Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

«Астананың» жеңісі

Елорданың «Астана» футбол клубы ойыншылары израильдық «Маккабиді» Еуропа лигасының топтық кезеңінің қарымта матчында 0:1 есебімен жеңді.

Бірінші, яғни «А» тобының төртінші туры Израильдің Нетания қаласында өтті. Матчтың алғашқы таймында есеп ашылмады. Алаң иелерінің есепті ашуға мүмкіндіктері болғанымен, астаналық қақпасы Ненад Эрич допты қайтара білді. Ойынның 56-шы минутында ганиялық Патрик Твумаси соққан голды поляк төрешісі Павел Рачковски есепке алмады. Бірер минуттан кейін Абзал Бейсебековтің асырған пасынан П.Твумаси екінші рет «Маккабидің» қақпасын көздеп, қайта гол соқты. Нәтижесінде «Астана» алаң иелерін 1:0 есебімен ұтып, 3 ұпайға ие болды. Ал жалпы «Астана» төрт турдан кейін 7 ұпаймен «А» тобында екінші орында келеді. Естеріңізде болса, «Астана» бұған дейінгі үш ойында бір рет ұтылып, бір рет тең ойнап, бір рет жеңген болатын.
Енді «Астана» футбол командасы Еуропа Лигасының топтық бесінші матчында Елордада испандық «Вильярреалға» қарсы ойын өткізеді. Бұған дейін сырт алаңда Валенсия маңындағы Вильярреаль қаласының «Эстадио де ла Серамика» стадионында испандық клубқа 3:1 есебімен жол берген болатынбыз. Қайтсек те реванш алатын кез келді. Бұл матчта көптеген өзгеріс еніп қалуы ғажап емес. Өйткені «Вильярреал» 8 ұпаймен тобымызда көш бастап келеді. Егер ұтсақ плей-офтан шығамыз. Тең түссек жағдай белгісіз болып қала береді. Себебі артымызда чехиялық «Славия» қазір 5 ұпаймен бізді қуып жетуі неғайбыл. Әрі бұл команда тобымыздағы аутсайдер «Маккабимен» алдағы уақытта кездесетіндіктен барынша 3 ұпай қанжығасына жинап алары белгілі.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X