Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Мәселелердің бәрі маңызды

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен кезекті Үкімет отырысының қарауына ауқымды мәселелер шығарылды. Талқылаулар индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылу барысын, Ақмола облысының Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспарын және Астанада туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасын, кен өндіру өнеркәсібінде, көлік пен логистикада цифрлы технологияларды қолдану жайын, Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын, сондай-ақ Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2018 жылға арналған жоспарын қамтыды.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек биылғы жылдың тоғыз айында өнеркәсіптік өндірістің көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,7%-ға өсіп, 6,5 трлн теңгені құрағанын мәлім етті. Сондай-ақ фармацевтикада, жеңіл өнеркәсіпте, металлургияда, машина жасауда, мұнай өңдеуде, азық-түлік өнімдерінің өндірісінде және химиялық өнеркәсіпте өсу байқалатынын атап өтті.
Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсатты индикаторлары бойынша оң қарқын бар. Биылғы сегіз айдың қорытындысында өңдеу өнеркәсібінің экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23,1%-ға өсіп, 9,9 млрд долларды құраған.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия әзірленіп, бекітілді. Кazakh Invest инвестициялар бойынша мамандандырылған ұлттық компаниясы шетелдік өкілдер мен өңірлік бөлімшелер желісімен қызмет көрсетеді.
Өңдеу секторына жеті жылдың ішінде 26 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Инвестициялар құрылымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2016 жылдың қорытындысы бойынша 19,5%-ға өсті. Шағын, орта және ірі кәсіпорындар бойынша нақты мәлімет осы жылдың қорытындысы бойынша қалыптастырылмақ. Сонда да бүгінгі өсу беталысын ескергенде, жыл қорытындысы бойынша көрсеткіштер өткен жылдың деңгейінен төмен болмайтындай.
Бағдарлама аясында жыл сайын жаңа өндірістер іске қосылып жатыр. Мысалы, жеті жыл және 2017 жылдың 9 айы аралығында Индустрияландыру картасы аясында жалпы 5,5 трлн теңге сомасында 1 080 жоба енгізілген, 101 мың тұрақты жұмыс орны ашылған.
Отырыста Жамбыл облысының әкімі К.Көкірекбаев, Алматы әкімі Б.Байбек, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары сөз сөйледі.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев талқылау қорытындысы бойынша осы жылдың тоғыз айында индустрияландыру мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтті.

Премьер-министр жыл соңына дейін өңірлер негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша артта қалушылықты жойып, өзге көрсеткіштер бойынша жоғары нәтижеге шығатынына сенім білдірді.
Отырыста Щучье-Бурабай курортты аймағын және елордада туризмді дамыту бойынша жоспар мен жол картасы бекітілді. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтып өткендей, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары 4 бөлім мен 33 іс-шарадан тұрады. Оған инфрақұрылымдық және экологиялық мәселелерді шешу, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ЩБКА-ның туристік әлеуетін дамыту бойынша іс-шаралар енгізілген.
Отырыс барысында сондай-ақ Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин мен Астана қаласының әкімі Ә.Исекешевтің есептері тыңдалды.
Талқылау қорытындысы бойынша Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысының және Астананың әкімдеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жоспар мен жол картасының іс-шараларын сапалы және уақытылы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – тау-кен өндіру өнеркәсібін цифрландыру және көлік пен логистикадағы цифрлық технологиялар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Оның айтуынша, қазірде көптеген кәсіпорындардың Индустрия 4.0-ге толық көшуге технологиялық және ұйымдастырушылық базасы жеткілікті болмай отыр.
Талдауға сәйкес Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге кедергі болып отырған тежеуіш факторларға бизнесті цифрландыру арқылы түсетін экономикалық пайданы толық түсінбеу, отандық зерттеулердің және автоматтандыру мен цифрландырудың әлсіз дамуы, білікті кадрлардың және қаржы мен инфрақұрылымның жетіспеуі жатады. Осы кедергілерді жою үшін халықаралық тәжірибені ескере отырып, жүйелік тиісті шаралар нормативтік реттеуді жетілдіру, цифрлық инфрақұрылымды, Индустрия 4.0 технологиялары бойынша жеке технологиялар мен оның құзыреттерін, адами капиталды дамыту, ынталандырудың қаржылық шаралары және басқа да бағыттар бойынша әзірленді.
Министрдің айтуынша, жүйелі шараларды әзірлеумен қатар ірі компаниялармен цифрландыру саласындағы нақты бастамаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі таңда жүйе құраушы компаниялар (Қазмырыш, ERG, АрселорМиттал, Қазақмыс) жоспарлар жасап, облыстардың әкімдерімен сәйкес жол карталарына қол қойды.
Көлік және логистика салаларын цифрландыру бағытында автомобиль жолдары құрылысы саласы, авиация, темір жол көлігі саласындағы цифрландыру жұмыстары қолға алына бастаған.
Тақырып бойынша ERG бақылау кеңесінің төрағасы А.Қазтаев, «Қазмырыш» ЖШС бас директоры А.Хмелев сөз сөйледі. Премьер-министрдің орынбасары А.Жұмағалиев қысқа уақыттың ішінде көлік саласын цифрландырудағы нәтижелерді көруге болатынын атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев екі аспектіге: отандық компанияларға кадрларды базалық даярлаумен айналысуға және өңірлерде цифрландыруды енгізу барысында жұмыскерлерді жұмыстан босату мәселелерін бақылауға, қажет болған жағдайда оларды басқа салаларға тарту бойынша жол карталарын әзірлеуге назар аударды. Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиевке бұл мәселелерді күнделікті бақылауда ұстау тапсырылды.
Үкімет отырысында Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы бекітілді. Құжат жобасын таныстырған инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, елорданың қарқынды дамуы, демографиялық сыйымдылық, өңір халқы тығыздығының өсуі, көші-қон ағымы астананың агломерациялық дамуының алғышартын құрайды.
Елорда агломерациясын одан әрі дамыту бойынша пікірімен Астана әкімі Әсет Исекешев те бөлісті.
Талқылау қорытындысын шығара отырып, Бақытжан Сағынтаев барлық жауапты мемлекеттік органдарға және әкімдіктерге аталған өңіраралық схеманың тиімді жұмысын жүргізуді тапсырды.
Үкімет отырысында заң жобалау жұмыстарының 2018 жылға арналған жоспары туралы әділет министрі Марат Бекетаев баяндады. Министрдің айтуынша, жоспар жобасы 2018 жылы 16 заң жобасын әзірлеуді және Парламентке енгізуді көздейді. Олардың ішінде көлік мәселелері бойынша, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігіне кепілдік беру, гидротехникалық құрылыстар қауіпсіздігі, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы, тағы басқа заң жобалары бар. Жалпы, 5 дербес заңды әзілеу көзделген және 10 әрекеттегі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X