Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Картоп бағасы неге қымбат?

Елде картоптың бағасы қымбаттап кетті. Кей аймақтарда көкөніс бағасының келісі біраз теңгеге саудаланып жатыр. Бағаның шарықтауына не түрткі болды деген орынды сұрақ туындайтыны ақиқат.

Еліміздің бас шаһары Астанаға жақын орналасқан Көкшетау қаласының сауда орындарында сапалы, әрі арзан картоп көзге түспейтін болды. Базардағы картоптың дені шіріген, іші қуыс, қарайған жері көп, өзі тым ұсақ не тым ірі. Ал, ондай сапасыз, үйде өсірілген қызыл картоптың бағасы күн санап қымбаттап барады. Мәселен, сауда орындарында жергілікті картоптың келісі 160 теңгеден басталады. Жұрт енді оны үнемдеп тұтынуға көшкендей. Облыстық ауыл шаруашылығы бсқармасының жетекшісі Мұрат Балпан бұл жөнінде былай деген болатын: «Ауыл тұрғындарының қалаға көптеп қоныс аударуына байланысты картоп егу көлемі азаюда. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда картопқа тиесілі жер көлемі 675 гектарға дейін қысқарды. Бұл орайда жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көкөніс алқаптарын жыл сайын шамамен 10-15 пайызға көбейту қажет. Сондай-ақ, алынған өнімді келер жылғы көктемге дейін сақтауға мүмкіндік беретін заманауи қоймалар салу керек».
Өңірдегі ірілі-ұсақты шаруа қожалықтары жоғары сортты тұқым қымбат, екіншіден, өнімді сақтайтын жер жоқ екенін алға тартады. Шаруаларды өнімнің шығымы, сатылымы қандай болады деген күдік те мазалайды. Ал картоп егіп, оны сатып жатқандар сұранысты толық қанағаттандыра алмай отыр.
Елордадағы базарда көтерме баға 95-100 теңге. Ал бұдан бұрын 115-120 теңгеге дейін көтерілген болатын. Қазір бөлшек саудада келісі 125 теңгеден жоғары. Астанада дефицит жоқ. Күн сайын барлық өнімге мониторинг жүргізіледі. Соның ішінде әлеуметтік маңызы бар картоп, сәбіз, пияз, капуста бақылауда тұр. Әр күн сайын мониторинг нәтижесін АШМ-ға, кәсіпкерлікті басқару ұйымына, барлық сауда желісіне жіберіледі. Сосын олар салыстырып, сараптама жасап, бағаны өз бақылауына алатын көрінеді. Десек те, бәрібір де Астанада картоп жетіспеушілігі мәселесі байқалуда.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің жақында берген жедел мәліметтеріне сүйенсек, егілген алқаптың 99,8 пайызы жиналып, 3,5 миллион тонна картоп алынды. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 2017 жылы картоптың егіс танабы 179,6 мың гектарды құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 1,6 мың гектарға кем болды. 2017 жылдың алғашқы сегіз айы аралығында республикадан экспортталған картоптың жалпы көлемі 107,4 мың тоннаны құрап, 17,4 миллион АҚШ долларына бағаланды. Картоп экспортталған негізгі ел Өзбекстанға 106,6 мың тонна картоп (17,3 миллион АҚШ доллары) жіберілді. Дегенмен таяуда Өзбекстан тарапынан картопқа деген сұраныс күрт төмендеді, себебі өздерінде егін жинау науқаны басталды. Статистика мәліметтеріне сәйкес, жаз мезгілінде аралығындағы өндірушілер бағасы келісіне 49 теңгеден болды, сонымен қатар, бөлшек сауда бағасы келісіне 162 теңгеден 99 теңгеге дейін төмендеді. 2016 жылдың осы кезеңінде өндірушілер бағасы келісіне 47 теңгеден 45 теңгеге дейін, бөлшек сауда бағасы 106 теңгеден 81 теңгеге дейін төмендеген. Осылайша, былтырғы жылдың күз мезгілінің алғашқы айымен салыстырғанда, өндірушілер бағасының өсімі 8,9 пайыз, бөлшек саудада өсім 22 пайыз құрады.
Елімізде халық ең көп шоғырланған Алматыда картоп бағасы түспей тұр. Қазір орташа баға 150-160 теңгенің арасы. Қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Қанат Кәкенұлы: «Бұл бағаның өсуі көктемде бізде кішкене жаңбыр болып, көп өңірлерде картопты еге алмай қалды. Сол себептен баға көтеріліп жатыр» – деді.
Сонымен қатар, осы өңірлерде еккен картоптың біразы көрші мемлекеттерге кетіп жатыр. Мамандар қазір бағаны ұстап тұру үшін картопты тікелей жеткізетін тасымалдаушыларға тапсырма берілгенін айтты.
Азық-түлік бағасының қымбатқа емес, халықтың қалтасына лайықты болуын Үкімет қадағалап отырғаны ақиқат. Баға мәселесіне орай Үкімет басшысы да жауапты басшыларға талай тапсырма беріп, барынша ескертті. Бірақ нәтиже жүйелі болмай тұр. Оған себеп көп. Соның бірі, елімізде доллар бағамымен қатар бензиннің де құны көтеріліп отырғаны азық-түлік бағасының күрт шарықтап кетуіне әсер етті.
Қалай дегенмен де әр жерде картоптың бағасы әр қалай. Бұл жергілікті жердің табиғатына, нарығына, әлеуметтік-экономикалық мәселесіне тікелей қатысты болып тұр.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X