Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Тәуелсіздік тұғырлары

Халқымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік тегіннен-тегін келген жоқ. Ел өзінің төл тілінен, салт-дәстүрінен айырыла бастаған, бейнелеп айтқанда жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілгелі тұрған шағында Жаратқанның жазуымен егемендікке қол жеткіздік. Сондықтан да барша қазақ, қазақстандықтар үшін тәуелсіздіктің мәні де, мағынасы да аса айшықты. Осы тәуелсіздік арқасында өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді, арманда кеткен Алаш арыстары ортамызға қайта оралды.

Әз Наурыз сынды ұлттық мейрамдар төрімізден орын тепті, дініміз бен ділімізді қайта оралттық. Мемлекетіміздің ұлттық рәміздерін қабылдадық. Осынау ұлы өзгерістердің бастауында 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған тарихи құжат – Мемлекеттік егемендік туралы декларация тұрды десек, қателеспейміз. Онда еліміздің мемлекеттік егемендігі жарияланып, саяси-құқықтық бағдарламасы баяндалды, ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде атап өтілді. Нақ осы құжатта әлемге ажал уын сепкен ядролық полигондар мәселесі төтесінен қойылды.
Ал, келесі, 1991 жылды ел егемендігінің шаңырағы тіктеліп, керегесі керілген, уығы шаншылған жыл деп аса құрметпен атап өтуге болады. Тарихшы Бүркіт Аяған бастаған ғалымдар тобы, сондай-ақ саясаттанушылар, экономистер бұл орайда сүбелі еңбектер жазды. Дегенмен, талдау-тұжырымдарға тоқталмай, анықтамалықтарда келтірілген, жұртшылыққа кеңінен танымал дәйек-деректерді санамалап шығуды жөн көріп отырмыз. Жоғарыда айтылған тарихи Декларациядағы саяси талап 1991 жылдың 29 тамызындағы Қазақ КСР Президентінің «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлығына ұласып, ядролық қаруға нүкте қойылды, 40 жылдан астам уақыт бойы жүргізілген қатерлі сынақтар ауыздықталды.
Елбасының осынау батыл тарихи шешімі бүкіл дүние жүзінде кең қолдау тапты, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы атаулы дата – 29 тамызды Халықаралық ядролық қару-жараққа қарсы күрес күні деп жариялады. Бұдан кейін 1991 жылдың тамыз-қазан айларында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен прокуратура, мемлекеттік қауіпсіздік, ішкі істер, әділет және сот органдары жаңа сипат, мән-мағына алып, Мемлекеттік қорғаныс комитеті жасақталды. Одаққа бағынышты кәсіпорындар ел үкіметінің қарамағына өтті, республикада алтын қоры мен алмас қоры құрылды. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров осы жылдың 2-қазанында Байқоңырдан ғарышқа көтерілді.
Тарихи құжаттарды тағы да парақтайық. Сол 1991 жылдың 16-қазанында Қазақ КСР Президентін сайлау туралы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Заңы қабылданды. Кейін Жоғарғы Кеңес президенттік қызмет орнын бекітті. Еліміздің тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Содан соң 1991 жылғы 1 желтоқсанда Қазақ КСР Президентінің сайлауы болды. Оның нәтижесі бойынша дауыс беруге қатысқандардың 98,78 пайызының дауысын жинаған Нұрсұлтан Назарбаев ел Президенті болып сайланды. 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Заң қабылдады. Осы заңға сәйкес жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды. 1991 жылғы 16 желтоқсан – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданған ұлы күн. Осы күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. Сөйтіп, әлем картасында тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет өмірге келді.
Жалпы, 1991 жылдың желтоқсаны ел тағдырына елеулі әсер еткен оқиғалар айы болып тарихқа енді. Мәселен, 12 желтоқсан күні «Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданды. Бүгінде 16 желтоқсан – қасиетті де қасіретті Желтоқсан оқиғасын еске алу күні. Алматы қаласының жұртшылығы бұл күні Республика алаңына шығып, қаза болғандарды еске түсіреді. 1991 жылғы 20 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысы қабылданды. 1991 жылдың 21 желтоқсанында Алматы қаласында бұрынғы КСРО құрамына енген он бір тәуелсіз мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы Алматы Декларациясына қол қойды. Осы айда туысқан Түркия Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін таныды.
Тәуелсіздігімізге тұғыр болған заң-низамдарды ой елегінен өткізіп, қабылдау оңай тірлік емес. Республиканың жоғары заң шығарушы органында сол кезеңде көптеген білікті де білімді мамандар еңбек етті. Солардың бірі әрі бірегейі академик Сұлтан Сартаев жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мерейлі тойын салтананатпен атап өтті. Еліміздің құқық қорғау саласы үшін жарты ғасырдан астам уақыт бойы байыпты кадрлар даярлап келе жатқан осы заң факультетінің тарихына аз-кем тоқтала кетейік. Ол 1955 жылы Алматы заң институтының негізінде құрылды. Факультет содан бері 35 мыңға жуық құқық саласындағы мамандарды, яғни сот, прокуратура, ішкі істер органдары мен мемлекеттік қауіпсіздіктің жоғары білікті жауапты қызметкерлерін, нотариустарды, адвокаттарды, заңгерлерді дайындап шығарды. Бүгінде факультет күрделі ғылыми-тәжірибелік мәселелерді шеше алатын ғылыми ұжымға ие. Мұнда Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Сұлтан Сартаев, Заңтану академиясының академиктері, профессор Дәулет Байделдинов, профессор Арықбай Ағыбаев, отызға жуық докторлар мен профессорлар, 70-тен астам ғылым кандидаттары мен доценттер, 12 PhD докторлары, оқытушылар жас жеткіншектерді тәрбиелеуде. Сонымен қатар ел Парламентінен, Конституциялық Кеңесінен, Жоғарғы Сотынан, Президент Әкімшілігінен, Бас Прокуратурасынан, Үкіметі мен құқық қорғау органдарынан тәжірибелі мамандар келіп дәріс оқиды.
Ұстаздардың көпшілігі АҚШ, Еуропа, Түркия және басқа елдердің университеттерінде ғылыми тәжірибеден өткен, шет тілдерін біледі. Жыл сайын факультеттің 15-ке жуық ғалымдары мен оқытушылары шетелдердің жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында тәжірибе-тағылымнамадан өтуде. Бұл оқу орындарының арасында Ұлыбританияның Cass Business school университетін, Германиядағы Мюнхен Құқық университетін, Тәжік Ұлттық университетін, Ла Сапиенса атындағы Рим университетін атауға болады. Соңғы 5 жылда профессорлар мен оқытушылардың 1000-нан астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрді. Атап айтар болсақ, 80-ге жуық монография, 200-ге тарта оқулық пен оқу құралдары, 300-ден аса жинақтар, сөздіктер, жүзден астам оқу құралдары мен ғылыми мақалалар басылып шықты. Факультетте оқытушылардың, докторанттардың, магистранттардың және үздік студенттердің мақалалары жарияланатын «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысы, Заң сериясы» журналы қазақ, орыс және шет тілдерінде шығып тұрады. Жыл сайын факультетте мемлекеттік және құқықтық саладағы өзекті мәселелер бойынша халықаралық және республикалық конференциялар өтуде. Сонымен қатар факультет ел студенттері арасында олимпиадалық жарыстар ұйымдастырып келе жатыр. Бүгінде факультет ұжымы нарықтық экономика жағдайында демократиялық құқықтық мемлекетті қалыптастыруға қабілетті, жоғары білікті кадрлар дайындау бойынша жалпыға танылған көшбасшы болып отыр.

Бейсенбек СЕРІКБАЙ,
аға оқытушы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X