Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Аралық нәтижелер пысықталды

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті отырыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі мәселелері және жалпыға бірдей тегін кәсіптік-техникалық білім жобасын іске асыру жайы қаралды. Сондай-ақ жиында су тасқыны қатерінің алдын алу шаралары талқыланды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов өз баяндауында жалпы сомасы 139,5 млрд теңге болатын 116 МЖӘ келісімшарты жасалғанын атап өтті. «70 млрд теңге сомаға 53 нысан пайдалануға берілді, 69,5 млрд теңге сомаға тағы 63 нысан салынып жатыр. Олардың ішінде 45 білім беру нысаны, 27 денсаулық сақтау, 17 мәдениет және спорт нысаны, 7 сервистік-дайындау орталығы, «ақылды қала», энергетика және жолаушылар тасымалдары саласындағы 3 республикалық жоба бар», бар деді ҰЭМ басшысы. Ол келісімшарттар Қарағанды, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облыстарында көбірек жасалғандығын, оған қоса инвестициялар көлемі – жобалардың құны бойынша көшбасшылар Ақтөбе облысы мен Астана қаласы болып отырғандығын айтты.
Биыл тамыз айында Парламентке МЖӘ тетіктерін одан әрі жетілдіру мен жеңілдету бойынша заң жобасы ұсынылған болатын. Мәжіліс аталған заң жобасын мақұлдап, қазір ол Сенаттың қарауына жіберілген. Заң жобасы бірқатар әзірлеу кезеңдерін алып тастау арқылы рәсімдерді оңтайландырып, жобаларды бекітуге бағытталған. Бұл МЖӘ жобаларының бекіту және сараптамалар мерзімдерін қазіргі жеті айдан үш айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұдан өзге, заң жобасында қарастырылған тұтыну кепілдігін үш және одан көбірек жылға беру ұсынысы инвесторлардың көп жылдық капитал жұмсалымын жоспарлауға жол ашпақ.
Бұдан кейін атқарылған жұмыстардың аралық қорытындысы туралы денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А.Мырзахметов, Ұлттық банкі төрағасы Д.Ақышев, Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов, Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов, Премьер-министрдің орынбасары Е.Досаев баяндады.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев ұлттық экономика министрлігіне жобаларды іріктеу критериін пысықтап, барлық ұйымдастыру шараларын реттеп отыруды тапсырды. Осылайша, жыл соңына қарай барлық бағыттар, облыстар мен министрліктер бойынша көрсетілген индикаторларға қол жеткізу қажет.
Келесі кезекте отырыста «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асыру барысы қаралды. Атқарылған жұмыс туралы білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев пен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасады.

«Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын іске асыру 2017 жылдан басталды. Барлығы 817 колледж жұмыс істейді, олардың 473 колледжі мемлекеттік, 344-і – жекеменшік. Сондай-ақ Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жергілікті бюджет есебінен 2900 орындық төрт колледждің құрылысы, 520 орындық үш жатақхананы салу және жөндеу қарастырылған.
Тегін кәсіптік-техникалық мемлекеттік білім беру оқу тапсырысы бойынша барлығы 100 815 адам қабылданған. Өткен оқу жылымен салыстырғанда тегін кәсіптік-техникалық білім берумен кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 24,8 мың орынға ұлғайған. 2017 жылға 71 мың адамды оқыту жоспарланған. Бүгінгі таңда қысқа мерзімді оқытуға 61 мың адам жіберілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің мәліметіне сәйкес Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерліктің 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында республикалық бюджет есебінен техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау және қысқамерзімді кәсіптік білім беру қарастырылған.
Өңірлерде 402 колледжде қысқамерзімді оқытумен 60 мыңнан астам адам қамтылған. Бүгінгі таңда оқытуға 21 мыңнан астам адам ие болды. Бұдан өзге, тамыздан бастап жұмыс берушілердің оқу орталықтары базасында үш мыңнан астам адам оқып жатыр.
Мобильді оқу орталықтары бірқатар облыстарда сатып алынған. Онда бес пилоттық өңірде бір жарым мың адам қамтылған. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 15 мыңнан астам адам оқытумен қамтылған. Ағымдағы жылы 26 мың жоспар кезінде қысқамерзімді курстарда 61 мың адам оқыды. «Жалпы 2021 жылға дейін бағдарлама бойынша 500 мың адамды оқыту көзделген», деді Т.Дүйсенова.
Аталған мәселе бойынша сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаевтің, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтің, Қостанай облысы әкімі А. Мұхамбетовтың есептері тыңдалды.
Тақырыпты түйіндей келе, Бақытжан Сағынтаев «Жалпыға бірдей тегін және кәсіптік білім беру» жобасын іске асыру кезіндегі басты мәселе жұмыспен қамту, екіншісі – бөлінетін кредиттер сомасын арттыру екендігін баса айтты. Жобаны іске асыруды бақылау Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа жүктелді.
Жиында тасқын қаупінің алдын алу жөніндегі қолға алынған шаралар туралы ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндады.
Ішкі істер министрлігі «Су тасқыны қаупінің алдын алу және оларды жою бойынша 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасының орындалуына мониторинг жүргізеді. Жол картасында барлығы 862 іс-шара, оның ішінде аумақтар мен елді мекендерді тасқын сулардың зиянды әсерінен қорғауды қамтамасыз ету, гидротехникалық құрылыстарды жөндеу бойынша, сондай-ақ ұлттық гидрометеорологиялық қызметті дамыту мен жаңғырту мәселелері көзделген.
Ішкі істер министрлігіне жол картасының «Астана қаласын Есіл өзенінің тасқын суы басуынан қорғау» объектісінде қосымша бермаларды енгізу іс-шарасын орындау жүктелген. «Қазіргі уақытта жоспарды қаржыландыру шеңберінде 2017 жылғы 10 қыркүйектен ұзындығы 2,5 шақырым бөгеннің екі учаскесінде бермаларды құру бойынша жұмыстар басталды, орындалған жұмыстардың көлемі 80% астамды құрайды», деді Қ.Қасымов.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қ.Айтуғанов су тасқыны қаупінің алдын алу мақсатында министрлік жанынан су тасқынына қарсы комиссия құрылғандығына, барлық республикалық су қоймаларында кезекшілік кестесі бекітіліп, бассейн инспекцияларына биыл қараша айының соңына дейін республикалық меншіктегі гидротехникалық нысандарды ықтимал су тасқыны қаупіне қатысты тексеруді аяқтау тапсырылғандығына тоқталды.
Отырыс барысында Ақмола облысының әкімі М.Мырзалиннің, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі Қ.Ақсақаловтың, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтің, Қарағанды облысы әкімі Е.Қошановтың, Алматы облысының әкімі А.Баталовтың, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың, Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевтың, Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаевтың есептері тыңдалды.
Талқылау қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге барлық мәселелерді өңірлердің басшыларымен селекторлық кеңесте жете талқылауды тапсырды. Және оған су тасқынына қарсы қауіптің алдын алу бойынша жол картасының орындалуын бақылау жүктелді. Сондай-ақ Қаржы министрлігіне жол картасы бойынша ақшалай қаражатты уақытылы бөлу мәселелері ескертілді.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X