Валюта бағамы: $ 324.65 397.66 5.74 ¥ 50.73

Жер мәселесі бәрімізге ортақ

Жайылымдық жер ауылдағы мал ұстайтын ағайынның жанды жеріне айналғалы қашан. Себебі, бүгінде ауылдық жерлерде мал бағатын жайылым жетіспейді деген мәселе күн тәртібінде тұр. Аталған жайды түпкілікті реттеуді көздейтін жайылымдар туралы заң елімізде осы уақытқа дейін болған жоқ. Мемлекет басшысы биылғы жылдың 20 ақпанында «Жайылымдар туралы» Заңға қол қойып, ол күшіне енген еді.

Осыған орай, Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінінде «Жайылымдар туралы» заң жобасын іске асыру барысына арналған талқылау жиыны өтті. Жиынды Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик Тілектес Есполов ашып, басқосуға негіз болған өзекті тақырыпқа орай мазмұнды баяндама жасады. Ректор өз сөзінде елімізде 2015 жылы «Ауыл шаруашылығы кооперативтері», үстіміздегі жылдың 20 ақпанында Үкіметте «Жайлымдар туралы» жаңа заңдар және «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданып іске аса бастағанын тілге тиек етті. Ректор, сондай-ақ, бұл басқосудың мақсаты – Қазақстанның ауыл шаруашылық ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалымдарымен жайылымдар заңыңдағы қабылданған өзекті мәселердің іс жүзінде орындалуы, жайылымдарды тиімді басқару үшін шешімін таппай отырған мәселелер туралы пікір алмасу екенін атап өтті.
Жайылымдар туралы заңның авторларының бірі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ауыл шаруашылығы саласының білікті маманы, мемлекет және қоғам қайраткері Жексенбай Қартабайұлы Заң жобасында негізінен төрт басты бағыттар айқындалып, заңнамалық сипатта жеке баптармен бекітілгендігін, осы бағыттарды жүзеге асыратын үкіметтің, уәкілетті органның, облыс, аудан және ауылдық округ әкімшілерінің, мәслихаттардың, жергілікті өзін өзі басқару жүйесінің құзыреттері белгіленіп, жеке нормалары енгізілгендігін, заңның тиімді жүзеге асырылуына бірінші кезекте ауыл шаруашылығы саласы мамандары мүдделі болуы тиіс екенін баса айтты. Биология ғылымының докторы, «Жер ресурстары және кадастр» кафедрасының профессоры Рашид Мирзадинов, Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, «Агроинновация және экология» ҒЗИ директоры, Сағынбай Қалдыбаев, техника ғылымының докторы, «Су ресурстары және мелиорация» кафедрасының профессоры Жұмахан Мұстафаев және тағы да басқа ғалымдар жайылымдық жер мәселесіне қатысты баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.
Басқосуда ҚазҰАУ профессор-оқытушыларымен қатар агроөндірістік кешеннің білікті мамандары, шаруашылық жетекшілері, ғылыми-зерттеу институттары басшылары қатысып, аталған заңды жүзеге асыруға байланысты өз ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Жиында аридтік, екпе жайылымдар туралы, жайылым айналымы және жайылымдарды басқару, оларды геоботаникалық тұрғыдан зерттеу, жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шектеулі нормалары, жайылымдарды суландыру және түбегейлі жақсарту, инфрақұрылымды жандандыру, маусымдық және шалғайдағы жайылымдарды тиімді қолдану мәселелері де кеңінен талқыланып, оны шешу жолдары ұсынылды.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X