Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Жадымда тұрар жаңғырып…

Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.

Нұрсұлтан Назарбаев
(«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан)

Өткенсіз – болашақ жоқ. Ұлы Ахаң айт­қандай, «Бүгін – ол болашақтың атасы». Бо­лашаққа рухани бағдар ретінде өмірден өтсе де арамызда жүргендей сезілетін ардақты ағаларымыз бен апаларымыздың өзіміз куә болған адами асыл қасиеттерін ұстануымыз керек. Әңгіме, міне, осы туралы.
Кез келген адамның өмірі өзінше бір әлем. Өмірге келген әрбір жұмыр басты пенденің еліне, халқына, ұлтына сіңірген адал еңбегі ол өмірден озса да есте қалады. Осындай ұмытылмас абзал азаматтың бірі Байтұрсын Дәрішұлы Дәрішев еді. Ол 1929 жылғы 5-ші қаңтарда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Қосағаш ауылында (кейін Мәдениет колхозы болған) туған. Әкесі Нұртазин Дәріш ауыл шар­уашылық жұмысымен айналысқан орташа шаруа болған. 1928 жылғы байларды тәркілеу кезінде онша бай болмаса да Дәрішті отбасымен Ақтөбе қаласына жер аударады. Сондағы себебі оның әкесі Нұртаза Кемелев кезінде Айыртау болысының болысы болған екен.
1930 жылдан бастап Дәріш Нұртазин Ақтөбе темір жолында жұмысшы болады. Ауыр да қиын жағдайда ауырып, үш жылдан кейін туған жерінен алыста қайтыс болады. Ол кезде Байтұрсын әлі төрт-ақ жаста еді. Шешесі Меруерт үй шаруасымен айналысқан. Енді ол жұмыс іздеуге мәжбүр болады. Ақыры тігін фабрикасына тігінші болып орналасады. Ол жұмысты жақсы істеді, берілген жоспарды артығымен орындап отырды. Нәтижесінде стахановшы атанды, жемісті еңбегі үшін бірнеше рет сыйлық алды. Ұлы Отан соғысы басталған кезде тұрмыс қиындап кетті. Ауыр тұрмыстан шешесінің денсаулығы нашарлап, 1942 жылғы қарашада дүние салды. Бұл кезде олар Семипалатинск қаласында тұратын еді. Байтұрсын 7 жасында қаланың № 12 мектебіне оқуға түсті. 1943 жылы 7 класты бітірді.
Дәріштің жетім қалған балаларын (2 ұл, бір қыз) ағайындары қамқорлыққа алды. Байтұрсынды туған ауылына колхозға жіберді. Онда ол 1946 жылға дейін үлкендермен бірге колхозда жұмыс істеді. Байтұрсын бала кезінен сабақты жақсы оқыды, білімге құмар болды.1946 жылы үлкен ағасы Мәделхан Дәрішев әскерден оралып Алматыда орналасты да Байтұрсынды қасына алып оқуын жалғастыруына көмектесті. Байтұрсын Алматы облысындағы Түрген педтехникумына оқуға түсіп, оны экстернмен бітірді. Сол кездегі жағдайға байланысты, оқуын тоқтатып, күн көріс үшін еңбекпен айна­лысуға тура келді. Сөйтіп, Қазақ ССР Ғылым Академиясының шөл институтына лаборант болып орналасты. Оқуға деген ынтасы оны 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне сырттай оқуға әкелді. Екі жылдан кейін 1949-1950 оқу жылы күндізгі оқуға кірісті. 1952 жылы жазда тарих факультетін тәмамдап, тарихшы мамндығы бойынша диплом алып шықты.
Университетте оқыған жылдары Бай­тұрсын өзін көп оқитын ынталы студент ретінде көрсетті, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты, университетте өтіп тұратын ғылыми-практикалық конференция­ларда салиқалы сөз сөйлеп көзге түсті. Байтұр­сынға сол кезде Қазақ ССР Ғылым Ака­де­мия­сының экономика институтында аға ғылыми қызметкер болып істеп жүрген ағасы үлгі болды. Университеттің тарих кафедрасы Байтұрсынның үздік оқығанын және ғылыми зерттеу жұмысына қабілеттілігін ескеріп, оны кафедрада қалдыруға ұсыныс жасады. Бұл ұсынысты қабылдаған университет ректоры А.З.Закарин комсомолец Байтұрсын Дәрішевті 1952 жылдың 1-ші қыркүйегінен бастап жалпы тарих кафедрасына оқытушы етіп алуға бұйрық берді. Жас оқытушы Байтұрсын Дәрішев аудиториядағы жұ­мысымен қатар өзінің мамандығын же­тілдіреді, қоғам жұмысына қатысады, студенттер арасында үгітші болады. 1952-1956 жылдары Байтұрсын Дәрішев ассистент қызметін атқарды.
1956 жылдан бастап аға оқытушы болды. Сол жылы күзде тың игеруде құрылған совхоздарда егін орағы науқанына белсене қатысқаны үшін 1956 жылғы 20-қазанда «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталды. Б.Дәрішевтің оқытушылық және ғылыми жұмысының сапасы жөнінде тарих факультетінің деканы, доцент М.Ақынжановтың, жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі, профессор А.Алиевтің университеттің ректоры, профессор Т.Б.Дарханбаевқа 1957 жылғы 2-ші шілдеде жолдаған хатынан байқауға болады. Ол хатта былай делінген: «Б.Д.Дәрішев университетте бірнеше жыл бойы жұмыс істейді, өз бетімен жалпы тарих бойынша дәрістік курстар оқиды. Келесі жылы ол бір мезгілде өз курсын қазақ бөлімінің студенттеріне қазақ тілінде оқуға тиіс. Сондықтан ол осы курстарды дайындау үшін үлкен ғылыми жұмыс жүргізуде. Бірнеше жыл ішінде ол өзін тек жақсы жағынан көрсетті және университет үшін өзін ілгері басушы ғылыми кадр етіп көрсете алды».
Бұл кезде Б.Дәрішев «Венгрия 1918-1939 жылдар» атты кітапша шығарды, мерзімді басылымдарда тарихи мәселелерге арналған мақалалар жариялады. «Ұлттық мәселе бойынша Ленин принциптерін әлемдік мойындау» атты монографиясы дайындалуда болатын. Сонымен қатар ол «Білім» қоғамының белсенді лекторы болды. Алматы халқының алдында қоғамдық-саяси тақырыпта лекциялар оқыды.Байтұрсын Дәрішев тарих пен философия ғылымдарын өте жақсы көрді және жақындарының да осы ғылымдарды ұнатуын қалады. Ол өзінің шешесінің сіңлісінен туған жиені Мағида Бақықызы Шорманованы университеттің тарих факультетіне оқуға түсуге үгіттейді. Мағиданың әкесі Бақы Зиндаұлы Шорманов 1934-1937 жылдары Петропавл меди­ци­налық техникумда сабақ береді. 1937 жылы Алматы облысындағы Түрген селосына көшіп келіп, сондағы педтехникумда мұғалім болып істейді. 1939 жылы Омбы пединститутының биология-химия факультетін бітіреді. 1946-1952жылдары Түрген педтехникумында, 1953-1968 жылдары Қарағанды қаласының мектептерінде химия, биология пәндерінің мұғалімі болып істейді. Сол қалада 1975 жылы қайтыс болады. Мағида алдымен әкесі сияқты биология, химия пәнінің мұғалімі болуды қалап, университеттің биология факультетіне түс­пекші болғанда нағашысы Байтұрсын оған тарих факультетіне түсуге кеңес береді. Ақыры оның ақылымен тарих факультетіне түсіп, оны бітіріп шығады. Кейін Мағида Бақықызы Шорманова тарихшы, экономист болады. Экономика ғылымдарының кандидаты атағына ие болады. Ол жүзден астан ғылыми еңбектің авторы. Оның ішінде Шормановтар әулетінің тарихы жазылған еңбегі өте құнды.
1961 жылы ғалым, ұстаз Байтұрсын Дәрішев 32 жасында кенеттен жол апатына ұшырап, екі аяғынан (тізесінен төмен) айрылады. Бірінші әйелі сот арқылы ажырасып кішкентай ұлы Асанды мұның қамқорлығына қалдырып кетіп қалды. Алғашқы кезде, әрине, қиын болды. Кейінірек жігерлі Байтұрсын бар күшін жинап қиындықты жеңіп, аты аңызға айналған Маресьевтей қайраттанып университеттегі қызметін жалғастырды. Алғашқы кезде қос балдақпен жүріп университетке барып сабақ беру қиын болды. Сондықтан оқыту жұмысын өзінің үйінде жүргізуге тура келді. Ректорат оның жағдайын түсініп көмекке келді. Ректор А.З.Закарин, партия ұйымының хатшысы С.С.Матвиенко, профсоюз комитетінің төрағасы Ю.Г.Басин кенеттен мүгедек болып қалған келешегі бар жас ғылыми қызметкер өз күшіне сенімін жоғалтпай, жастарға тәлімгер болып қалуы үшін барлық жағдайды жасады.
Байтұрсын Дәрішев кенеттен кездескен тағдырдың сынағын еш мойымай жеңіп шықты. 1965 жылғы 18-нші қыркүйекте ол ректоратқа арыз жазып өзін КПСС Орталық Комитетінің жанындағы Мәскеудің марксизм-ленинизм инс­титутында бір жылдық аспирантураға кан­дидаттық диссертациясын аяқтау үшін жіберуді сұрайды. Бұл кезде ол 20 ғылыми еңбектің авторы болатын. Әріптестері оны жоғары бағалап, қолдап отырды. Мысалы, профессор Я.Д.Серовайский: «Оның құрбылары әлде­қашан кандидаттық диссертация қор­ғап алды. Ал оның қабілеттілігі олардан еш кем емес, артық болмаса» – деді. Оның әріптестері А.Н.Зайкин, Л.А.Азаренко, Р.Қ.Қайыргелдин, т.б. оның тілегін орындауға ұсыныс жасады.
Жас ғалымның ғылымға сіңірген еңбегі жо­ғары бағаланды, оның еңбектері туралы орталық ғылыми журналдарда жарияланды. Нәтижесінде КСРО Жоғары аттеста­циялық комиссиясы (ВАК) оған жалпы тарих кафедрасының до­центі атағын берді. (11 желтоқсан 1965 ж. Мәс­кеу). Университеттің мұрағатында оның өз қолымен 1966 жылы 16 наурызда жазған ғылыми еңбектерінің тізімі сақталған. Оның еңбектері Коминтерннің тарихына, Париж коммунасына, ХХ ғасыр­дағы Венгрия тарихына, ұлт мәселесі тарихына, т.б. арналған. Оның Қазақ мем­ле­кеттік университетінің қазақ және орыс бөлімдерін­де оқыған лекциялары Қазақ­стан­ның жоғары оқу орындарының тари­хына кірді. Оның жеке басының ерлігі мен жігері, қарапайымдылығы мен әдептілігі әріптестерінің ризашылығына ие болды.
Б.Дәрішев ұлт кадларын даярлауға көп күш жұмсады. 1970 жылдары ол қазақ тілін­де «Еуропа және Америка елдерінің жаңа тарихы» II бөлім (1870-1917 жж.) атты оқу құралын шығарды. Университет ректоры Өмірбек Жолдасбеков оны баласындай жақсы көріп көп қамқорлық жасады, оның Ленинградта емделуіне квота алып берді.Кейін Байтұрсын Дәрішев Есенбаева Бақытқа үйленді. Бірте-бірте отбасылық өмір қалпына келтірілді. Отбасында Асан (1953), Асқар (1957), Фатима (1965), Жандос (1971), Ахтан (1973), Айжан (1974) атты балалары тәрбиеленіп өсті. Бәрі де оқып білім алды. Кенжесі Айжан әкесінің жолын қуып, университеттің тарих факультетін бітірді. Байтұрсын Дәрішев 1952 жылдан 1987 жылға дейін Қазақ мемлекеттік университетінде 35 жыл үзіліссіз қызмет атқарды. 1987 жылы 2 қазанда кенеттен қайтыс болды. Бұл туралы жалпы тарих кафедрасының сол кездегі меңгеруші­сі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.У.Ибрашев мәлімдеген екен.
Мен 1954-1955 оқу жылының екінші жартысында өзім оқып жүрген философия бөлімі жабылғасын тарих факультетінің 3-ші курсына ауыстым. Сол кезден бастап бізге аға оқытушы Байтұрсын Дәріш­ұлы Дәрішев сабақ берді және семинарлар өткізді. Ол бізге өзінің байсалды салмақтылығымен, қарапайымдылығымен, әсі­ресе терең білімділігімен бірден ұнады. Менің үздік оқығанымды құптап, арасында ағалық ақылын айтып жүрді. 1956-1957 оқу жылы ақырғы курста біз диплом жұмысын жазуға тиіс болдық. Б.Д.Дәрішев менің диплом жұмысыма жетекші болды. Ол маған «Критика Карлом Марксом и Фридрихом Энгельсом позиции Англии в восточном вопросе» деген тақырыпты ұсынды және негізгі қажетті әдебиеттердің тізімін берді. Мен тақырыпқа байланысты әдебиеттерді оқып зерттедім де, жұмысты жаза бастадым. Жетекшім арасында менің жұмысымның барысын байқап, бағыт-бағдар беріп отырды. Мен 1957 жылдың көктемінде диплом жұмысымды мемлекеттік комиссияның алдында үздік бағамен қорғап шықтым. Жетекшім бұған менен де күшті қуанды. Ол маған университетте қызметке қа­луды ұсынды. Бірақ мен елде кәрі әке-шешем күтіп отыр деп Солтүстік Қазақстанға жолдама алып кетіп қалдым.
Содан бері ол кісі туралы хабарым болмап еді. Бір күні, ұмытпасам 1965 жылдың қыркүйегінде, мен осы күнгі Шал ақын ауданындағы Городецк орта мектебінде директор болып істеп жүргенімде бір хат келді. Хат жазған Преснов ауданындағы Казанка сегізжылдық мектебінің директоры Уәйісов Рүстем Сәдуұлы деген азамат екен. Ол Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетінде сырттай оқып жүр екен. Енді оның айтқандарын келтірейін: «Университетте семинар сабағы өтетін. Біздің курстың студенттерін он-оннан үш группаға бөлді. Менің группамды бір мұғалімнің үйіне барып өткізуімізді бұйырды. Алматы қаласының дәл ортасындағы бір пәтерге барлығымыз саулап кірсек, төр жақта арбаға таңылған зор денелі, екі иығына екі жігіт отырғызсаң да былқ етпейтін бір азаматты көріп таңырқап қалдық. Аты-жөнімізді атап, қай облыстан келгенімізді айттық. Маған бір қарап, сабақ біткесін сен аз уақыт қаларсың деп ескертті. Сабақ бітті, бөлмеде екеуміз ғана. Мұғаліміміздің аты-жөні Дәрішев Байтұрсын екен. Сіздің облыс­тан Қайролла Мұқанов деген азамат оқып еді, өзінің ғылымға деген ынтасы зор, екі тілде бірдей сөйлейтін, ізденімпаз азамат болатын. Мен оған университетті бітіргесін осында қал, оқуынды аспирантурада жалғастыр деген сауалымды ескермеді. Үйде кәрі кемпір-шалым бар деп кетіп қалған еді. Мен одан көп үміт күтіп едім. Сен еліңе барғасын Қайролланы тауып ал, менімен хабарлассын деп мені босатқан еді.
Дәрішев ағамыз қандай сауатты, көп біледі, тақырып бойынша сөйлеген сөзі бірінен соң бірі іркілместен жалғасып, тақырыпты тұжырымдап, миыңа құйып беретін білгір дарын иесі екенін сезіп, іштей кейіп, не болды екен, қалай екі аяғынан айрылды деп кәдімгі өзіміздің ағамыздай көпке дейін ой үстінде болдым. Апат айтып келмейді дегендей, екі аяғы поездың астында қалса керек».Осы хатты алғаннан кейін Алматыға бір барғанда ұстазымның үйін тауып алып барсам, дәл Рүстем Уәйісов айтқандай Бәкең төр жақта коляскада отыр екен. Мені көріп ол коляскасын жылжытып қасыма келіп, құшақтап амандасты. Онымен шектелмей үйдегі газплитаға шай қайнатып, үстелге шақырып шай берді. Екеуміз дәмді шай ішіп отырып біраз әңгімелестік. Ол алдымен менің жағдайымды сұрап білді де, өз жайын айтты. Өзі көңілді, ешқандай қынжылысы, уайымы байқалмайды. Үйдің бір стенасындағы стеллаждарда толған кітап. Әйелі мен балалары басқа үйде тұрады екен де, арасында ас-суларын әкеп, көмектесіп жүреді екен. Ол өзі менің аспирантураға қалмағаныма өкініш білдірсе де, елде жақсы қызмет атқарып жүргеніме ризашылығын білдірді және тарихтан қол үзбе, ғылыми мақалалар жазып тұр, өзің менімен хабарласып тұр деп телефонын жазып берді. Кейін бірнеше рет Алматыға барған сайын оған сәлем беріп, кеңесіп шығатынмын. Бірақ оның қайтыс болғанын кезінде білмедім. Кейін ғана естідім. Амал қанша, дарынды ғалым, ұлағатты ұстаз, ұлтжанды азамат дүниеден ерте өтті. Ол біржақты идеология жағдайының өзінде тарих ғылымында, әсіресе Орта Азия мен Қазақстанның интеллектуалды тарихында жарқын із қалдырды. Тағдырдың ауыртпалығына мойымай, бар күш-жігерін жинап өмірінің соңына дейін қаламын қолынан түсірмеді.
Дәрішев Байтұрсын ағаның дәрістері, оның еңбектері тарихта да, біздің есімізде де мәңгі сақталады.

Қайролла Мұқанов,
білім беру саласының ардагері,
ҚР Мәдениет қайраткері,
өлкетанушы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X