Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Кедендік бақылауды бірлесіп жүргізу керек

Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттері арасында кедендік мәселелер жайын ҚР Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Ғұсман Әмрин мәлімдеді. Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасының айтуынша қырғыздар өз елінде, өз кеден қызметінде бақылау жұмысын қажетті деңгейде атқаруы керек.

«Қырғыз кеден қызметі тарапынан орын алған құқық бұзушылық, кемшіліктер дәлелденген, ол анық. Бұл Қазақстанның шешімі емес, шығарғаны емес. Бұл мәселені шешу үшін бір ғана мүмкіндік бар, ол баурлас мемлекеттің кеден қызметімен бірлесіп қызмет атқару. Ондай ұсыныстар болды, өз басым былтыр мемлекет тапсырмасымен Қырғызстанға барып сондай ұсыныс айтқан болатынмын, жағымсыз жағдай орын алып жатқанын айтқан болатынмын», – деді спикер.
Ғұсман Әмрин екі ел арасындағы орын алған кедендік түйіткілді шешуде 3 жол барын айтты: біріншіден, тауардың құны бірдей болуы керек, екі жаққа да тең болуы шарт, салықтар да теңдестіріледі сонда. Бір тауардың құны бір мемлекетте 10 АҚШ доллары, екінші мемлекетте 1 АҚШ долларына тең болмауы керек. Екіншіден, қырғыз кеденшілері Қазақстан шекарасына келіп, жұмыстың ашық жүргізілуіне көз жеткізуі керек. Бірден қарайық деген ұсыныс жасалды. Үшіншісі – ол тауарлар бойынша ақпарат алмасу: қандай тауар, бағасы қандай деген секілді. Осындай үш ұсыныс бар.
«Тағы да айтамын, бауырлас мемлекет болған соң екі ел арасындағы түйіткілдің шешімі бір – бірлесіп бақылау жұмыстарын атқару. Қырғыз тарабы бұған келіспейтін болса, онда біз өздігімізше бақылау жұмыстарын күшейте береміз. Әрине бұл кәсіпкерлерге қосымша ауыртпалық түсіреді. Ол туралы бәріне ашық айтып отырмыз. Бұл үдерістегі ең қажеттісі – ашықтық. Кімде қандай олқылықтар болды, олардың бәрі дәлелденген, дәйектері бар», – деді Ғұсман Әмрин.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қырғыстан кедендік қызметінің осалдығы салдарынан ЕАЭО мемлекеттерінен Қырғызстанға баратын тауар импорты мәселесіне қатысты пікірмен келіседі.
«Орын алған жағдай адал емес бәсекені тудырып, заңға бағынған отандық бизнес-қоғамдастықтың мүддесін бұзып отыр. Бұл олқылық ЕАЭО жұмыс істеу аясында мүлде болмауы керек. Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі қағидалары – ол тауарлардың бірыңғай нарығын құрып, тауарлардың одақ аумағында еркін тасымалдауын қамтасыз ету», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП басқарушы директоры Дина Мамашева.
ҰКП Басқарушы директорының айтуынша қосымша бақылау қазақстандық кәсіпкерлерді бақылауға емес, екі елдің кедендік қызметін жақсартуға, ақпарат алмасуға бағытталуы керек. Осыған байланысты, бірінші кезекте қазақстандық кәсіпкерлер зардап шегетінін ескерсек, Ұлттық палата екі тарапты Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық негіздері аясында жұмыс істеуге шақырады.
«Сәйкес нормалар қажетті ақпараттық алмасу, оның ішінде электрондық декларациялау, алдын ала ақпаратты электронды түрде жіберу, ЕАЭО мемлекеттері кедендік органдары арасында ақпараттық ынтымақтастық, ЕАЭО мемлекеттері кедендік органдарының өзара әкімшілік көмегі ЕАЭО Кедендік кодексінде нақты көрсетілген әрі бұл құжат ҚР Парламенті Мәжілісімен мақұлданған. Аталған құжат 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді», – деп мәлімдеді Дина Мамашева.

Шерхан Молдахмет


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X