Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Өркениетке қарай өрелі қадам

Елбасымыз жуырда қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Кеңсенің қысқа тілімен онда «Қазақстан Республикасының Үкіметі қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия құрсын; қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етсін; осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де, соның ішінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы, шаралар қабылдасын. Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Рес­публикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін», делінген.

Осынау өркениеттік өрелі қадам Елбасымыздың «Бола­шаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында жасалған еді: мұнда айтылған таяу жылдарда орындалуға тиіс міндеттердің бірі қазіргі қолданыстағы әліпбиден қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру болатын. Өйткені, латын әліпбиі – қазіргі қоғамға өте таныс, кез келген сауатты адам оқи ала­тын және жаза алатын әліпби; – латын әліпбиі – қазіргі әлемде екінің бірі қолданатын интернет жүйесінде үстемдік етуші әліпби. Латын әліпбиі – интернет ресурстарын пай­даланушының бәрі өз электронды поштасын жазатын, сақ­тай­тын әліпби.
Сол әліпби арқылы әлемдік ақпарат кеңістігіне шығады. Латын әліпбиі Қазақстанда өмір сүріп жатқан әр түрлі ұлыстар мен ұлттардың теңдігін, бірлігін нығайтады, олардың ешбіріне артықшылық үстемейді, ешбірінің азаматтық құқына нұқсан келтірмейді, әлем мемлекеттерімен дипломатиялық, қоғамдық-саяси, экономикалық, рухани-мәдени, ғылыми қарым-қатынастарды жеңілдетіп, одан сайын нығайтуға игі ықпалын тигізеді; ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етуге кең жол ашады.
Қазақ ғылымы мен білімінің қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің ғалымдары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында латын әліпбиі жөнінде айтылған міндеттерді халыққа түсіндіру және жариялау бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына арналған, әркімнің шығармашылық еркіне мүмкіндік беретін әдістемелік нұсқаулық әзір­леді. Нұсқаулықтағы ұсыныстар мен айтылған ойлар шығар­ма­шылық топтар тарапынан толықтырылып отырды. Құжатта түркі халықтарының басым көпшілігі қазірдің өзінде латын әліпбиін қолданатыны, латын әліпбиі арқылы қазақ тілі халықаралық деңгейге көтерілетіні атап өтілді.

Бұл орайда қазақ тілі әлемдік ақпарат кеңістігіне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы латын әліпбиімен еркін кірігетініне, латын әліпбиі арқылы қазақ тілі өзінің табиғи заңдылықтарына қайшы, күштеп енгізілген жат дыбыстардан арылатынына, латын әліпбиіне ауысу нәтижесінде мектептен бастап барлық оқу орындарының қазақ тілі оқулықтарына енгізілген жат дыбыстарға қатысты ережелер қажет болмай қалатынына баса көңіл бөлінді. Сөйтіп, қазақ тілін оқыту жеңілдейтіні, бұл жеңілдік уақытты да, қаржыны да үнемдеуге жол ашатыны, латын әліпбиі қазақ тіліне сырттан таңылған айтылуы бір бөлек, жазылуы бір бөлек сөздерден арылтатыны, сөйтіп тілдің орфоэпиялық және орфографиялық талаптары ана тіліміздің табиғи заңдылықтарына қарай бір жүйеге түсетіні атап көрсетілді.
Сонымен қатар латын әліпбиіне көшуді түсіндіру барысында дамыған елдер тәжірибесін де есте ұстаған жөн екендігі назардан тыс қалмады. Мәселен, Қытай өз иероглифтерін латын әріптеріне 1949 жылы транскрипциялаған, соның арқасында шетелдіктердің қытай тілін латын әріптері негізінде меңгеруі жеңілдегені, Жапонияда ғылыми- зерттеу ісінде және қатысым құралдарын пайдалануға оңтайлы болуы үшін екінші әліпби ретінде латын жазуы қолданылатыны, Түркияда араб әліпбиін қолданған Осман империясы кезеңінде түрік халқының 10 пайызы ғана сауатты болғаны, ал латын әліпбиіне көшкеннен кейін сауаттылық деңгейі 60 пайызға жеткені айтылды. Сондай-ақ латынға көшу туралы пікірлерді жариялау барысында туысқан елдер тәжірибесін де назарда ұстау керектігі сөз болды. Атап айтқанда, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан елдерінің латын әліпбиіне көшуіне себеп болған негізгі факторлар, бұл елдердің латын әліпбиіне өткенге дейінгі тілдік жағдайы, латын әліпбиіне өту кезеңіндегі, өткеннен кейінгі тілдік мәселелер, латын әліпбиінің алдыңғы қолданыста болған әліпбиіге қарағанда артықшылықтары мен кемшіліктері, осы елдерде латын әліпбиі жобаларын талқылау тәжірибесі, латын әліпбиіне қатысты жобалардың лингвистикалық артықшылықтары мен кемшіліктері, латын әліпбиінің осы түрік, әзербайжан, өзбек тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкестігі, латын әліпбиінің қазіргі қолданылуы, ұлттық төл дыбыстарға алынған таңбалар қолданылысы, латын әліпби жобасын енгізудегі жетістіктер мен кемшіліктер, латын әліпбиін таңдаудың негізгі критерийлері, латын әліпбиінің ұлттық тілдің дамуына әсері, аталмыш елдер тәжірибесінің нәтижесін біздің елде қолдану жолдары сарапқа салынды.
Ғалымдар сонымен қатар латын әліпбиіне көшуге қатысты кейбір әлеуметтік топ өкілдері тарапынан қойылып жатқан сұрақтарды да назарға алды. Олар бірнеше топқа бөлінді. Мәселен, латын әліпбиіне еліміздегі барлық басылымдар бірдей бір мезетте көше ме, әлде бөлек-бөлек көше ме? Латын әліпбиіне барлық ұлт өкілдері бірге көше ме, жоқ, бұл тек қазақ тіліне ғана қатысты ма? Латын әліпбиіне тек қазақ тілі ғана көшсе, көпұлтты еліміздің бірлігіне, тұтастығына кері ықпалын тигізбей ме? Латын әліпбиіне көшкен жас бүлдіршіндеріміз кириллицада басылған баба тарихымыздан, рухани парасатымыздан айырылып қалмай ма? Бұған дейін кириллицамен жарық көрген шығармаларды латын алфавитіне аудару қиынға соқпай ма? Латын әліпбиіне көшсек, елімізде қазақ тіліндегі бар жоғы 500-ден астам газет-журналдың таралымы күрт төмендеп кетпей ме? Латын әліпбиіне көшсек, таралымы онсыз да аз қазақ тілді басылымдар республикамыздағы таралымы көп, тек орыс тілінде жарық көретін 2500-ге жуық газет-журналдардың табанында қалмай ма? Ресейден Қазақстанға жыл сайын 5 жарым мыңға жуық газет-журнал кириллицамен келеді. Оларды латын әліпбиіне аударып оқимыз ба? Қазақстан қалаларындағы кітап дүкендеріндегі кириллицамен жазылған тек Ресей баспаларының өнімдерін қайтеміз? Олар латын әліпбиіне көшуімізге кедергі келтірмей ме? Осы аталған сауалдардың әрқасысына егжей-тегжейлі жауап берілді.
Латын әліпбиіне көшу туралы түсіндіру жұмысында жастардың үніне де құлақ асып отыру абзал екендігі ескерілді. Баспасөз бен интернет желілерінде латынға өтуді жастардың 80 пайызы қолдап отыр. «Жас алаш» газеті сайты мен «Қазақ үні» газетінің сайтында, Dat жобасы басылымында, «Қамшы.kz» сайтында, «Massaget .kz сайтында және «Abai.kz» бастаған түрлі интернет порталдарда ел жастарының басым бөлігі латынға өтуді қолдайтыны анық байқалады. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы түсіндіру, насихаттау жолдары айқындалды. Мәселен, халықаралық басылымдарда шетелдік мамандардың, ғалымдардың, қайраткерлердің латын әліпбиіне қатысты ой- пікрілерін, сараптамаларын, зерттеулерін,тұжырымдарын әр түрлі жанрда ұсыну; бізден бұрын латын әліпбиіне көшкен елдердің тәжірибелерін, қандай қиындық болғанын және ол қиындықтарды қалай еңсергенін айтқан әр түрлі жанрдағы жарияланымдар беру; латын әліпбиіне көшкен елдердің жетістіктерін насихаттау арқылы оқырманға ой салу; кейбір шетелдік авторлардың латын әліпбиінде жазылған мұраларының қысқа нұсқаларын таныстырып отыруды тәжірибеге енгізу ұсынылды. Республикалық, өңірлік, салалық және балалар мен жас өспірімдерге арналған басылымдарда «Біз латынға көшеміз» деген айдармен латын әліпбиіне көшуді қолдайтын пікірлер, сараптамалар, зерттеулер, танымдық мақалаларды әр түрлі әлеуметтік ортадан алып жариялап отыру; «Латын әліпбиі» деген айдармен тіл мамандарынан латын әліпбиін таныстыру, түсіндіру мазмұнындағы әр түрлі жанрдағы, пішіндегі жарияланымдар беру; «Латын әліпбиін үйренейік» деген айдармен мамандардың әліпби таңбаларын үйрету дәрістері мен сабақтарын әрі түрлі пішінде бірнеше санда жариялап отыру; «Латынша оқиық» деген айдармен латын әріптерін дұрыс оқу жөнін түсіндіретін түрлі жанрдағы, пішіндегі циклды сабақтар жариялау; «Латынша жазамыз» деген айдармен латынша жазылған ақпараттар, мақалалар,эсселер, әңгімелер, өлеңдер, тақпақтар, жұмбақтар т.б. туындылар жариялап отыру жөнінде пікір айтылды.
Сөйтіп, барлық отандастарымызды ұлтымыздың рухани жаңғыруына жұмылдыра отырып, ұлттық бірегейлікке бастайтын бұл бастаманы науқандық емес, байыпты жолмен жүзеге асыруға қаламгер-ғалымдарымыз бен мамандарымыз лайықты үлес қосуда.

Қоңыр МҰҚАТАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X