое сердце» романымен еңбекқор жазушы Сәуле Досжан осы бәйгеде екінші рет еңбегі аталды. «Иллюстрация» номинациясы бойынша суретші Құралай Үмбетова, жазушы Кеңес Дүйсеннің «Жарғақбас, Қылкеңірдек, Шибұттың бастан кешкен таңғажайып оқиғалары» хикаятына жасалған жұмысымен мәреге жетті.
Стокгольмде анықталған OEBF2017 /Ашық Евразиялық Әдебиет Байқауы 2017 жылғы жүлдегерлері қатарында «Поэзия» жанры бойынша Ғалым Жайлыбай «Қара орамал» поэмасымен 3 орынды иеленсе, «Проза» жанрында 3 орын «Өгей жүрек» романымен Сәуле Досжанға бұйырды.
«Әлем Генералдары бейбітшілікті жақтайды» Халықаралық ассоциациясы ұсынған «Халықтар арасындағы достықты, бейбітшілікті, өзара түсінушілікті нығайтқаны үшін» арнайы жүлдесімен барлық шарада өлеңдерін жатқа оқыған, өлеңдерінің жазылу тарихын қазақша да, орысша да керемет жеткізе білген Нәзікен Алпамысқызы марапатталды.
Әдеби байқаудың шараларына қатысқаны үшін Кеңес Дүйсен, Нәзипа Шанаи және келу ниеті болғанмен, денсаулығына байланысты қатысуы мүмкін болмаған Тынымбай Нұрмағанбетовке, қазақ қаламгерлерін бәйгеге ұсынған әдеби агент – Бақтыгүл Маханбетоваға – OEBF2017 /Ашық Евразиялық Әдебиет Байқауы 2017 ақтық шарасына қатысушы сертификаттары берілді.
Жалпы бұл байқаудан түйген ой, елде үлкен бағаға ие болған шығарманың халықаралық байқауларда әрдайым сондай дәрежеге жете қоюы екіталай екендігі болды. Біз күткен үміт ақталмады деп қапа болу керек емес, себебі жүйріктен жүйрік қана озады бәйгеде.Расымен де, жүлдегер ретінде аталған басқа елдерден қатысқан қаламгерлердің еңбектері еленуі әділ болды және олардың еңбектерін оқып танысып үлгеріп, дұрыс шешім екендігіне келіспеске амал болмады. Аудармаға қатысты жақсы ойлар, ұсыныстар айтылды. Аударма транзит тілден емес, тікелей аудару өте маңызды екендігін британдық редактор-аудармашылар баса айтты. Британдық драматургияға жаңалық қосу қажеттігі туындағанын айтып, ойын білдірген Дэвид Перри мырза Евразиялық пьесалардың озық қойылымдарын әлемге таныстыру мақсатымен театр фестивалдерін бірлесіп өткізуге маған ұсынысын жеткізді. Тағы бір қуанған жаңалығымыз, соңғы шарада Раза Сиедханымның Олжас Сүлейменовтың бір өлеңін жатқа оқығаны болды.
Швециядағы Нобель мұражайында, халықаралық кітапханасында, қоғамдық кітапханасында болдық. Қазақ қаламгерлерінің кітаптары аз болса да, кітапхана қорында бар екен. Әдеби байқауға қатысқан 20-дан астам елден келген қаламгерлер кітаптарын жоғарыда аталған кітапханалар қорына өткізді.
Қазақстандықтар «Иллюстрация» номинациясында биыл тағы да 2 орынды қанжығасына байлады, биыл – Дәурен Кастеев бауырымыздың еңбегі еленсе, былтырғы 2 орында мен ұсынған Жеңіс Кәкенұлы «Қоңырқазбен» – Айгүл Кемелбаеваның әңгімесіне жасалған иллюстрациямен көзге түсіп еді. Лондонда тұратын отандасымыз Нұрым Тайбек арнайы қонақ ретінде қатысса, тағы бір лондондық отандасымыз Диляра Линдсей, Алматыдан Марина Михайловская, Назым Сапарова, Антонина Шустер кітаптарының тұсаукесері өте тартымды өтті. Евразиялық шығармашылық гильдиясына жаңадан сайланған ақылдастар кеңесінің құрамына Қазақстаннан Светлана Юдина көп дауыс жинады.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X