Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Жетістіктер жүйелі жұмыспен келеді

Әлеуметтік-экономикалық даму мен халықтың әл-ауқатын көтеру – өңірлердің әлеует-деңгейін айқындайтын еңселі міндет екендігі сөзсіз. Осы межеде елеулі жетістіктерімен көш бастаған Ақтөбе облысы бүгінгі күні экономиканың бес пайыздық өсіміне қол жеткізіп отыр. Басшының мақсаткерлігі оң өзгерістерде көрініс тапқан өңірде экономиканың барлық секторы ерекше қарқынмен ілгерілеп келеді.

Елордада орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Бердібек Сапарбаев ағымдағы жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады. Әкім өнеркәсіптік кәсіпорындардың өнімділігі 4,7 пайызға артып, 1077 миллиард теңгені құрағандығын атап өтті. Облыс 9,1 пайыз деңгейінде қалыптасқан өңдеу өнеркәсібінің өсімі бойынша елімізде бірінші орын алады. Есептік кезеңде облыс экономикасына тартылған инвестиция 21,1 пайызға немесе 268 млрд. теңгеге өскен. Мұнымен қоса, ауыл шаруашылығының жалпы көлемі 3,9 пайыз, яғни 145,5 млрд. теңге, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 10,9 пайыз немесе 50,7 мың бірлікке дейін, бөлшек сауда айналымы 7,9 пайыз деңгейінде өсіммен қамтамасыз етілген. Ал құрылыста жұмыс көлемі 10,3 пайызға өсіп, 390 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл қорытындысы бойынша 650 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылады деп жоспарлануда. Өткен жылмен салыстырғанда салық көлемі 72,5 млрд. теңгені құрап, 7 пайызға артты. Экономика өсімі мен әлеуметтік тұрақтылық өңірдегі жұмыспен қамтуды сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Халықты жұмыспен қамту мәселесі өңір үшін қашанда басым міндеттердің бірі болып қала береді. Жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін жұмыс орындарын құруды, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтығандарды қайта оқытуды қарастыратын халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспары жасалды. Есептік кезеңде кешенді жоспармен 30 мың адам қамтылып, 15,2 мың жаңа жұмыс орындары құрылса, олардың 74 пайызы – тұрақты болып отыр. Қазіргі уақытта жұмыссыздық 4,8 пайыз деңгейінде. Жыл соңына дейін қосымша 1,3 мың жұмыс орнын құру жоспарланған.
Президент тапсырмасын орындау мақсатында аймақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы күшейтілген. Атап айтқанда, 7,8 млн. гектар ауыл шаруашылық жерлерін түгендеудің ауқымды жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 365 мың гектар жер айналымға тартылды. Сондай-ақ суармалы жерлер алаңы 18 пайызға 21,5 мың гектарға дейін кеңейіп, егін егетін жер 15 пайызға артты. Ауыл шаруашылығының 129 жобаны жүзеге асырған дәстүрлі емес салалары да дамып жатыр. Қазірде 7 мың жеке қосалқы шаруашылықты біріктірген 170-тен аса ауылшаруашылық кооперативтері табысты жұмыс істеуде.
Өңірде құрылыс саласының қарқындап дамуына «Нұрлы жер» бағдарламасы ерекше серпін беріп отыр. Халық үшін пайдасы зор бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 1 200 гектар жер бөлініп, толық инфрақұрылым жасалған. «Біздің болжамымыз бойынша үш жылдың ішінде осы жерде кем дегенде 4 200 тұрғын үй бой көтеріп, онда 110 мыңнан астам тұрғын қоныс тебуі керек», – деді облыс әкімі. Салынып жатқан тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 120 мың теңгеден аспайды. Бағдарламаның тағы бір артықшылығы сол, құрылыс материалдарының 80-85 пайызы қазақстандық қамту аясында пайдаланылуда. Демек, бағдарлама басқа да салаларды дамытуға жанама әсер беріп жатыр. Жаңа технологияларды қолданудың арқасында бір үй орташа есеппен 2-3 айда салынады, бұл стандартты құрылысқа қарағанда екі есе жылдам. Бұған қоса құрылыс сапасы тұрақты бақылауға алынған. Облыс әкімі биылғы жылдың соңына дейін жалпы ауданы 100 мың шаршы метр болатын кемінде 144 аз қабатты және жеке несиелік тұрғын үй пайдалануға берілетінін жеткізді.
Экономиканың күретамыры, өркениеттің айрықша белгісі болып табылатын жол мәселесіне келсек, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша облыста 300 шақырым жол жөнделеді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 2,7 есеге артық. Осы мақсатқа 10,6 млрд. теңге бөлінген. Сондай-ақ жұмыс құрамын жергілікті қамту 100 пайызды құрап отыр. Б.Сапарбаев жөндеу-құрылыс жұмыстары жүріп жатқан Ақтөбе-Орск, Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолы, Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк, Донское-Бадамша-Ақтөбе-Орск, сондай-ақ Ақтөбе қаласынан АФЗ аймағына шығатын жол өткелі құрылысы сынды ірі жобаларға ерекше тоқталды. Сондай-ақ биыл Ақтөбе-Атырау-Астрахань автожолын қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Биылғы жылдың басты ерекшелігі, елімізде алғаш рет посткеңестік кеңістікте жаңа технологиялар мен инвестицияларды тарту және енгізу мақсатында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі сәтті өткізілді. Осынау айтулы шараға Ақтөбе облысының кәсіпорындары мен тұрғындары да белсене атсалысты. Өндірістік процестерді әрі қарай жетілдіру мақсатында ақтөбелік кәсіпорындар көрмеде таныстырылған құны 43 млрд. теңгенің 18 үздік әлемдік технологиясын енгізіп жатыр. Аталмыш технологияларды қолдану өңірдің экологиялық жағдайына оң әсерін тигізіп, энергияны тұтыну тиімділігі мен еңбек өнімділігін арттырады деп күтілуде.
Өңір Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауын белсенді жүзеге асыруда. Бұл ретте 15 өндіріс орнын жаңғыртқан жол картасы бекітілді. Жыл соңына дейін тағы бес кәсіпорынды технологиялық жағынан жетілдіру жұмыстары аяқталмақ. Жаңғыртудың жалпы құны – 20 млрд. теңге. Жақын арадағы бес жылда кем дегенде 400 млрд. теңгеге жабдықтар мен процестер жаңғыртылатын болады.
Елбасы жолдауы аясындағы басымдықты жұмыстардың бірі – инвестициялар тарту. Екінші бесжылдықтың аясында ИИДМБ аясында сомасы 127 млрд. теңгені құрайтын инвестицияға 1,8 мың жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 16 жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде инвестициялар көлемі 18,5 млрд. теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылды. Мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Ағымдағы жылы бағдарламадан тыс 13,8 млрд. теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба жоспарланған, оның ішінде 6,7 млрд. теңгені құрайтын 4 жобасы іске қосылып, 265 жұмыс орны ашылды. Инвесторларды облыста бизнесті дамыту үшін барлық қолайлы жағдайлардың жасалғандығы қызықтыруда. Өңірдің бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Қазақстанда екінші орында тұрғанын көрсеткен «Doing Business» рейтингі осының айқын дәлелі. Қазірде 200 гектар аумақты алып жатқан өнеркәсіптік аймақ жартылай толығып, онда 1,7 мың жұмыс орны құрылған жалпы құны 85 млрд. теңге болатын 13 жоба жүзеге асырылуда.
Бүгінде Ақтөбе облысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін және мемлекеттік-жеке меншік серіктестікті дамытуда жетекші орында тұр. Өңір басшысы бұл механизм ұзақ мерзімді перспективада облыстық бюджетке деген жүктемені азайтып қана қоймай, халықтың әлеуметтік қамсыздандыру мәселесін жақсартатынын атап өтті. Осы тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аймақта әлеуметтік саланы дамытуға баса назар аударылған. Білім беру саласына тоқталсақ, жыл басынан бері 25 мектептің құрылысы жүргізілді. Қазірде 11 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы төртеуі ашылмақ. Бұл екі апаттық және үш ауысымдағы жеті мектептің мәселесін шешеді. Сондай-ақ 13 шағын жинақты мектеп оңтайландырылды. Балабақшалар желілерін дамыту да өңірде мол қарқынмен жалғасып келеді. Ағымдағы жылы 31 мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылды. Жыл соңына дейін тағы 34 жаңа балабақша тәрбиеленушілерін қабылдайды деп жоспарлануда. Нәтижесінде мектепке дейінгі біліммен қамту 95,6 пайызға дейін артады. Өңір медицина саласын дамытуда да озық бастамаларды жүзеге асырып отыр. Қазақстан өңірлерінің алғашқы «Aktobe Medical Center» медициналық кластері жанынан 400-ден аса күрделі ота жасалған. Жаңа технологияларды игеру және енгізудегі серіктестер – Оңтүстік Корея, Польша, Түркия, тағы басқа елдердің медицина майталмандары. Медициналық кластерді дамытуда МЖС механизмдері, сондай-ақ, неміс, оңтүстік кореялық, түрік өндірушілерінің, соның ішінде ЭКСПО-2017 көрмесінде таныстырылған жабдықтары мен инновациялық зерттемелері жан-жақты қолданылуда. Өңірде денсаулық сақтау саласының шамамен 14 млрд. теңге болатын барлығы 26 МЖС нысаны салынуда.
Мемлекет басшысының қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тапсырмасы аясында облыста 2016-2017 жылдары «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жұмыс топтары мемлекеттік және құқық қорғау органдары басшыларының, мамандардың, дәрігерлердің, теологтардың қатысуымен облыс аудандарын аралап, халықпен кездеседі, өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі. Жоба діни экстремизмнің алдын алуға, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру сұрақтарын түсіндіруге, бизнес-ортаны дамытуға бағытталған. Жобаның небәрі үш кезеңі ішінде 320 мың адамды қамти отыра 5 мыңнан астам іс-шара жүргізілді, облыстың 12,5 мыңнан аса тұрғыны нақты көмек алды. Ел Президенті белгілеген ұлт жоспарының транспарентті және есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бөлімінде көрсетілген тапсырмасын орындау шеңберінде Ақтөбеде Қазақстандағы алғашқы «Халықтық кеңсе» ашылды. Ол іске қосылысымен ақтөбеліктер енді бір мемлекеттік қызметті алу үшін бірнеше инстанцияны араламайтын болады. Мамандардың тиісті мемлекеттік органдарға жіберуі үшін тапсырыс қалдырса болғаны. Мұнда 600-ден аса түрлі қызметтер, соның ішінде мемлекеттік қызметтер көрсетіледі.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X