Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Көшімде мал стандартқа сай сойылатын болды

Зеленов ауданына қарасты Көшім ауылында модульді мал сою бекеті іске қосылды. Бұл бекеттің жұмысы ырғақты қалыпқа түссе, жергілікті шаруалардың басын біріктірген «Николай и Ко» ауыл шаруашылығы кооперативі ет өнімдерін экспортқа шығарады.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа жолдауында ауыл шаруашылығын қарқынды дамытып, ел экономикасының драйверіне айналдыру керектігі туралы айтқан болатын. Елдегі қолға алынып жатқан игі бастамалар мен мемлекеттік бағдарламалардың аясында көптеген жетістікке қол жеткізіп келеміз. Бүгінде ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруаларға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылдан бастап барлық өңірде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылуда. Осы кәсіпорындар арқылы өндірілген сүт, ет өнімдеріне демеуқаржы төлеу қарастырылған. Бүгінгі ашылғалы отырған мал сою бекеті осы бағыттағы жүргізілген жұмыстардың оң нәтижесі. Осындай ауқымды істі қолға алған кооператив мүшелерінің жұмысына сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев мал сою бекетін іске қосу жиынында.
«Николай и Ко» кооперативін биыл көктем шыға Көшім ауылының 22 тұрғыны құрды. Кооператив «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан модульді мал сою бекетін сатып алу үшін 19 миллион теңге несие алды.
Ашылған мал сою бекеті бір тәулік ішінде 5 немесе одан да көп мал басын қабылдай алады. Инвестициялық шығындардың жартысы мемлекеттік демеуқаржы есебінен өтелді. Кепілге жабдықтың өзі қойылды. Сондай-ақ «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» кооперативті «Береке» бағдарламасымен етті бағыттағы сиыр сатып алу үшін қаржыландырды. Олар қордан бөлінген 36 миллион теңге қаражатқа 171 бас ірі қара мал сатып алды. Қазір «Николай и Ко» кооперативінің мүшелерінің меншігінде 300-ден астам ірі қара мал бар.
Кооператив төрағасы Николай Супрунның айтуынша, мемлекет ұсынған жеңілдетілген несиелер шаруашылықтардың дамуына дем береді. Кооператив малды союға және дайын өнімді сатуға байланысты барлық мәселелерді өздері шешеді. Бекетке жұмысқа ветеринар, қасапшылар және басқа да жұмысшылар қабылданады.
– Дәл бүгінгі таңда іргелес көршіміз Ресей тарапынан ет өнімдеріне сұраныс күшті. Өнімдеріміз молайып жатса, көрші елге экспорттау ойымызда бар. Бұл тұрғыдан нақты келісімдеріміз бар. Ауданымызға ресейлік кәсіпкерлер келіп, малдың бағылуын, бордақылануын мен сойылуын қарап, барлық стандартқа сай екендігін байқады. Ресейліктерге айына 20 тоннаға дейін сиыр етін, 18-20 тонна қой етін жеткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Николай Супрун.
Облыс орталығынан 50 шақырым жерде орналасқан кооператив өз өнімін «Орал шұжықтары» қайта өңдеу кәсіпорнына, сондай-ақ сауда желілеріне жеткізуге келіскен. Шаруашылық меншігінде мал азығын дайындайтын екі су жаңа трактор мен шөп маялағыш техникалары бар. Мал сою бекетіне бөлінген жерге қоса мал жайылымы мен шабындыққа жергілікті әкімдіктің қолдауымен жер бөлінеді деп күтілуде.
Мал өсіретін шаруалар да іргеден мал сою бекетінің ашылғанына қуанышты. Солардың бірі – «Оразбеков» шаруа қожалығының жетекшісі Мәлік Оразбеков. – Ол өткен жылы қожалық құрып, қой малын өсіруді қолға алды. Алғашында қолда бар 50 бас ұсақ мал болған. Ал бүгінде қожалық меншігінде 350 қой өсірілуде. Кейін «Николай и Ко» кооперативіне мүше болып кіріп, төменгі пайызбен 4 миллион теңге несие алуға қол жеткізіп, сол қаражатқа 19 бас ірі қара малын және жем-шөп сатып алды. «Мына ашылған мал сою бекеті біз секілді қожалық иелеріне тамаша мүмкіндік береді. Енді малымызды алысқа апармай-ақ осы жерге тапсыратын боламыз», – деді М. Оразбеков.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Батыс Қазақстан облысы филиалының қатысуымен 1200-ден астам ұсақ шаруашылықты біріктірген 26 кооператив құрылды. Олардың басым көпшілігі ет өндіруді мақсат тұтқан. Өңір кооперативтерін қолдауға аталмыш қордан 2,5 млрд. теңге бөлінді. Өңірде ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту және отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының әлеуетін арттыру мақсатындағы ауыл шаруашылығы саласын қолдауды жүзеге асыру жұмыстары «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламалары аясында жүргізілуде.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X