Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Ұлт санағын ұлықтаған қызмет

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ
кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қаймана жұрт экономиканы өндіру мен тұтынудан тұрады деп түсінуге бейім. Меніңше, бұл материалды тіршіліктің қос қыры бұйым атаулыны қолға ұстап, көзбен көрген кісінің көз алдында өтетіндігінен болар. Ал, шынтуайтында, осынау үздіксіз үдерістің үшінші бір түйінді тұсы қазақтың «судың да сұрауы бар» деген мәтелінің мәніне жуықтап, түсінік-пайымы бастауын сонау есте жоқ ерте замандардан алатын тәжірибе мен теория тоғысы – статистикаға саяды. Осы орайда тамырын тереңнен тартатын Қазақстан статистикасы кәсіби мерейлі мереке күнін кеше ғана абыроймен атап өткендігін ауызға алғанымыздың артықтығы болмас.
Ұлттық статистика жөніндегі алғашқы деректер Қазақ хандығының құрылған кезеңін бейнелейді. Осынау тарихи оқиғаны растайтын статистикалық тарихи мәліметтер 1459 жылы Шу және Талас өзендерінің бойында халық саны 200 мың адам, ал XV ғасырдың соңында 1 млн. болғанына куә. Дегенмен, бүгінгі ел аумағында орталықтандырылған жүйелі статистикалық қызмет­тің өмірге келуі XVІІІ ға­сырдың екінші жартысына жатады. Ал, алғашқы жалпы халық санағы 1897 жылғы ақпанда жүргізілді. Бірінші мемлекеттік ресми статистикалық орган Түркістан губерниялық статистика комитеті және оған бағынышты Сырдария және Жетісу облыстарындағы статистика бюролары болды. XІX ғасырдың 70-жылдарының ортасында Орал облыстық статистика комитеті, 1877 жылы Семей және Ақмола және 1895 жылы Торғай облыстарының статистика комитеттері ұйымдастырылды. Сөйтсе де 1920 жылға дейін аталған және басқа жергілікті статистикалық қызметті біріктіретін бірыңғай орган болған жоқ. Осы жылы Қазақ Автономиялы Социалистік Республикасы құрылуына байланысты Үкімет өзінің 1920 жылғы 8-қарашадағы қау­лысымен «Қазақ АКСР мемлекеттік статисти­касы туралы Ережені» бекітіп, республика статистика басқармасы құрылды. Сонымен, бұл күн Қазақстанның орталықтандырылған бірыңғай статистика органының құрылған күні болып қабылданды. 1925 жылғы қаңтарда сол кездегі астанасы Орынбор қаласында бірінші, ал 1927 жылы сәуірде Қызылорда қаласында екінші республикалық статистика конференциялары болып өтті, олардың шешімдері мен ұсынымдары статистика органдарының әдістемелік тұрғыдан нығаюында үлкен рөл ойнады.
Бұғанасы бекіп, қаз тұрған статистика қызме­тінің жалпы жұмысына және оның жоспарлы жүруіне басшылықты 1936-1948 жылдары мем­лекеттік жоспарлау органы жүргізді. 1948 жылдан бастап статистика жүйесін дербес мемлекеттік мекеме – республика Министрлер кеңесі жанындағы ста­­­тистикалық басқарма, ал 1960 жылдан орталық ста­тистика басқармасы, 1987 жылдан статис­ти­ка жөнін­дегі мемлекеттік комитет басқарды. Статистика органдарындағы барлық жедел және статистикалық есеп берулердің 1957-1958 жылдардан бастап орталық­тандырылуына байланысты бұл мекеме бұдан кейінгі жылдары, 1991 жылғы Кеңес одағының ыдырауына дейін еліміздің экономикасы мен мәдениеті, халық шаруашылығы жоспарының орын­далуы, шаруашылық жұмыстарының барысы мен қорытындылары туралы ел басшылығы мен жұрт­­шылығын жалпы жинақталған ақпа­рат­пен жабдықтайтын жалғыз-ақ жүйе болды. Қазақ­­станның статистика жүйесі сегіз халық сана­ғын өткізіп, статистикалық жылнамалықтар, кезең­дік, салалық және тақырыптық жинақтар мен анық­тамалықтар шығарды. Сала мамандары 1990 жылы Қазақ КСР статистикасы мен есеп жүргізуі жөніндегі бірінші заңның жобасын жасауға белсене атсалысты.
Еліміз егемендік алған соң 1992 жылы қаңтарда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің VІІ сессиясы «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік статистика туралы» Қазақстан Республикасының бірінші Заңын қабылдады. Оған сай Қазақстан Рес­публикасының статистика жөніндегі Агенттігі ста­тистика бойынша мемлекеттік саясатты қа­лып­­тастырушы және іске асырушы орган болып танылады. Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы «Мемлекеттік басқару органдарын белсендіру шаралары туралы» Жарлығына сай Қазақстан Рес­публикасының статистика жөніндегі Агенттігі Үкі­мет құрамына кірмейтін орталық ат­қарушы орган болып саналады. Статистикалық есеп жүргізу әдістемелерін қалыптастыру кезінде Қазақстан Рес­публикасының сатистика жөніндегі Агенттігі тә­уелсіздікке ие мекеме, ол өз қарамағындағы аймақтық құрылымдарға басшылық етеді, бағынышты ұйымдар әрекетін бағыттайды. Өкілетті органның статистиканы ұйымдастыру бойынша нормативтік-құқықтық актілері Қазақстан Республикасының заңдылығымен бекітілген жағдайда барлық жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті болып саналады. Агенттiктің өз қызметi саласындағы негiзгi мiндеттерi статистикалык әдiс­наманы қалыптастыру, мемлекеттiк статистика қағидаттарын сақтай отырып, статистикалық қыз­меттi жүзеге асыру, қоғамның, мемлекет пен ха­лықаралық қоғамдастықтың ресми статистикалық ақпаратқа қажеттiлiгiн қанағаттандыру болып табылады. Агенттiк қолданыстағы заңнамаға және өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес мемлекеттiк статистика саласындағы мемлекеттiк саясатты әзiрлеп, iске асырады, өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк статистика саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеп, бекiтедi. Ол сонымен қатар мемлекеттiк статистика саласындағы ғылыми-зерттеу әзiрлемелерiн ұйымдастыратынын, өз құзыретi шегiнде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады және ынты­мақ­тастық шеңберiнде шарттар жасасатынын да атап өткеніміз абзал.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X