Валюта бағамы: $ 367.06 416.17 5.56 ¥ 52.84

Байыпты жұмыс ретімен іске асады

Атырауда құны 140 млрд. теңге болатын бес ЭКСПО жобасы жүзеге асуда. Сондай-ақ, тағы да 23 жобаны пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте айтты, деп хабарлады облыстық газеттен.

Аймақ басшысының айтуынша, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Атырау облысынан 82 902 адам (жоспарланғаны 65 мың адам) барған. Оның ішінде мектептер мен колледждердің 13 мың оқушысы және оларды апарған 2 мыңнан астам мұғалім мен медицина қызметкерлері бар. Бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіш.
Облыс әкімі қазір аймақта «Жасыл энергия» технологиясы бойынша жалпы сомасы 140 млрд. теңгенің 5 жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Олардың бәрі де «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде назарға ұсынылған.
Нұрлан Ноғаев, сондай-ақ, мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттер бойынша аймақта 1,6 млрд теңгеге 106 жоба жүзеге асырылатынын хабардар етті. Оның 1,088 млрд теңгесі – кәсіпкерлердің демеушілік қаражаты негізінде жүзеге аспақ.
Айта кету керек, деп тұжырымдайды облыстың басты газеті, 2017 жылы Атырау облысында 1-4 сыныптарда оқитын 54 418 оқушы және әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары тегін ыстық тамақпен қамтылған. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 2135,8 теңге бөлінген екен.
Ағымдағы жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өңірде жалпы сомасы 5 млрд. теңге болатын 5 өндірістік жоба жүзеге асады, оның 4 жобасы іске қосылып, 299 жұмыс орны құрылды. Негізгі капиталға инвестиция көлемі 1792,5 млрд. теңгені құрады, деп хабарлайды ақпарат көзі.
Аймақта шағын және орта бизнес саласында 43 142 субъект тіркелген екен. Өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 106 пайызға артыпты. 2017 жылдың қаңтар-маусым айларында шағын және орта бизнес саласында өндіріс көлемі 53,3%-ға өсіп, 655,2 млрд. теңгені құраған. Нәтижесінде, 121,4 мың адам жұмыспен қамтылыпты.
Брифинг барысында «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында халықтың әлеуметтік әлсіз тобына жалпы ауданы 135,6 мың шаршы метр 675 пәтерлік 13 үй пайдалануға берілетіні, сонымен қатар жалпы ауданы 92,3 мың шаршы метр болатын 1332 пәтерлі 24 несиелік тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқаны жария етілді. Атырау облысында 2017 жылы 497,9 шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 136,8%-ға артық.
Жиында жол құрылысы жайы да айтылды. 2017 жылы аймақта 296,6 шақырымдық жол салынған. Сонымен қатар, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Telegram қосымшасында «Атырау облысы әкімдігі» чат-арнасы ашылғаны туралы да айтты.
«Мемлекет басшысының бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын басшылыққа ала отырып, ашық әкімдікті қалыптастыруға қадам жасадық», – дейді Нұрлан Ноғаев. «Чат-арна биыл 7 қыркүйекте ашылды, ол тұрғындардың мемлекеттік органдарға жолдаған ұсыныстары мен сұраныстарына жедел жауап қайтаруға бағытталған».
Облыс әкімінің айтуынша, чат-арна жұмысын бастағалы 1 мыңға жуық сауал келіп түскен. Қазір топта 900 адам бар. Бір сауалды өңдеп, шешу үшін 1-2 жұмыс күні кетеді. «Смартфон әр адамда бар қазіргі кезде, мұндай қадам халықтың билік органдарына деген сенімін арттырады, жергілікті атқарушы билік пен тұрғындар арасындағы өзара қарым-қатынасты жақсартуға мүмкіндік береді», – деді аймақ басшысы брифингте.
Тағы бір айта кетер маңызды мәселе – Н.Ноғаев сыни пікірімен ерекшеленетін БАҚ журналистеріне өзінің қоғам өкілдері үшін әрқашан ашық екенін осы брифингте тағы дәлелдеп бергені. «Сұрақтарға ол тікелей жауап берді. Тіпті, жеті жыл бойына жол қияметі қинап жүрген Балықшы ауылдық округіндегі жаңа Водник поселкесінің тағдыры туралы сұрағанда да, ол құр уәде бергісі келмеді» деп жазады шамшыл сайттың бірі.
Расында да, облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың өңір қиыншылықтарын бес саусақтай білетіні, оларды жою жолында айтарлықтай жұмыс жүргізіліп жатқаны жоғарыдағы деректерден онсыз да аян. «Дәл қазір біз кездесіп отырған кемшіліктерді жою үшін, жаңағы айтқан Водниктегі жолдарды да нақты кесте бойынша жөндеудеміз. Бәрі де ретімен іске асады, орынсыз дүрліктіріп қажеті жоқ», деп облыс басшысы кесіп айтты. Нақты іс бар жерде кез-келген кемшілік ретімен орнына келері сөзсіз, бұған Атыраудағы ілкімді іс-шаралар дәлелдесе керек. Өйткені, жұмыс байыпты жүргізілсе, іс те оңға баспақ.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру