Валюта бағамы: $ 371.31 419.32 5.59 ¥ 53.83

Мұнай бағасы бізді мұңайта ма?

Лондон мен Нью-Иорктің іргелі мұнай биржаларында өткен жұмада болған сауда қорытындыларында қара алтын бағасы тағы да құлдырады. Мұнай  фьючерстерінде орташа баға мынадай. Лондонның Inter Continental Exchange (ICE) биржасында Brent сортының   бағасы барреліне 98,43 (-3,44) доллар болды. ICE деректеріне сәйкес баррельдің бағасы сауда күні ішінде 97,54–дан 101,95 долларға дейін ауытқып отырған.  New York Mercantile Exchange (NYMEX) биржасындағы Light, Sweet Crude Oil сортының бағасы барреліне 83,23 (-3,3) доллар. NYMEX деректеріне қарағанда баррель бағасы сауда күні ішінде 82,29-дан 86,59 долларға дейін құбылып отырған.

     Ақпарат көздерінің пайымдауынша,   бағаның    мұндай өзгерістеріне  ең әуелі АҚШ-тағы мұнайға деген  сұраныстың  кемуі себепкер. Сонымен  қатар   доллардың  нығаюы,     АҚШ-та 8,1-ден 8,2 пайызға жеткен жұмыссыздық деңгейінің  жоғарылауы және    дүние жүзі  бойынша  экономика  өсуінің  баяулауы,  Қытай мен Еуропадағы жағдайдың нашарлауы да мұнайдың   күрт арзандауына   себеп  болып  отыр,  дейді сарапшылар.  Мұның салқыны біздің елімізге де әсер етіп отыр-мұнай бағасы мамырда 3,1%-ға, бензин бағасы 1,2%-ға төмендеді. Өткен жұмада Статистика агенттігі  ағымдағы жылғы мамырда сәуірмен салыстырғанда баға кен өндіру өнеркәсібінде 3%-ға төмендегенін, ал өңдеу өнеркәсібінде – 0,7%-ға жоғарылағанын атап өткен болатын. Өндірілген өнім 1,8%-ға арзандады, өндірістік сипаттағы қызметтер 1%-ға қымбаттаған. Өткен айда бағаның металл кендеріне – 5,7%, газ конденсатына – 3,2%, мұнайға – 3,1%, дизельдік отынға – 2,5%, сұйытылған пропан пен бутанға – 1,8%-ға төмендеуі, олардың керосинге – 7%, табиғи газға – 2,9%, бензинге – 1,2%-ға  төмендеуі  тіркелген. Бір айда баға алюминийге 6,2%, мысқа – 3,6%, асыл металдарға 1,8%-ға төмендеген. Шикізат бағасының өзгерістері ел экономикасына өз әсерін тигізетін болады.

     Ал, осы орайда қоңсы қонған алып ел-Ресейдің жағдайы қалай, деген орынды сауал туындайды. Соңғы уақытта рубль бивалюталық қоржынға-доллар  мен еуроға қарағанда арзандап келеді. Сондай-ақ елде инфляция өсу үстінде. Шілдеден бастап газ, электр энергиясы, жылу бағасы артады, деп күтіліп отыр, өйткені тарифтерді индекстеуді ресейліктер 1 қаңтарға жылжытқан болатын.  Сондықтан да жылдың екінші жартысында Ресей экономикасының күйі кетуі әбден мүмкін. Міне, сөйтіп, әлсіз валюта жағдайында экономика күшейеді деп айту қиын. Рубльдің арзандауы елден капиталдың кетуімен тұспа-тұс келіп отыр,мұның өзі ақшаның жетіспеуіне де әкеліп соғады. Биыл федералдық бюджет мұнай бағасы 100 доллар болады деген жорамалмен қалыптастырылған еді, оның үстіне 1,5 пайыздай зәрулікке де орын берілген-ді.  Ресей тұрақтандыру қорында әжептәуір қаржы бар, бірақ бұл қаражат бірер жылдың жыртығын жамауы мүмкін, сондықтан кейіннен қарыз алуға тура келетініне күмән жоқ. Сөйтіп, қазіргі таңда Ресей экономикасы тығырыққа тіреліп тұр.

       Отандық мамандар рубльдің әлсізденуі теңге бағамына соншалық әсер етпейді, деп санайды. Өйткені, рубль әлемдік мұнай бағасына тікелей тәуелді болса, теңге мұндай кіріптарлықтан ада.  Тіпті Brent маркасының бағасы 90 долларға түскенде де ағымдағы төлем балансының профициті мен мемлекеттік бюджет зәрулігінің төмен деңгейін сақтап қалуға болады, мұның өзі теңгеге таяныш емес пе. Сондай-ақ елдің жиынтық алтын-валюта резервтері 70 миллиард доллар көлемінде, мұның өзі әйгілі 2008 жылғыдан әлдеқайда көп. Сөйтіп, Ұлттық банктің теңге бағамын толық бақылауда ұстауына мүмкіндігі жеткілікті. Көңілге демеу болатын тағы бір жәйт – 2012-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет жобасында мұнай бағасы барреліне 70 доллар болуы мүмкін деген меженің басшылыққа алынуы. Қазақстан экономикасы үшін оңтайлы көрсеткіш – 70-80 доллар. Жалпы, біздің еліміз үшін бұл цифр 60 немесе тіпті 50 долларға түсіп кетсе, онша ауыр бола қоймайды, деп тұжырымдайды сарапшылар. Белгілі экономист Қайрат Келімбетов «Қазақстан экономикасының өсімі мұнай бағасының 40 доллардан төмен түсуінде де 3-4% деңгейінде болады», деп санайды. Республиканың ортамерзімдік экономикалық саясатын талдаған Қ.Келімбетов түңілген сценарий жағдайында да даму тежелмейтінін айтқанын атап өткен орынды болар.

Мұрагер Сералы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру