Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Дін тақырыбында қалам тербегендер марапатталды

Бүгінгі таңда діни радикализм, экстремизм мен терроризм жер жаһанды қатты алаңдатып отыр. Әлемді дүрліктіріп жатқан оқиғалар да оған нақты мысал. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін елімізде түрлі ағартушылық жұмыстар қолға алынып, діни-рухани, қоғамдық бағытта келелі істер атқарыла бастағаны ақиқат.

Бұл орайда, Ұлттық журналистік зерттеу орталығы дін саласындағы өзекті мәселелерге арналған 4 айлық журналистер арасындағы байқаудың қорытындысын шығарып, үздік шығарма иелерін ақшалай сыйақылармен марапаттады.
Діннің атын жамылып, әлемді тітіркендіріп отырған экстремиз және теріс ағымдармен кейінгі жылдары еліміз де бетпе-бет келе бастады. Оның басты себебі – кейбір қоғам мүшелерінің қолжетімді ақпараттарды сараптай білмеуінде жатса керек. Өйткені, діни және құқықтық тұрғыдан сауаттылығы жетіспеген адамның кез келген діни бастамаға салыстырмалы күйде қарауға мүмкіншілігі жетпейді. Осының салдарынан теріс ағымның жетегінде кеткенін білмейтін, өз ұлттық табиғатына қарсы шыққанын сезінбейтін, жалпымемлекеттік қағидаттарға қайшы келетінін ұғынбайтын бедеу ойлы, жалпыадамзаттық құндылықтарды мойындамайтын алқа-қотан әрі оқшау азаматтар мен топтар пайда болып, қоғамның берекесін қашыра бастағанын байқамайды.
Алматылық журналистер арасында ұйымдастырылған байқаудың қорытындысы Рухани келісім күні қарсаңында шығарылды. Ұзын-саны жүзге жуық шығармаға республикамызға белгілі тұлғалар қазылық жасап, жеңімпаздарды марапаттау салтанатын өткізді. Онда «Үздік әлеуметтік бейнеролик» аталымы бойынша «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан Жұлдыз Құлжасбаева, «Үздік телебағдарлама» аталымы бойынша «Алматы» телеарнасынан Айдос Жұқанұлы, «Үздік радиобағдарлама» аталымы бойынша «Шалқар» радиосының жетекшісі Болатбек Төлепберген, «Интернет желісіндегі қазақ тіліндегі ең үздік материал» аталымында «Nur.kz» сайтынан Арай Аюпова, «Интернет желісіндегі орыс тіліндегі ең үздік материал» аталымында «Bnews.kz» сайтынан Айгүл Мұханбетова, «Мерзімді басылымдардағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала» аталымында «Қазақтан-Заман» газетінен Бауыржан Кәріпов, «Үздік интернет желі» аталымында «www.baribar» сайты, «Әлеуметтік желілердегі ең үздік белсенді қоғамдық топ» аталымында Instragram желісіндегі «Біз терроризмге қарсымыз» парақшасы, «Ең белсенді блогер» аталымында Жолымбет Мәкіш жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы және арнайы дипломға ие болады.
Өзге де танымал журналистер, атап айтар болсақ, «Айқын» газетінің шығарушы редакторы Ермахан Шайхыұлы, «Нұр-Мұбарак» университеті баспасөз қызметшісі Айша Кеңесбай, «31-арна» «Информбюро» ақпараттық бағдарламасы орыс редакциясының тілшісі Ардақ Камал, «Қазақстан» арнасының тілшісі Ержан Қалымбайұлы, белгілі журналист Ерлік Ержанұлы арнайы тағайындалған ынталандыру сыйлығына лайық деп танылды. Оларға 20 мың теңге мен арнайы дипломдар табыс етілді. Салтанатты марапаттау шарасында жиналғандар тарапынан мұндай діни-рухани және ағартушылық бағытындағы жұмыстарды одан әрі де көбейту мәселелері жан-жақты айтылды.

Айнұр Бақдәулетқызы


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X