Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Аруларымыз алғашқы үштіктен көрінді

Үндістанның Гувахати қаласында әуесқой бокстан жасөспірім қыздар арасында әлем чемпионаты мәресіне жетті. Біріншілікте былғары қолғап шеберлеріміз үшінші орынға ие болды.

Ауыр салмақта Арайлым Бегділдә (81 келіге дейінгі салмақта) ел қоржынына алтын салды. 81 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз финалда ресейлік Анастасия Рыбакты ұтып, жасөспірім қыздар арасындағы әлем чемпионы атағына қол жеткізді.
Бұған дейін Арайлым жартылай финалда украиндық боксшы Елизавета Слюсарьды (30:27, 30:27, 30:27, 30:26, 30:26) есебімен қапы қалдырған болатын.
Ал екі күміс жүлденің бірін 81 келіден жоғары салмақта сынға түскен Дина Исламбекова жеңіп алса, екіншісін 48 келі салмақта ел намысын қорғаған Жазира Орақбаева қанжығасына байлады. Д.Исламбекова ақтық сайыста ресейлік Кристина Ткачеваға есе жіберсе, Ж.Орақбаева үндістандық Нитуға жол беріп алды.
Ал екі қола жүлдені Жансая Әбдрайымова (51 келі) мен Жансая Балтабекова (60 келі) иеленді. Осылайша 1 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен Қазақстан қыздары жалпы есепте үздік үштіктен көрінді.
Командалық есепте бірінші орынды 5 алтын мен 2 қола еншілеген үнді қыздары жеңіп алса, екінші орынға 2 алтыны мен 4 күмісі бар Ресей тұрақтады.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X