Валюта бағамы: $ 366.43 420.11 5.58 ¥ 52.87

Түркі дүниесінің рухани қазынасы

Астанада ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Түркі әлемінде рухани жаңғыру: Тарих. Таным. Тұлға» конференциясы аясында Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) барлық түркітілдес халықтардың, ұлыстар мен этникалық топтардың рухани мұрасы жинақталған «Аталар мирасы» мультимедиялық қорын таныстырды.

Жиынға Қазақстан мен шет елдердің Ұлттық ғылым академиялары, ғылыми зерттеу институттары мен дипломатиялық миссия басшылары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен түркітанушы ғалымдар қатысты. Шараның ашылу рәсімінде Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп отырғанын жеткізіп, аталған бағдарламадағы ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, сананың ашықтығы, тарихқа бетбұрыс сынды тақырыптарды түркі әлемі үлкен қызығушылықпен қабыл алғанын атап өтті. «Аталған порталдың мүмкіншіліктері өте көп. Бұл біздің мәдени мұрамыздың электрондық энциклопедиясы, мектеп оқушыларынан бастап, университет студенттеріне, түркі әлемінен ақпарат алғысы келгендерге таптырмас көмекші. Мұнда өткен ғасырда жарық көрген «Тәржіман», «Әйелдер әлемі» газеттерінің бірқатар нөмірі жүктелді, енді Қазанда, Уфада, Қырымда шыққан газет-журналдарды жүктеп жатырмыз. Әзірге портал қазақ, түрік, ағылшын және орыс тілдерінде қолжетімді. Болашақта әзербайжан, қырғыз, өзбек, татар тілдеріне аударуды жоспарлаудамыз. Түркі мұрасының аса ауқымды екені белгілі, сондықтан, қорды ұдайы толықтырып отырамыз. Көршілес елдерден келіп түскен ұсынымдарды порталға енгізуге әзірміз. Сондықтан, барлық түркі халықтарын ортақ порталды толықтыруға шақырамыз», – деп атап өтті. Халықаралық түркі академиясының қызметкері, белгілі түркітанушы Нәпіл Базылхан мультимедиалық қордың жұмыс істеу тәртібіне қысқаша шолу жасап, таныстырып өтті.
Портал деректері «Түрік халықтарының жазу тарихы», «Ежелгі жазба мұралар», «Археологиялық ескерткіштер», «Ұлттық әдебиет үлгілері», «Этнографиялық жәдігерлер» және «Газет-журналдар» сияқты тақырыптарға бөлінген. Онда Күлтегін ескерткішінің жазбалары, С.Малов, В.Томсон сынды ғалымдардың аудармалары мен түсініктемелері, ақын-жазушылардың туындылары және жазу мен әліпбилер тарихы көрсетілген. Сонымен қатар порталда түркітілдес халықтардың, ұлыстар мен этникалық топтардың ежелгі заманнан бүгінге дейінгі рухани мұралары топтастырылған. Ғылыми еңбектердің түпнұсқалық транскрипциясы, аудармасы, фотосуреттері, факсимилесі қатар ұсынылып отыр. «Түркі әлемінің бай мұрасының қоры ретінде жасалған портал қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілінде мәлімет таратады. Мысалы, Моңғолияның Алтайында жартастағы петроглиф саны 100 мыңнан асса, Қазақстандағы таңбалар саны 2 мың шамасында. Осы сияқты арнайы түсініктемесімен жүктелген түркі әлеміне ортақ мұраларды аталған порталдан оңай көруге болады. Порталдағы деректер тақырыбына қарай түркі халықтарының жазу тарихы, ежелгі жазба мұралары, көне түрік бітік жазулары, халық қазынасы, ортақ жазба әдебиет нұсқалары, ұлттық әдебиет үлгілері, археологиялық ескерткіштер, этнографиялық жәдігерлер және газет-журналдар атты тоғыз бөлімге жинақталған. Алдағы уақытта академия порталды ғылыми-танымдық ақпараттармен ұдайы толықтырып отырады.
Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) – 2010 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі әлемі тарихын, тілі мен әдебиетін және мәдениетін зерттеу мақсатында құрылған. Соңғы бес жылда академия түркі тарихы, мәдениеті, өнері, түркі елдерінің әлеуметтік және экономикалық мәселелерін қамтитын 93 кітап басып шығарды. Қырықтан астам ұйымдармен, ғылыми-зерттеу институттары мен университеттермен меморандум бекіткен.

С.ЖАСБАТЫРҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру