Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ

Ресейдің Сочи қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше елдер мемлекет басшылары кеңесінің және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің ұйымдастырылған отырыс өтті. Кеңеске Әзербайжан Республикасының Президенті И.Әлиев, Армения Республикасының Президенті С.Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Молдова Республикасының Президенті И.Додон, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон, Түрікменстан Президенті Г.Бердімұхамедов, Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзиёев, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі С.Исақов және ТМД-ның Атқару комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы С.Лебедев қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-ға мүше елдердің ара­сындағы сауда-экономикалық қарым-қаты­насты дамытуда ұйымның ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Мемлекет басшысы ТМД-ны жаңғырту мен оны жетілдіруге қатысты бірқатар өзекті бағыттар жөнінде айтты. Сонымен қатар Қазақстан Президенті достастық елдері арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас­тарды нығайту мәселелеріне тоқталды. Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының ұйымға төрағалығының нәтижелі болғанын айтып, келесі жылы ТМД-ға төрағалық ететін Тәжікстан Республикасына табыс тіледі.

Жиында мемлекеттер басшылары ТМД аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту жолдарын талқылап, достастықтың тиімділігін арттыру, оған мүше елдердің сауда және инвестициялық байланыстарын тереңдету мәсе­лелері жөнінде пікір алмасты.
Сонымен бірге, отырыста Тәжікстан Республи­ка­сының ТМД-ға төрағалық ету кезеңінде атқаратын жұмыс жоспары, Түрікменстанның достастықты одан әрі дамытуға қатысты ұстанымы және ТМД-ның Парламентаралық ассамблеясы аясында атқарылған жұмыс нәтижелері жөнінде баяндалды.
Кеңес отырысының қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа және қылмыстық жолмен алынған табыстарды заңдастыруға қарсы күрес саласындағы құжаттарға қол қойылды. Сонымен қатар ТМД елдерінің басшылары мәдениет, білім беру, ғылым және туризмге қатысты байланыстарды нығайтуға әрі кеңейтуге бағытталған гуманитарлық саладағы бірқатар маңызды шешімдерді қарастырып, отбасын және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қолдау туралы мәлімдеме қабылдады.
Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық эконо­микалық кеңестің отырысына қатысты. Елбасы жиында қабылданған Еуразиялық экономи­калық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттарының маңызды екенін айтты. Сонымен қатар Қазақстан Президенті 2018 жылы одаққа мүше елдердің экономикасын цифрландыру жөнінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің арнайы кездесуін өткізуді ұсынды.
Қазақстан Президенті Ресей Федерация­сының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттер бас­шы­лары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және оны одан әрі дамыту перспективасын талқылады. Мемлекет басшысы Ресей Қазақстанның экономикадағы және басқа да салалардағы маңызды стратегиялық әріптесі болып саналатынын атап өтті. Қазақстан Пре­зиденті екі елдің Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастығы нәтижелі болып отырғанын айтты. Өз кезегінде Владимир Путин мемле­кетаралық байланыстарды дамытудың және нығайтудың басты факторы саналатын екі­жақты кездесулердің маңыздылығы мен нәти­же­лілігі жөнінде айтты.
Сонымен қатар сапар аясында Германия Федеративтік Республикасының іскер топтар өкілдерімен кездесті. Келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германия арасында сауда-экономикалық серіктестік орныққанын атап өтті. Қазақстан Президенті біздің елімізде неміс капиталының қатысуымен іске асырылып жатқан жобаларға тоқталды. Мемлекет басшысы Германия инвесторларын еліміздегі жекешелендіру үдері­сінің үшінші кезеңіне атсалысуға, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығымен ын­тымақтастықты белсенді дамытуға шақыр­ды.
Мемлекет басшысы Ресей Федерациясына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді. Елбасы келесі жылы Қазақстанда цифрландыру мәселелері жөнінде кездесу өткізу жоспарланғанын айтты. Бұдан бөлек, Қазақстанa Президенті германиялық биз­несмендермен өткен кездесудің нәтижелері туралы әңгімеледі. Онда Қазақстан-Германия қарым-қатынастарын экономиканың түрлі салалары бойынша ілгерілету жөнінде уағдалас­тыққа қол жеткізілді.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен болған кездесудің маңыздылығына тоқталды.
– Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас ең жоғары деңгейде. Байқоңырға қатысты бағдарламаны бірлесе іске асыру жөнінде уағдаластық. Сонымен қатар, Өз­бек­станға мұнай құбырын салу жоспарланып отыр. Сол үшін тиісті жұмыс атқарылуы керек,– деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы келіссөздер барысында Еуразия көлік дәлізін дамытуға байланысты Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін одан әрі пайдалану мәселесі де талқыланғанын атап өтті.

Нұрлан ҚҰМАР


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X