Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

ТМД: Бүгінгі күннің биік талаптары

Елбасы бастамаларында айқын көрініс табуда

Өңірлік және жаһандық түйінді мәселелер бойынша көрші елдердің позициясын ең жоғарғы деңгейде салыстырып тексеруде мемлекетаралық ұйымдар саммиттерінің құндылығы айқын. Жуырдағы Сочи кездесуінде Достастықты бүгінгі күннің құбылмалы жағдайына кешенді бейімдеу мәселесіне тағы да назар аударылды. Бұл процеске Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екі жыл бұрын Бурабайда өткен ТМД саммитіндегі бастамасы қозғау болған еді.

Сол кезде Қазақстан көшбасшысы жаңа сын-қатерлерге неғұрлым тиімді әрекет ету мақсатында ТМД-ны трансформациялауға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды. Араға бір жыл салып, Бішкек қаласында өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесінде Елбасы ұсынған бастамалар негізінде Достастықты бүгінгі шындықтарға бейімдеу туралы шешім қабылданды. ТМД-ның тиімділігін арттыру жөнінде пікір алмасулар сондай-ақ Сочидегі саммитте де жалғасып, Елбасы көтерген мәселелер толықтай қолдау тапты.
Тәуелсіз мемлекеттер достастығы тарихының бүкіл кезеңінде, 1991 жылдың 21 желтоқсанында Алматы декларациясы бекітілген сәттен бастап Қазақстан берік ұстаныммен экономикалық интеграцияны қолдап келеді. Өйткені, Елбасы ішкі терең байланыстармен шынайы интеграциялық құрылымдар пайда болатынын айқын көре білді. Осы ретте Мемлекет басшысының ТМД-ның қызметі туралы пікірі ойға оралады. Бірнеше жылдар бұрын «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында Н.Назарбаев: «Мемлекеттердің бөлінуі нәтижесінде бір отбасының мүшелері әртүрлі елдерде қалып қойғандай күй кештік. Осындай адами тұрғыдағы проблемаларды шешуде ТМД-ның рөлі зор болды. Достастық мемлекеттер басшыларының кездесіп, пікір алмасуы үшін маңызды алаңға айналды. Уақытпен бірге дамыған бұл қарым-қатынастар Еуразиялық экономикалық әріптестікке, Еуразиялық экономикалық одаққа ұласты», деген болатын.
Бастапқыда ұйымның тек интеграциялық институт ретінде ғана емес, посткеңестік кеңістіктегі байланыстардың түбегейлі үзілуінің алдын алу үшін сол кезеңде аса қажет болғанын түсіну ләзім. Кейіннен мемлекеттердің Батысқа, Шығысқа қарай әртүрлі даму векторлары бойынша қозғалысы орын алды. Осыдан бастап ұйым қызметінің тиімсіздігі, аморфтылығы, Достастық шеңберінде қабылданған құжаттардың іс жүзінде жұмыс істемейтіндігі жөнінде көп айтылды. ТМД институттарының тиімсіздігіне және ұйым аясындағы уағдаластықтардың жүзеге аспауына байланысты анағұрлым тереңдетілген әріптестіктің қажеттілігі туындағаны белгілі. Сөйтіп, бұл идея алдымен Кедендік одақ, одан кейін Еуразиялық экономикалық одақ түрінде жүзеге асты. Дегенмен, бүгінде ТМД қызметі жалғасуда, оның шеңберінде қабылданған құжаттар әрекет етуде. Олардың бәрі бірдей жүзеге аспай жататын, тіпті ЕАЭО аясында қабылданған анағұрлым заманауи шешімдерге қайшы келіп жататын жайттар да бар. Сондықтан Достастық қызметін реттеу, оның нормативтік базасын тексеріп, бүгінгі күннің өзгерістеріне сәйкестендіру, тиісті реформалау мәселесі өзекті болып қала береді. Сарапшылар әдетте ТМД-да екіжақты, үшжақты кездесулер өтетінін, аталмыш құрылым алдына қандай да бір интеграциялық мақсаттар қоймайтынын айтады. Негізінен Достастық алаңында қатысушылар алдында тұрған мәселелер мен шешімдер қаралады да, келісімдер орындалуы қиын декларациялық сипатқа ие болып келеді.
ЕАЭО – әлбетте, нақты белгіленген міндеттемелері, мемлекетаралық келісімшарттары бар толыққанды функционалдық құрылым. Онда кедендік реттеумен, сауда-саттықпен, тарифтермен, мөлшерлемелермен байланысты өзгерістер кезең-кезеңмен бекітілді. Сонымен қатар одақта анағұрлым шынайы мәселелердің қаралатыны әріптестердің экономикалық мәнде бір-біріне нақты сауалдарының, шағымдарының болуымен байланысты.
Сөйтіп, іс жүзінде Сочиде екі ұйымның саммиттері – ТМД мемлекеттері басшыларының саммиті және Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Бұл жолғы ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесінде Н.Назарбаев Достастық елдері арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды нығайту мәселелеріне, бизнесмендер үшін зор мүмкіндіктер туғызып, елдердің сауда-экономикалық кооперациясын жаңа деңгейге шығаратын қызмет көрсетудің еркін саудасы жайына баса назар аударды. Ол бойынша жұмысты нақты тапсырмалар мен шешімдерді енгізу жолымен жандандыруды және ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасын қайта қарап, қазіргі заман талаптарына бейімделген жаңа іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды.
«Өткен жылы біз сіздермен бірге Тәуелсіз мемлекеттер достастығының 25 жылдығын атап өттік. Бұл бізге Достастықтың атқарған жұмыстарының қорытындысын саралауға мүмкіндік берді. ТМД-ның арқасында біздің сауда-экономикалық қатынастарымыз ілгерілеп келеді, соның ішінде еркін сауда аймағын құру туралы келісім басты алғышарт болғанымен келісемін. Осы уақыт аралығында біздің қол жеткізген жетістіктерміз аз емес. Алдағы уақытта осымен шектеліп қалмауымыз керек деп санаймын. Ұйымның қызметін жетілдіріп, бүгінгі күн талаптарына бейімдеуді одан әрі жалғастыруымыз қажет», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыған байланысты, Қазақстан басшысы келесі мәселелерге назар аударды. Біріншіден, бүгінгі таңда Достастықты дамытудағы басты стратегиялық құжат – 2007 жылы қабылданған ТМД-ны одан әрі дамыту тұжырымдамасы мен оны іске асыру іс-шаралары болып табылады. Құжат ТМД қызметінің саяси, экономикалық, гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылы мен мәселелердің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық секілді кең ауқымын қамтиды. Ал осы салаларда нақты жұмыстар атқарылуға тиіс. Сол себепті қазіргі тұжырымдаманың ережелерін бүгінгі күн талаптарына сәйкестендіру, сонымен қатар атқарылатын жұмыстардың жоспарын әзірлеу керек.
Елбасы, сондай-ақ әлемдік экономикадағы құбылмалықтың әлі де сақталып отырғанын айта келіп, ТМД мемлекеттері өзара сауда-экономикалық қатынастарын тереңдете түсуі қажеттігін, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін жаңа ресурстарды іздестіру керектігін жеткізді. Үкімет басшыларының кеңесі мен Атқару комитетіне Қызмет көрсетудің еркін саудасы туралы келісім жобасы бойынша жұмысты жандандырып, оны жуық арада қабылдауды тапсыруды ұсынды.
Мемлекет басшыларының кеңесі тиісті өкілеттіктерді үкімет басшыларының, сыртқы істер министрлерінің, қорғаныс министрлерінің, шекара әскерлері қолбасшыларының кеңестеріне, сонымен қатар Экономикалық кеңеске беру арқылы Достастықты дамытудың негізгі стратегияларына назар аударылды. Бүгінгі таңда мемлекеттер басшылары кеңесі мен үкіметтер басшылары кеңесі арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, Достастықтың атқарушы жүйелерін трансформациялау, соның ішінде олардың кадрлық құрамын оңтайландыру, ТМД экономикалық сотының жұмысын реттеу – Бішкек саммитінде қабылданған Достастықты бүгінгі шындықтарға бейімдеу туралы шешімнің жүзеге аса бастағандығының нақты көрінісі болып отыр. ТМД қызметінің тағы бір басым бағыты – мемлекеттердің мәдени-гуманитарлық байланысын жалғастыру. Осы орайда президенттердің 2020 жылы еліміздің ірі мегаполисі – Шымкентті Тәуелсіз мемлекеттер достастығының мәдени астанасы деп жариялауы ерекше мән-мағынаға ие.
Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында ЕАЭО жұмысын жетілдірудің одаққа мүше елдердің экономикалық дамуына оң ықпалы атап өтілді. Бұл ағымдағы жылы ұйымға мүше елдердің арасындағы тауар айналымының өсімінен анық байқалады. Енді ұйым Жоғарғы еуразиялық кеңес алаңында елдер экономикасын цифрландыру процесін бірлесіп ілгерілетуге бет алды. Бұл бастаманы да Қазақстан көшбасшысы көтеріп, келесі жылы аталған тақырыппен арнайы кездесу өткізуді ұсынды. Сөйтіп, бүгінгі цифрлы Қазақстанның жаңашыл қадамы осынау өзекті тақырыпты жоғары мемлекетаралық деңгейде талқылауға ұйытқы болып отыр.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру