Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

ШЕТЕЛДЕ ДЕ «ШАБЫТҚА» ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ БАР

Астанада «Шабыт» шығармашыл жастардың ХХ халықаралық фестивалі өтті. Бұл жолы байқау «Классикалық музыка» (фортепиано, скрипка, альт, виолончель, контрабас, академиялық ән салу), «Бейнелеу өнері» (кескіндеме, қолданбалы өнер), «Ұлттық музыка» (домбырамен ән салу, халық аспаптар ансамблі, домбыра), «Цирк өнері», «Үздік әдеби шығарма» (балалар және жасөспірімдерге арналған прозалық шығармалар) және «Актерлік шеберлік» атты алты аталым бойынша ұйымдастырылды.

Биылғы «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестиваліне қатысуға 515 өтінім берілді.Жастар байқауында бас қаладан 100 үміткер қатысты. Мемлекетіміздің талантты жастармен қатар Өзбекстан, Ресей, Башқұртстан, Латвия, Армения сияқты мемлекеттерден келген үміткерлер де бақ сынады.
Қазылар алқасының құрамына Қазақстан, Украина, Якутия, Армения, Сербия, Литва, Германия, Австрия, Мексика, Ресей, Македония, АҚШ, Иордания, Италияның танымал мәдениет және өнер қайраткерлері енді.
Елордадағы Орталық балалар-жасөспірімдер кітапханасында «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» номинациясы бойынша конкурсанттардың тәлімгерлермен, белгілі ақындармен, прозаиктармен және қазылар алқасының мүшелерімен қорытынды кездесуі өтті. Дөңгелек үстел басында шығармашылық жолына енді ғана түскен жазушылар алған әсерлерімен бөлісіп, фестивальді ұйымдастырушыларға өз дарындарын көрсетуге берген мүмкіндіктері үшін ризашылықтарын білдірді, ұсыныс-кеңестер тыңдады.
– Биыл бұл номинацияның жаңалығы – конкурстың балаларға арналған проза жанрында алғаш рет өткізілуі болды. Шығармалардың көптеп келіп түскендігіне таң қалдық. 40 еңбектің ішінен «Шабыт» фестивалінің марапатына лайық үздік 20-сын таңдап алдық. Мұнымен қоса, қазылар алқасының да құрамы мықты – Қуаныш Жиенбай, Мәди Айымбетов, Роза Мұқанова – бұл қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздары, – деді байқаудың қазылар алқасының төрағасы Несіпбек Айт. – Әрине, қатысушылардың бұдан да көп болғанын қалаймыз, олар бір-бірімен танысып, араласып, бір-бірін қолдап жүретін еді.
Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, қатысушылардың көбіне үміт артуға болады, бұл кейбіреулерінің әдебиетке қатысы жоқ мамандық бойынша білім алып жүргендігіне, жұмыс істеп жатқандығына қарамастан. Сондықтан үздіктерді анықтау оңай болған жоқ. Байқау қорытындысы бойынша орындар келесідей үлестірілді: Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының арнайы жүлдесі семейлік Әйгерім Қиықбайға бұйырды. Бердібек Соқпақбаев атындағы тағы да бір жүлде Темірлан Қылышбековқа табысталды. Аталған номинация бойынша бас жүлде Қанат Әбілқайырға берілді. Бірінші орынды Бақытгүл Сәрсембекова олжалады. Екінші орында Арман Әлмеңбет, үздік үштікке Нұрбек Нұржанұлы енді. Ал «Қазақ газеттеріне» қарасты «Үркер» журналының бөлім меңгерушісі Нұрлан Құмар байқаудың дипломанты атанды. Алдағы уақытта «Қазақ газеттерінің» еңбек ұжымдары Нұрлан Құмарға зор денсаулық, табыс тілей отырып, байқаудың жүлдегері болуын қалайды.
– Өкінішке орай, орындар аз. Мұндай жақсы жұмыстардың ішінен үздіктерін таңдау қиын болды. Қызу талқылау болды, соңында ойымыз бір жерден шықты. Мен қазақ әдебиетін одан әрі дамытуға лайықты ұрпақтың өсіп келе жатқандығын мақтан етемін. Жүлделер мен жеңіс – фестивальдің бір қыры ғана, ең бастысы қатысушылар бір-бірімен танысып, табысты, енді бұл байланысты мүлдем жоғалтуға болмайды, өйткені бір-бірін қолдап қана олар күшті жазушы және ақын бола алады, – деп өз пікірін білдірді жазушы Қуаныш Жиенбай.
Өз кезегінде конкурсанттар шығармаларына жоғары баға берген қазылар алқасына өз алғыстарын білдіріп, қаламдарын тастамай, шеберліктерін одан ары шындауға уәде берді.
Сонымен қатар әртүрлі номинация бойынша жүлдегер атанған жастардың есімі белгілі болды. Айта кетейік, «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі биыл жиырмасыншы рет өткізіледі. Осыған дейін фестивальге өнердің түрлі жанрлары бойынша 10 мыңнан астам адам қатысқан. Әр жылдары қазақстандық сықақшы Тұрсынбек Қабатов, ақын Қалқаман Сарин, балет артисі Әйгерім Бекетаева, опера әншісі Айгүл Ниязова, «Меломен» тобы, Аша Матай, әнші әрі композитор Қайрат Баекенов және басқа да кеңінен танымал шығармашылық тұлғалар фестиваль Гран-приін иеленген болатын.

Салтанат ҚАЖЫКЕН


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X