Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Мәселеге байыппен қарайтын уақыт жетті

Жаһан бүгінде жылдам өзгерістер үстінде. Зымыран уақыт әлемдік қаржы архитектурасын да өзгертуде. Сол өзгерістердің қатарында бірқатар елдерде қолданысқа шыққан криптовалюта да бар. Әу баста тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін жасалған электрондық төлем құралы – криптовалюта бүгінде танымал инвестиция құралына айналып отыр.

«ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандан­ды­рылған көрмесімен үндес «Жаңа энергия – жаңа экономика» тақырыбымен өткен биылғы Астана экономикалық форумының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық экономиканы дамытудың маңызды аспектілері қатарында халықаралық есептік төлем бірлігін енгізу мәселесін айрықша атап өткен болатын.
Мемлекет басшысы осы ретте әлемдік қар­жы архитектурасын трансформациялау қа­жет­тігі туғандығын айта келіп, «халық­ара­лық есептік төлем бірлігін енгізу мәселесін байыппен қарайтын уақыт жетті. Ол әлемді валюталық соғыстардан, алаяқтықтан ары­луға, сауда қарым-қатынастарында қате­лік­терге ұрынбауға, нарықтағы құбылма­лық­ты төмендетуге мүмкіндік береді», – деді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, валюта эмиссиясы тұтынушыға бағыныңқы, қара­пайым және транспарентті болуы тиіс. «Блокчейн» сынды технологиялардың дамуы мен цифрландырылуды ескере отырып, криптовалюта түріндегі есептік бірлікті құруға да болады. Яғни ол абстрактілі сенімді тірек етпеуі тиіс. Керісінше, нақты активтерді қамтамасыз етуі қажет. Бұл валюта бүкіл әлемдегі қол­данушылар тарапынан қабылдануы керек. Сондықтан бұл іске тек қана G20 емес, одан да көп мемлекеттер қатысуы үшін Қазақстан G-Global-ды ұсынған болатын.
Елбасы жаһан­дық валютаны Орталық банктердің пулін құру жолымен, мәселен, БҰҰ-ның арнайы құрылған комитеті жанынан, енгізуге болатындығын атап өтті. Онда барлық елдің теңқұқылы, әділ өкілдігі болуы тиіс. Бұл, әрине, қарапайым мәселе емес. Бірақ оны айтып қана қоймай, шешу де қажет.
Сондықтан криптовалютаның болашағы қандай, бұл нарықта тәуекелдер қаншалық және оған сенім бар ма, яғни инвестиция салу қаншалық тиімді деген сауалдар бүгінде жиі алға шығады. Осы тұрғыда «Финам» компаниялар тобы порталының онлайн-конференциясында ортаға түскен ойлар үзігін келтіре кетпекпіз.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, криптовалюта әуелде қолданушыларға қолайлы болу мақсатын көздеген электрондық төлем құралы ретінде дүниеге келген еді. Алайда қазір ол 99% дерлік жәй ғана алыпсатарлық құрал болып отыр дейді онлайн-конференцияға қатысқан сарапшылар. Яғни адамдар криптаны есеп айрысу үшін емес, бағам өсімінен пайда табу үшін сатып алады. Өйткені бағамның тұрақсыздығы өте жоғары, кейбір криптовалюталарда бұл бір күнде 50%-ға дейін жетеді.
Мұнда тәуекелдер де үлкен, тіпті аса үлкен десе болады. Бағамның құлдырауы кезінде салымдарыңызды жоғалтып алумен қатар, бақылау тізгінінен айрылып қалудың техникалық қатері де аз емес. Құпиясөзді ұмытып қалдыңыз, криптовалютаны басқа жаққа аударып жібердіңіз, биржа немесе электронды әмиян жұмыс істемей қалды дегендей…
Дегенмен криптоинвестициямен айналысып көру қажет, қалай десек те, бұл – бірінші кезекте, технология, одан асып кете алмаймыз. Әрине, мұндай тәукелі жоғары активтерге жалпы инвестпортфеліңіздің 25-30%-нан артық салудың қажеті жоқтығын ескерген жөн.
Сарапшылардың енді бірі криптоактивтер мен криптовалюталар қызғалдақ дүрлікпесі кезеңіндегі голланд қызғалдақтарына ұқсайды дегенді айтады. Пирамиданы құру үшін оны басқарушы тұлға өз активтерінен асатындай қор жасауы тиіс. Ал криптовалютаның жұмыс істеу тәсілі өзгеше. Оны сатып алуға немесе одан пайда түсеріне нарықтағы баға өзгерісінен өзге ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан бұл пирамидаға мүлдем ұқсамайды. Бағаны нарық қалыптастырады. Бізде нарық тиімді емес. Жалпы алғанда, әлемдегі кез келген нарық сондай. Кез келген активтің құны, оған қанша төлеуге және қаншаға сатуға дайын, міне, осы өлшемдердің сәйкес келуімен анықталады.
Криптовалюта – тамаша идея. Алайда қа­зір­гі әлем бұл технологияларға сай емес, деп санайды «Касперский лабораториясы» компа­ниясының басшысы.
«Криптовалюта – толық еркіндік ахуалында өмір сүретін біртұтас әлем үшін қажет нәрсе. Сондай жағдайда ол тамаша жұмыс істейтін болады. Мемлекеттер мен одақтарға бөлінген бүгінгі әлем жағдайында криптовалюта дұрыс жұмыс істей алмайды. Кейде бір-бірімен қырғиқабақ болып жататын қайсыбір мемлекеттер оған қарсы болуы, тиым салуы мүмкін. Ал, 300 жылдан кейін – бұл нағыз керемет дүние болады», – дейді Е.Касперский.
Әлемнің бірқатар елдері бүгінде криптовалюталар үшін өз нарықтарын ашты. Бұл – блокчейн технологиясы негізінде жұмыс істейтін цифрлы құралдар нарығы. Қазір жаһандағы ең белсенді де танымал криптовалюта биткоин болып табылады. Жақында Дубай үкіметі emCash атауымен алғашқы мем­лекеттік криптовалютаны айналымға шы­ғар­ғаны туралы айтылды.
Ал, жаңа валютаға қатысты біздегі жағдай туралы сауалдарға орай Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев: «Біз қазір криптовалюта нарығындағы ахуалды бақылап, зерттеп-зерделеудеміз. Өйткені қандай да бір мәселені реттеу, шектеу үшін оны жан-жақты зерттеп, білу қажет. Криптовалютаның айналымын шектеу үшін бізде басқару тетіктері бар ма? Осы мәселені түсінуіміз керек. Мәселен, сіз шет елдегі қаржылық пирамиданың қатысушысы болсаңыз, мұны мен басқара алмаймын, ал Қазақстан аумағында реттей аламын», – деп атап өтті журналистермен кездесуде.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X