Валюта бағамы: $ 326.17 401.25 5.31 ¥ 51.84

Мұнайлы елдегі жанар- жағармай тапшылығының сыры неде?

Қайрат ӘМІРЕЕВ

Бұрынғы КСРО, кейiнгi ТМД ауқымында негiзiнен мұнай мен газ өндiрумен шұғылданатын 4 ел бар. Олар – Ресей, Қазақстан, Әзербайжан және Түрiкпенстан. Бұлардың iшiнде Қазақстан мен Әзербайжаннан басқа екеуі мұнай не газ өндiруден әзiрше кеңес заманындағы көрсеткiштерiне қайтып көтерiле алмай отыр.

Бұлардың қатарына Өзбекстанды да қосуға болар едi. Бiрақ бұл елдiң экспорттық мүмкiндiктерi де, өндiрiстiк мүмкiндiктерi де тым шектеулi. Оның мұнайы бұрын өзiне де жетпейтiн. Тәуелсiздiк алғаннан кейін ол өзiн-өзi осы шикiзатпен қамтамасыз ету биiгiнен көрiнуге қол жеткізген. Бірақ кейіндері қайтадан сырттан мұнай сатып алуға мәжбүр күйге түсті. Ал газ жағынан алғандағы Өзбекстанның жағдайы, әрине, бiршама артық. Оның жылына өндіретін «көгілдір отынының» көлемі 61 млрд. кубометр шамасында. Өзбекстан да өз газын Батыстағы немесе Оңтүстіктегі алып тұтынушы мемлекеттерге сата алмағанмен, айналасындағы Түрiкпенстаннан басқа 3 елдi – Қырғызстанды, Қазақстанды және Тәжiкстанды – әзiрше өзiне тәуелдi етiп ұстап отыр. Бір қызығы – өзбектің «көгілдір отынын» Қазақстанның оңтүстік облыстарына сатумен айналысатын Ресейдің «Газпромы» көрінеді. Бұл туралы The New Times басылымына берген сұхбатында RusEnergy компаниясының өкілі Михаил Крутихин былай деген: «Газпром реализует узбекский газ в южных районах Казахстана, а взамен получает на казахстанско-российской границе на севере сырье для своего газоперерабатывающего завода в Оренбурге. Предприятие сильно зависит от этих зарубежных поставок, которые составляют в среднем 8 млрд кубометров в год, и схема замещения, по которой эти поставки частично обеспечиваются газом из Узбекистана, остается в силе, хотя казахи постепенно налаживают снабжение своих южных областей собственным газом, делая импорт из Узбекистана не столь критическим, как сейчас».
Қалай дегенде де, әзірше Өзбекстан газ қоры үлкендiгi жағынан Ресей түгiлi Түрiкпенстанмен де бәсекелесе алмайтын болғанына қарамастан, оны өндiру жағынан ТМД-да әзiрше үшінші орынды берік иемденiп жүр. Ал әлемде ол осы көрсеткiш бойынша алғашқы он мемлекеттiң қатарынан табылады. Өзбекстан осы газды 52 кенiштен өндiрiп алып отыр. Оның iшiндегi Шуртан, Газли, Памук және Хаузак сияқты ең iрi 12-i бүкіл өнімнің 95 процентiн бередi.
Ал Қазақстанның жағдайы басқаша. Ол өзiнiң Өзбекстанға газ бойынша тәуелдiлігін біраз қысқартқанмен, әзірше одан толығымен арыла алмай отыр. Қарашығанақ сияқты ғаламат газ кенiшi бар ел үшiн бұл келiссiз жәйт болып табылады. Бұндай келеңсіз жағдай Қазақстанның газ өндiрудi кеңес заманындағымен салыстырғанда бiршама арттырғанына қарамастан орын алып отыр. Мәселен, 1985 жылы ол 5,5 млрд. кубометр газ өндірген болатын. Ал 2011 жылдың өзінде бұл көрсеткіш 20,2 млрд. кубометрге жетті.
Мұнайдың жағдайы болса бiзде басқаша қалыптасты. 1992 жылдан былай қарай бұрынғы кеңес республикаларының, кейiнгi ТМД елдерiнiң барлығында да экономикалық көрсеткiштердiң құлдырай бастағаны белгiлi. Бұл үрдiстiң мұнай-газ өндiру саласына да тiкелей әсерi болды. Мәселен, Ресейде мұнай шикiзатын өндiру көрсеткiшi 2 есеге жуық қысқарды. Сөйтiп, ол «әлемдегi нөмiрi 1 өндiрушi» атағынан айрылды. Бiрақ бұл жерде бiр нәрсенi атап айтып кеткен жөн. Өндiру көрсеткiшiнiң тұтыну көрсеткiшiне тiкелей байланысты болатыны белгiлi. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Ресейдегi мұнай өндiрiсi көлемiнiң азаюы негiзiнен iшкi нарықтың (рыноктың) есебiнен болып отырғанын аңғарамыз. Ал сыртқы нарыққа келетiн болсақ, онда барынша көп мұнай шығаруға Ресей мұнай компаниялары тырысып бағып жатыр.
Ал, кеңес заманында жылына 80 млрд. кубометр газ өндiрiп отырған Түрiкпенстанның кейiнгi көрсеткiшi 20 миллиардқа да жетпей қалыпты. Түрiкпен елiндегi осындай риясыз жағдай Ресейдiң өз газ нарығына (рыногына) ортаазиялық шикiзаттың келуiне бiрталай шектеулер қоюына байланысты қалыптасқан. Ал Reuters агенттiгiнiң мәлiметi бойынша, Түрiкпенстандағы газ өндiру көрсеткiшi 90-ыншы жылдардың басынан 2000 жылдардың басына дейiн 7 есе қысқарған. Яғни шамамен 90 миллиардтай кубометрден тура 13 миллиард кубометрге дейiн кемiген. Қазір Түрiкпенстан жылына 76 млрд. кубометр газ өндіреді.
Қалай дегенде де Түрiкпенстанның газ өнеркәсiбiнiң қазiргi таңда бұрынғы күйіне жете алмай отырғаны хақ. Ал бұл елдiң экономикалық даму тұрғысынан алғанда осы саладан басқа артар үмiтi жоқ екенi де ешбiр құпия емес. Дегенмен, әу баста мемлекет тарапынан халыққа берiлген уәде осы уақытқа дейiн күшiн жойған жоқ. Елдегi әрбiр отбасына шектеулi бiр мөлшерде газ бен электр жарығы тегiннен-тегiн берiледi. Басқаша айтқанда, өндiрiлiп шығарылған түрiкпен газы сыртқа шығар Қытай бағытынан басқа үлкен жол таба алмаған соң, негiзiнен iшкi қажетке жарап жатыр. Бірақ бұл жерде бір нәрсені атап өткен жөн. Қазір түрікпен газы Қытайға тасымалданып жатыр және де оның екі жылдан кейін Пәкістан мен Үндістан жаққа да жеткізіле бастауы мүмкін. Сондықтан болар, қазір түрікпен басшылығы халыққа газ бен электр жарығын тегiннен-тегiн беру туралы шешімін қайта қарап жатыр.
Каспийдiң тура арғы бетiнде орналасқан Әзербайжанның жағдайы оныкiне қарағанда әлдеқайда жақсы. Бұл негiзiнен мұнайлы ел екенi белгiлi. Мәселен, оның 2003 пен 2004 жылдардағы жылдық көрсеткiші 15-16 млн. тонна төңiрегiнде болды. Немесе тәуліктік көрсеткішпен есептегенде – 310-330 мың баррель аралығында. Әрине, бұл 1985 жылғы көрсеткiшпен – 13,142 млн. тонна – салыстырғанда бiршама жоғары. Бiрақ 1940 мен 1975 жылдар аралығындағы көрсеткiштерден әлi де болса кем. Жалпы Әзербайжанның мұнай көрсеткiштерi басқалардыкi сияқты 1992 жылдан былай емес, сонау 1950-1960 жылдардан былай құлдыраған. Ол елдегі жағдай 2005 жылдан бері өзгере бастады. Сол уақыттан бастап 2016 жылға дейінгі аралықта Әзербайжанның мұнай өнімінің көлемі 15-16 млн. тоннадан 41 млн. тоннаға дейін немесе, тәуліктік көрсеткішпен есептегенде, 310-330 мың баррельден 769,8 мың баррельге дейін өсті.
Ендi Қазақстанға келейiк. Бiздiң ел 1997 жылдың өзiнде-ақ өзiнiң мұнай өндiру тарихындағы ең үздiк көрсеткiштерiне жақын барды. Бұл әлгi энергиялық шикiзат шығаратын ТМД-дағы негiзгi төрт мемлекеттiң iшiндегi ең үздiк көрсеткiш. Қалған үш елдiң – Ресейдiң, Әзербайжанның, Түрiкпенстанның ауылы бұндай жетiстiктен ол кезде алыста еді. Қазақстанның көрсеткiшi айналасы үш жылдың iшiнде, яғни 1994 жылдан 1997 жылға дейiн 20,2 млн. тоннадан 25,7 млн. тоннаға дейiн өстi. Таза өсiм – 5 млн. тонна. Келесi 1998 жылы мұнайдың әлемдiк бағасының күрт түсiп кетуiне байланысты осы шикiзатты өндiру көрсеткiшiн әрi қарай өсiрудiң қисыны болмады. Ал 1999 жылдың көктемiнен бастап әлгi баға бiрнеше жыл құлдыраудан кейiн қайта өсе бастады. Демек, мұнайды халықаралық нарыққа шығару жолдары тарапынан жаңа кесел пайда болмаса, Қазақстанның жуық арада мұнай өндiру жағынан уақыт өте бара бiр рекордтан екiншi рекордқа қол жеткiзе беруi мүмкiн. Бiрiншi рекорд сол 1999 жылы болды. Онда Қазақстанның өнiмi бұрын-соңды болып көрмеген 30 млн. тоннаға дейiн жеттi. 2000 жылғы көрсеткiш 35 млн. болса, 2001 жылы – 40 млн. тоннаға, 2002 жылы – 47 млн. тоннаға, 2003 жылы – 54 млн. тоннаға, 2004 жылы 60 млн. тоннаға, . 2005 жылға дейiн көрсеткiш 65 млн. тоннаға жетті. Кейін өсу қарқыны біраз бәсеңдеді. 2010-2016 жылдар аралығында Қазақстанның жылдық мұнай өндіру көрсеткіші шамамен 80 млн. тонна деңгейінде сақталды.
Бiрақ бiзде де мұнайды ел iшiнде өңдеу, яғни өз еңбегiмiзбен одан дайын өнiмдер шығару барған сайын азайып бара жатыр. Мәселен, Қазақстанның зауыттары 1990 жылы – 17,8 млн., 1991 жылы – 18,0 млн. тонна мұнай шикiзатын өңдеп, одан дайын тауар шығарды. Бұл көрсеткiш 1994 жылы – 11,7 млн., 1997 жылы – 9,2 млн. тоннаға дейiн түсiп кеттi. 1998-2016 ж.ж. аралығында тұтыну осы деңгейде қалды. Оның үстiне осы iшкi тұтынылатын 9-10 млн. тоннаның тек 5 млн. тоннасы ғана өзiмiзде өндiрiлетiн мұнайдың есебiнен. Қалғаны Ресей сияқты көршi елдерден әкелiнетiн мұнай өнiмдерiнiң есебiнен. Сондықтан Қазақстанда қайта-қайта жанармай-жағармай тапшылығы туындайды. Энергетика министрлігінің өкілі Қуаныш Құдайбергенов бұл туралы баспасөз бетінде мынадай түсінік берген: «У нас сохраняется импортозависимость от российского бензина и дизельного топлива. По бензину марки АИ 92 – 30%, по дизельному топливу — 15%. В свою очередь, заводы продолжают работу по наращиванию производства светлых нефтепродуктов». Сонымен қатар, елімізде авиация жағармайының тіпті өндірілмейтіні белгілі.
Басқаша айтқанда, өзiмiз мұнайды көп қылып өндiргенмен, оның қызығын да, жақсылығын да былай қойғанда, сол шикiзаттың өніміне зар болып отырмыз. Қазіргі уақытта бензиннің бір литрі бағасының кейбір жерлерде 157 теңгеден біраз асып кеткені соның дәлелі болса керек. Бір қызығы, сол қымбатшылық ең алдымен сол мұнай өңдейтін зауыттары бар жерде байқалады.
Мәселен, Атырау – Қазақстан мұнай­ының астанасы. Атырау облысын жеке алып қарайтын болсақ, оны энергия шикiзатына байлығы жағынан iшкi пиясасында ағыл-тегiл мұнайы ауыз суынан арзан Парсы шыға­нағы елдерiмен салыстыруға болады. Бiр айыр­машылығы – атыраулықтар үшiн ауыз суы да, мұнай да тапшы. Жарайды, қазақ деген төзiмдi, көнбiс халық қой. Бұған да төзер, көнер. Әйтеуiр, жалпы жағдай сол мұнайдың үйде қалмай, сыртқа кеткенiнен түзелсе бопты.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру