Валюта бағамы: $ 334.92 395.88 5.71 ¥ 50.69

Қазақстан-Ресей: екіжақты қарым-қатынастағы басым бағыт Рымтай САҒЫНБЕКОВА

         Мемлекет  басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Ресей Федерациясының  президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл Ресейдің Владимир Путиннің президенттікке сайланғаннан кейінгі Қазақстанға алғашқы сапары, ал Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен екінші кездесуі. Алғашқы кездесу Мәскеуде 15 мамырда өткен  ҰҚШҰ мен ТМД саммиттері аясында болды.

       Қазіргі Қазақстан – Ресей қатынастары  ғасырлар бойы Еуразия кеңістігінде өмір сүріп, тарих тоғыстырған қазақ және орыс халықтарының ежелгі қатынастарынан бастау алады. Екі халықты ортақ тарих, жеті мың шақырымға созылған әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара мен көршілес орналасқан кең аумақ біріктіреді.

      Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ  дәстүрлі шаруашылық байланыстарды сақтау мен ТМД елдерімен интеграциялану Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатының негізгі бағыты болды. Осы бағытта терістіктегі байырғы көршіміз – Ресей  Федерациясымен көпсалалы, өзара тиімді экономикалық ынтымақтастықты дамытуға басты басымдық берілді. Сөйтіп, 1992 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында дипломатиялық қатынастар орнады. Сол жылы Қазақстанның Ресейдегі, Ресейдің Қазақстандағы елшілік қызметтері ашылды.

       Президент Н. Назарбаев: «Екіжақты байланыс саласында Қазақстан алдындағы басым бағыт – Ресей Федерациясымен қарым-қатынасаты дамыту. Бұл әлем қауымдастығы алдындағы Ресей Федерациясының саяси-экономикалық рөлімен және ұзаққа созылған ортақ шекарамен шартталады. Ресей – республикамыздың ең ірі сауда серігі. Көптеген халықаралық мәселелер бойынша біздің ұстанымымыз ортақ. Оның үстіне, екі ел азаматтары арасындағы достық, туыстық қатынастар. Бұл Ресейді Қазақстанның табиғи әрі заңды одақтасы етеді», деп атап өткеніндей, бүгінде Қазақстан мен Ресей – стратегиялық әріптестер. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың маңызды буыны сауда-экономикалық байланыстар болып табылады.

       Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара тиімді экономикалық қатынастар дамуының жандана түсуін сарапшылар бірқатар себептермен байланыстырады. Бұл – біріншіден, екі ел экономикаларының құрылымдық  ұқсастығы мен өзара тәуелділігі. Екіншіден, Қазақстан мен Ресейдің мол табиғи ресурстары мен қазба байлығы. Үшіншіден, екі ел арасындағы  ауқымды сауда көлемі. Және тағы бір атап өтерлігі, әлемдік экономикалық жүйеге ену шарттарының ұқсастығы. Бұл орайда Дүниежүзілік сауда  ұйымға ену жөніндегі келіссөздерді 1993 жылдан жүргізіп келе жатқан Ресей мен мен 1996 жылдан бастаған Қазақстан үшін негізгі басымдық  әлемнің 150 елін біріктірген  осы беделді ұйыға мүше болу. Бұл тұрғыда ішкі заңнамалық негізді жетілдіру үстіндегі Қазақстан қазіргі таңда келіссөздерді аяқтауға жақын. Дегенмен Қазақстан мен Ресей ұйымға бірлесе енуді ұстанып отыр. Өйткені Қазақстанның шет елдермен тауар айналым көрсеткішіне қарағанда, еліміздің негізгі сауда серіктестері ДСҰ мүшелері емес, ТМД елдері. Оның ішінде Қазақстан Украина және Беларусьпен қатар алдыңғы орынға шығады. Мұның өзі соңғы уақытта адамзат алдына жауабы қиын күрделі сауалдар шығарған жаһандану заманында аймақтық, өңірлік ықпалдастықты дамытудың тиімділігін көрсетеді.

        Қазақстан мен Ресей байланыстарына тоқталғанда, посткеңестік аумақта интеграциялық үрдістерді дамытудағы екі ел ұстанымының ортақ болуын ерекше атап өткен дұрыс. Қазірде Қазақстан мен Ресей ТМД аумағындағы бірқатар интеграциялық бастамаларды көтеріп, оны жүзеге асыруда жетекші орында. Осы тұрғыда посткеңістік  кеңістікте әріректе құрылған ТМД, ЕурАзЭҚ құрылымдарын айтпағанда, соңғы жылдарғы Қазақстан, Ресей және Беларусь арасындағы Кедендік одақ, оның келесі сатысы Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуы – осы бастамалардың орасан нарықты қамтитын аймақтағы интеграциялық үдерістердің дамуына жаңа серпін берген іс жүзіндегі көрінісі. Мамандардың есептеуінше, біртұтас экономикалық кеңістік құрудың нәтижесінде Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 40 пайызға өскен, жаңа бірлескен кәсіпорындар құрылуда. Өзара тиімді ынтымақтастық екі ел экономикасының дамуына оң ықпал етуде.

       Жалпы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері тек жақсы жағынан дамып келе жатқан Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы, түрлі бағыттағы ынтымақтастық байланыстар, әсіресе Ресей билігінің басына Владимир Путин келгелі арта түсті. Мұндай өзара түсіністікке, сенімге құрылған қарым-қатынас алдағы  кезеңде де қалыптасқан арна аясында кеңейе түсеріне күмән жоқ. Өйткені, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшыларының арасында тамыры тереңге кеткен достық қарым-қатынас орнаса, мұның тек екі елдің игілігіне қызмет ететіні сөзсіз. Қазіргі таңда екіжақты байланыстың құқықтық-келісімдік негізі 300-ден аса құжатты қамтиды. Екі ел арасындағы байланыста саяси сенімділік пен өзара түсіністік күшейіп келеді.  Осы орайда Елбасы Н. Назарбаев: «Қазақстан-Ресей қатынастары сенімділік пен стратегиялық әріптестіктің жоғарғы деңгейінде дамып жатыр. Қазақстан сыртқы саясатының маңызды басымдылығы – Ресей бағыты. Қазақстан мен Ресей арасында өзара мүдделерді ескеру және келіссөздер жолымен шешіле алмайтын мәселелер жоқ. Бұл саяси және экономикалық мәселелерге де тиесілі», деп атап өтті.

 Екіжақты қатынастардағы елеулі оқиғалар қатарында мемлекетаралық шекараның делимитациялануы, Каспий теңізінің солтүстік бөлігі табанын бөлу туралы келісімінің қабылдануы, екі ел арасындағы байланыстардың тереңдеуіне жол ашқан Ресейдегі Қазақстан жылы мен Қазақстандағы Ресей жылдарының кезек өткізілуін айтуға болады.

       Елбасы Н. Назарбаев мамыр айында Мәскеудегі ТМД мемлекет басшыларының  бейресми саммиті аясында өткен Владимир Путинмен кездесуінде атап көрсеткендей, Қазақстан мен Ресей стратегиялық одақтас әрі әріптес болып табылады. «Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынастары бұл – посткеңестік кеңістіктегі үлгі. Нәтижесі де бар – Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік», деген Елбасы өңірлік ықпалдастықтың қарқынды дамуын атап өте отырып, екі елдің өңіраралық ықпалдастығының форум алаңында президенттердің жыл сайын өтіп тұратын кездесулерінің маңыздылығын атап көрсетті.  «Елдеріміз арасында екіжақты ықпалдастықтың шешілмеген сұрақтары жоқ», деп түйіндеді Елбасы.

       Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды буыны– сауда-экономикалық байланыстар. Ресей – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2011-дің қорытындысы бойынша 23,9 млрд долларды құрады. Қазақстаннан экспорт $7,7 млрд, ал Қазақстанға импорт – $16,2 млрд құрады. 2012-нің 1-тоқсанында тауар айналымы 5 млрд долларды құрап, былтырғы осы кезеңге қарағанда 1,3 пайыз өсті.

       Жаңадан сайланған Ресей президентінің бұл Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Биыл президенттік сайлауда Ресей жұртшылығының басым бөлігінің таңдауы түскен Владимир Путин бұған дейін бұл жоғары мәртебелі қызметті 8 жыл атқарғаны белгілі. Осыдан 4 жыл бұрын Дмитрий Медведевтің  президент болып сайлануына байланысты Владимир Путин Ресей үкіметін басқаруға кірісті. Бұл жылдар әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа байланысты ел экономикасын дамытуға түрлі қиындықтар  әсер еткен күрделі кезең болғаны белгілі. Соған қарамастан Ресей үкіметі алып елдің тізгінін мығым ұстап, дағдарыс қиындықтарын ойдағыдай еңсере білді.Үкімет  төрағасы ретінде Мемлекеттік думада сәуірде өткен дәстүрлі есеп беруінде

Владимир Путин Ресей экономикасында қандай да бір құлдырауларға жол берілмегенін айтты. Ішкі жалпы өнім көлемі  дағдарысқа дейінгі деңгейден асып, қаржы қоры үш триллион рубльдік деңгейді еңсерген, мемлекет ірі қарыздарға ұрынбай өткен.         

        Қалай айтқанда да қазіргі  таңдағы Ресей экономикасының  жағдайы әлемдік  саяси элита түгілі,  ресейліктер арасында есімі белгісіз Путин алғаш ел тізгінін қолға алған 2000 жылдардың басында Давос форумында әйгілі «Who is mister Putin?» сауалы қойылған кездегімен салыстырғанда жер мен көктей екені рас. Экономикадағы осынау оң өзгерістерді  сарапшылар,  Владимир Путиннің  жоғары саяси билікке келу кезеңімен бірге басталған Ресей Федерациясының ішкі және сыртқы саясаттағы сенімді қадамының, елдің тұтастығы мен бірлігі нығаюының, ел басқару саясатындағы сабақтастықтың  заңды туындысы деп бағалайды. Президент пен Үкімет төрағасының осы қиын жылдардағы жарасымды адами қарым-қатынасымен, өзара түсіністігімен, елдегі түрлі қызметтердің заң талаптары шеңберінде жүзеге асырылуымен байланыстырады.

        Дегенмен Ресей экономикасы да қазба байлыққа  арқа сүйеген посткеңестік  өзге  елдер экономикасынан қара үзіп кете қойған жоқ. Шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Оның бастысы – экономиканың мұнайға тәуелділігі және осыдан келіп шығатын әртараптандырудың жеткіліксіздігі. Мұның салдары, әрине, өз кезегінде еңбекке қабілетті  халықтың қалың бөлігін жұмыспен қамту, төмен зейнетақы, азаматтардың табысындағы орасан айырмашылық секілді әлеуметтік астарлы мәселелердің туындауына әкеледі.

        Қалай дегенмен де, ғасырлар тоғысында шаңырағы ортасына түскен алып империяның қирандысында қалған ежелгі елдің ес жиып, еңсе көтеруі Путиннің билік басына келуімен басталғаны шындық. Елдің саяси беделінің де әлем санасатындай биікке көтерілгені осы Путин кезеңі. Соның нәтижесінде Ресей халқы Владимир Путинге тағы да үлкен сенім артты. Мемлекеттік думадағы есеп беруде  өзінің төрағалық кезеңін «біз посткеңестік дәуірді аяқтадық, алда – Ресей дамуының жаңа кезеңі» деп түйіндеді ол. Жоғары саяси билік тізгінін қолына алған үшінші кезеңдегі Путин қызметінің  мақсат-мұраты – жаңа мыңжылдыққа бағдарланған ел дамуы мен мемлекетті түлетудің нақты бағдарламасын жүзеге асыру. Ресейдің  алыс-жақын шет елдермен екіжақты және көпжақты қарым-қатынастары оның үшінші мыңжылдыққа арналған стратегиялық даму бағытының негізінде, мемлекеттің мәңгілік мүдделері тұрғысынан қалыптасары белгілі.  Өйткені қай елмен болсын қандай дәрежеде достық қатынас қалыптаспасын, оның негізінде тек елдің мүддесі тұруы тиіс.

     Ресей  президентінің Қазақстанға ресми сапары қарсаңында Астанада өткен брифингте  сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев атап өткендей, Астана кездесуінде  Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин келіссөздер жүргізіп, оның барысында саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастық ахуалы мен әлеуеті туралы пікір бөліспек.Сонымен қатар, күнтәртібіндегі халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасады.

      Мемлекет басшылары аймақтық ықпалдастық  бірлестіктері – ТМД, Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Кеден одағы, БЭК, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясындағы ынтымақтастық  мәселелерін қарастырады. Сапар қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою көзделген. 

      Атап айтқанда, биылғы  25 мамырда екі ел арасындағы Достық, ынтымақтастық  және өзара көмек туралы базалық келісімнің  жұмыс істегеніне 20 жыл толды. Осыған байланысты Ресей Президентінің  Қазақстанға ресми сапары аясында Елбасы Н. Назарбаев пен В. Путин екі елдің арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы базалық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға  қол қояды деп күтілуде.

       Ежелден тарих табыстырған, тағдыр тоғыстырған екі ел басшыларының  жаңа кезеңдегі кездесуі алмағайып мынау заманда теңқұқықты ықпалдастық  пен тату көршілік  қатынастардың қалыптасқан арнада одан әрі дамуының негізін қаларына сенім мол.


Оқи отырыңыз

Пікір(2)

  • Дариға
    21.11.2016 at 9:19 pm

    Өте керемет.

  • Амина
    21.11.2016 at 9:20 pm

    МАҒЫНАЛЫ.

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X