Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Қант неге шетелден тасымалданады?

Қазақстан жылына 400 мың тонна қант тұтынады. Мемлекетімізде бар болғаны екі аймақта қант қызылшасын өсіреді. Екі облыстың өнімі бүкіл республиканы қамти алмайтыны белгілі.

Күнделікті тұтынып отырған қанттың 90 пайызы шетелден тасымалданады. Ал шикізаттың небәрі 10 пайызы ғана отандық өнімнен алынады. Қазақстанға жеткізілетін қанттың басым бөлігі Бразилиядан келеді. Еліміз бұдан былай шетелдік шикізатты біртіндеп қысқартуды көздеп отыр.
Басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанда қантты тұтыну мен баға маусымға тікелей байланысты. Қыс айларында құмшекер тұтыну азаяды, ал жаз айларында керісінше көбейеді. Бұл құбылыс жергілікті ас мәзіріне байланысты екені айтпаса да түсінікті. Жаз айларында келіншектер тосап, компот, езбе жасауға жаппай кіріседі. Осы кезде қант келілеп емес, қаппен сатыла бастайды. Бағаның да шарықтайтын кезі осы.
Биыл қант бағасы бірден шарықтап кетті. Биылғы баға – орта есеппен 300 теңге. Бұған дейін 220-230 теңге шамасында сатылған. Өңірлерде баға бұдан да қымбат. Мәселен, Ақтөбеде – 320 теңгеге тұрақтаса, Таразда – 300 теңге, Өскеменде – 450 теңгеге көтерілген.
Нарықтағы қанттың басым бөлігі сырттан тасымалданады. Жылдан жылға импорттық қант көлемін азайту көзделсе де, алға қойылған мақсат орындалар емес. Қант қызылшасы өндірісінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізген Ресей Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге бұдан былай сырттан қант сатып алуға тыйым салмақшы. Өз өнімін қайда жіберерін білмеген Ресей әдейі қулыққа көшкен. Яғни, бәсекелестерден құтылып, нарықты тек өзі билемекші екен. Ал көршінің тәттісі удай қымбат екенін ескерсек, Ресейдің дегені бола қалса, шайды қантсыз ішетін күн алыс емес сыңайлы.
Қорытындылап айтсақ, алдағы уақытта да еліміз шетелден қантты тасымалдауына тура келеді. Өйткені екі облыста өндірген шикізат жеткіліксіз. Екіншіден, елімізде қант өндіретін зауыттар аз. Үшіншіден, нарыққа жеткізіп беру, тасымалдау жағы да дұрыс жолға қойылмаған. Осы олқылықтарды жөндеу үшін тек 2 аймақта емес, басқа да облыстарда қант қызылшасын өсіру бойынша ауыл шаруашылығымызды жөнге келтіру ауадай керек болып тұр. Мәселен, шағын Нидерланды мемлекетінің өнеркәсібі өркендеп тұр. Құдайға шүкір, жер жетеді. Енді бізге тек білімді де білікті кадрлар мен еңбекқор жастар қажет болып отыр.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X