Валюта бағамы: $ 335.33 395.49 5.7 ¥ 50.75

Көпшілік игілігіне арналмақ

Талдықорған қаласында Көрме павильоны ашылды. Сәулеттік шешімі жағынан ерекше саналатын бұл павильон болашақта облыс орталығының көрнекті ғимараттарының біріне айналады.

Қалалықтарды айтулы оқиғамен облыс әкімі Амандық Баталов құттықтады. «Бүгінгі күн баршамыз үшін – ерекше оқиғаларға толы болды. Жаңа ғана сіздермен бірге Салтанат сарайының ашылуына куә болдық. Енді, міне, іргелес орналасқан көрме павильоны да есігін айқара ашып отыр. Мұнда қалалық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық шараларды да өткізуге болады. Осы ғимаратты ашу арқылы көрме қызметінің жаңа мүмкіндіктеріне жол ашумен қатар, өзімізде өндірілетін тауарлар мен қызметтерді кешен қабырғасында көпшілікке ұсыну арқылы өңіріміздің инвестициялық тартымдылығын да еселей аламыз. Қаламыз мұндай көрме павильонымен ұялмай мақтана алатынына сенімдімін», – деді А. Баталов шараның ашылу салтанатында.
Шараға келгендердің назарына отандық тауар өндірушілер тауарларының көрмесі ұсынылды. Олардың қатарында «Қайнар АКБ» аккумулятор зауыты, «Алматы бояулары» ЖШС, «Хамле Компани ЛТД» ЖШС, «Метакон» ЖШС, сүт және сүт тағамдарын шығаратын «Арқабай» зауыты, «JLC сүт» зауыты, крахмал-сірне зауыты және т.б. бар. Атап өтсек, ғимараттың екінші қабатында Кәсіпкерлер палатасы орналасатын болады. Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері бизнес-мектебінің жұмысымен таныстырып, шеберханалар мен заманауи фотолабораториялар және басқа да қызметті туралы баяндап берді.
Жалпы көрме кешенінің құрылысы 2016 жылғы ақпанда басталған. Жалпы құны – 1227,686 мың теңге. Сыйымдылығы – 260 адам. Ғимараттың жалпы алаңы – 4437,8 шаршы метр. Бірінші қабат түгелімен көрме өткізуге арналады. Көрме залы кешенінің едені этникалық стильдегі панномен безендірілген.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X