Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Құрлықаралық қатынасты дамыту жолында

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Әзербайжанда Баку-Тбилиси-Карс темір жол желісінің ашылу салтанатына қатысты.

Халықаралық маңызды жолдың тұсаукесеріне сондай-ақ, Әзербайжан президенті И.Әлиев, Түркия президенті Р.Ердоған, Өзбекстан премьер-министрі А.Әріпов, Грузия премьер-министрі Г.Квирикашвили, Тәжікстанның көлік министрі Х.Худоерзода, Түрікменстан теміржол көлігі министрі Д.Бяшимов қатысты.
Баку-Тбилиси-Карс темір жол желісі Түркияға және Жерорта теңізі арқылы Оңтүстік Еуропа елдеріне төте жол ашады және бұл Транскаспий халықаралық көлік бағдарының логистикалық жүйесіндегі негізгі инфрақұрылымдық жоба болып табылады. Салтанатты жиында Қазақстанның атынан сөз сөйлеген Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев осылай деп атап өтті.
– Жаңа темір жол желісі біздің елдердің көлік транзиттік әлеуетін толық жүзеге асыруға септігін тигізеді. Еуразияның бел ортасында орналасқан Қазақстан Еуропа мен Азия арасында қарқынды жұмыс жүргізуде. Мұның бәрі құрлықаралық қатынасты одан әрі дамытуға бағытталған. Біз БТК жобасын жүзеге асыруға бірінші болып қолдау көрсеттік. Әзербайжан, Түркия, Грузия бұл шешімге Қазақстан мен Қытайдың құптауымен 2016 жылы қол жеткізді. Осындай іргелі қадамның біздің елордамыз Астана үшін символдық мәні бар. Жоба Қазақстанның Каспийдегі инфрақұрылымы арқылы өтетін жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Б.Сағынтаев.
Соңғы тоғыз жылдың ішінде еліміздің көлік-логистикалық жүйесіне 28 млрд долларға жуық инвестиция құйылған. Транскаспий дәлізіне де ерекше көңіл бөлініп, 1700 шақырым жаңа темір жол желісі мен 3500 шақырым автомобиль жолы салынды. Ақтау портында жаңарту жұмыстары жүргізіліп, Құрық паром порты пайда болды. Үкімет басшысы жаңа стратегиялық жоба өзінің толық тиімділігі мен мүмкіндігін көрсеткеніне, жуырда осы порт арқылы алғашқы 1 млн тонна жүк жөнелтілгеніне тоқталды. Келешекте Қазақстанның Каспийдегі порт инфрақұрылымының жүкті қабылдау және жөнелту мүмкіндігі артып, жүк тасымалы көлемі жылына 25 млн тоннадан асады деп күтілуде. Қазақстан Транскаспий бағытындағы оңтайлы бағдарларды қалыптастыру үшін де қаржы бөліп отыр. Бұл инвестицияның көлемі 10 миллиард доллардан асады. Осылайша, жүктің Қытайдан, Орталық Азиядан Ресейдің өңірлері арқылы Транскаспий дәлізіне шығатын ең қысқа жолы қамтамасыз етілді. Енді 2020 жылға қарай Қазақстанның көлік-логистика жүйесіне тартылатын қосымша инвестициясы 8 млрд доллардан аспақ.
Б.Сағынтаев Баку-Тбилиси-Карс темір жол желісі өңірлік сауданың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді. Бұл халықаралық жоба экономика үшін қосымша әлеует қалыптастырып, бүкіл Оңтүстік Кавказ өңірінің орнықты әрі қауіпсіз дамуын қамтамасыз ететін факторға айналатынымен маңызды.
Транскаспий халықаралық көлік маршрутының басты бөлігі болып табылатын жаңа темір жол желісі Қытайдан Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Шығыс Еуропаның бірқатар елдері арқылы Батыс Еуропаға қарай шығады. Мұндай маршрут Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүкті 12-14 тәуліктің ішінде жеткізеді. Бұрын теңіз жолы арқылы 40-45 тәулік бойы ұзақ жол жүруге тура келетін. Жаңа темір жол желісі Қазақстанға Қара және Жерорта теңіздеріне төте жол ашады. Сондай-ақ, дәліз арқылы жүк тасымалының көлемі артып, Түркияға Қазақстан арқылы 2020 жылға қарай жылына 2 млн контейнерге дейін жүк тасымалданады деп болжануда.
Жаңа Баку-Тбилиси-Карс темір жол дәлізіне «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ пен «Электровоз құрастыру зауыты» шығарған локомотивтер пайдаланылатын болады. Осы мақсатта қазірдің өзінде 10 тепловоз әзірленген. Ал 2020 жылға қарай Қазақстан Әзербайжанға 40 жүк электровозын жіберетін болады.
Мемлекет басшылары Ұлы Жібек жолының басты бөлігі саналатын жаңа темір жол магистралі мемлекеттердің экономикалық дамуына тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенім білдірді. Салтанатты жиында жаңа темір жол желісінің бойына символикалық түрде «алтын қада» қағылып, мемориалдық тақтаның тұсауы кесілді.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X