Валюта бағамы: $ 330.39 392.04 5.65 ¥ 50.04

Уақыт жаңашылдыққа үйретеді

«Акtobe Invest-2017» тың жобалар ұсынды

Жетекші салалары өнеркәсіп пен мұнай-газ секторын құрағанымен, Ақтөбе облысында соңғы жылдары экономикадағы жаңашылдықтар мен өндірісті әртараптандыру тәсілдері басымдық алуда. Жуырда өткен V халықаралық инвестициялық форумда өңірдің осы бағыттағы даму серпіні сараланып, ауқымды өзгерістерге маңыз берілген болатын.
Ақтөбеде өткен инвестициялық форумда ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесіне ұсынылған инновациялар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мәселесі сөз болды.

Болашақтың энергиясын аймақтарда пайдалану тақырыбы кездейсоқ таңдалған жоқ. Көрмені өткізу барысында облыс инновацияны енгізу жөнінен көшбасшы аймақтардың бірі ретінде аталғаны мәлім. Осы ретте облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың ұйытқы болуымен 500-ден астам адамды жинаған форум шын мәнінде ірі шара болды. Олардың қатарында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, РФ Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг, инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқармасы төр­ағасының бірінші орынбасары Әлішер Пирметов, Италияның Қазақстандағы төтен­ше және өкілетті елшісі Стефано Раваньян, шетелдік сарапшылар мен инвесторлар, ұлт­тық компаниялардың, қазақстандық және ха­лықаралық даму қаржы институттарының, ақпарат құралдарының өкілдері, отандық және шетелдік бизнесмендер, жас ғалымдар, мем­лекеттік органдардың басшылары бар.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бизнес жүргізу мақсатында аймақтың басымдықтары, инвестиция салу үшін перспективалық жобалар ұсынылған ауқымды шараға қатысуға келген қонақтарға алғыс білдіріп, жиында әлемдік экономиканың бүгінгі ахуалында экономикалық өсімді қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп кешені өнімдерін сыртқы нарыққа шығару, Еуразиялық интеграция, басқа да маңызды мәселелер талқыланып отырғанын айрықша атап өтті. Астанада өткен көрмеге 140 мыңдай ақтөбелік қатысқан, оның ішінде 20 мыңнан астам кәсіпкерлер болды. Олар озық технологияларды өз өндірістерінде енгізу мүмкіндіктерін зерттеп, заманауи стандарттарға сай келетін 20 технологияны таңдаған. Енгізілетін жобалар бойынша инвестицияның жалпы мөлшері 128 миллион долларды құрайды. Облыс басшысы аймақта жасыл технологияны дамыту үшін инвестицияның жалпы сомасы 300 миллион доллардан асатын 4 жоба қосымша жүзеге асырылып жатқандығын айтты. Бұлардың қатарында «Кемпірсай Энерджи» ЖШС-ның бірінші кезегі 100 МВт қуаттылықпен, одан әрі 300 МВт-ға дейін ұлғайтумен жұмыс істейтін жел электр станциясы, Қарғалы су қоймасында қуаттылығы 500 кВт шағын гидро электр станциясы, Мәртөк ауданында қуаттылығы 450 кВт желмен жұмыс істейтін энергетика қондырғысы және «Юнайтед Энержи Ақтөбе» серіктестігінің жел генераторы өндірісі бар. Мұндай технологияларды қолдану аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға, энергияны тұтыну тиімділігін көтеруге, еңбек өнімділігін 10-15 процентке арттыруға мүмкіндік береді. Халықаралық көрме ақтөбелік жоғары оқу орындарының оқу процестеріне де жаңа технологияларды енгізуге, ал денсаулық сақтау саласында құрылған «Ақтөбе медикал» орталығы медициналық кластерді әрі қарай дамытуға көмектесті. Мысалы, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында денсаулық сақтау саласы бойынша жалпы құны 48 миллион доллар болатын 37 жоба жүзеге асырылуда және барлық нысандарда инновациялық зерттемелер мен неміс, оңтүстік корея, австрия, түрік өндірушілерінің, соның ішінде ЭКСПО-да көрсетілген құрал-жабдықтар пайдаланылатын болады.
Облыс басшысы атап өткендей, ЭКСПО өнеркәсіптік секторға ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік саланың дамуына да жаңаша серпін берген. Облыс экономикаға инвестицияның келуін ынталандыруда зор әлеуетке ие. Мысалы, аймақ бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша Дүниежүзілік банктің рейтингінде жетекші орында. Қазіргі кезде инвестиция өсімі 120%-тен асып, сыртқы инвестициялар 1,8 есеге ұлғайған. Облыста инвестициялық жағдайды жақсарту үшін барлық шаралар жасалып жатыр. Осы мақсатта бірнеше жыл бұрын индустриалдық аймақ құрылып, қазіргі таңда ол 50 процентке толықты. Мұнда 9 жоба, соның ішінде шетелдіктердің қатысуымен, жалпы инвестиция көлемі 35 миллион долларды құрайтын жобалар жүзеге асырылуда.
Көршілес Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг өңірлік тығыз байланыстарға қашанда жоғары мән берілетіндігін атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда сомасы 734 миллион долларды құраған. Қазірде Орынбор облысында 369 бірлескен кәсіпорындар, оның 85-і қазақстандық капи­талдың қатысуымен жұмыс істейді. Ново­троицкі­дегі зауыт Ақтөбеден хром тұзын алса, Ақтөбе рельс арқалығы зауытына Орал­дың шойыны жеткізіледі. Өзара әрекет етудің неғұрлым болашағы бар бағыттары – өндірістік кооперация, инженерлік, жол инфрақұрылымын қалыптастыра отыра Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізін салу болып табылады. Орынбор облысының губернаторы екі өңір арасындағы көп жылғы әріптестік пен ынтымақтастықтың алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов «Aktobe Invest» халықаралық форумының жыл өткен сайын серпін алып келе жатқандығын, әлеуметтік-экономикалық дамудың табыстарына облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жүйелі жұмысы арқылы қол жеткізілгендігін атап өтті.
Елбасының өңіраралық кооперация мен қазақстандық мазмұнды дамыту бойынша тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімдіктері өзара тиімді серіктестікті жолға қою және отандық тауарөндірушілерді қолдау жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде Ақтөбе және Қостанай облыстарының басшылары Өңіраралық серіктестік пен өнеркәсіптік кооперация туралы меморандумды бекітті.
«Күйе өндіретін зауыт құрылысы» инвес­тициялық жобасын жүзеге асыру серіктестігі туралы меморандумға Ақтөбе облысы мен «Shengyuan Technology Co., Ltd» АҚ қол қой­ды. Күйе – табиғи газдан дайындалатын жаңа инвестициялық материал болып табылады. Өндірісте «Индустрия 4.0» элементтері пайдаланылмақ. Аталмыш материал полигра­фиялық және лак-бояу өндірісінің өнеркә­сібінде қолданылады. Инвестиция көлемі шамамен 7 млрд. теңгені құрайды.
Сондай-ақ облыс әкімдігі мен «Нитрохим компаниялар тобы» ЖШС арасында техникалық аммиак селитрасы мен карбамид өндірісінің жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылды. Техникалық аммиак селитрасы өнеркәсіптік жарылыс заттарын дайындау үшін қолданылады. Аталмыш жобаны жүзеге асыру өңірдің өңдеу өнер­кәсібін дамытуды қамтамасыз етіп, 1000-ға жуық жаңа жұмыс орындарын ашады. Шетел­дік инвесторлар тарапынан 130 млрд. тең­геден астам қаражат салынады деп күтілуде.
«Грин Капитал Қазақстан» ЖШС өңірде жаңа жылыжай кешенін салуды жоспарлап отыр. Жоба жыл сайын 6 мың тоннадан аса көкөніс өнімін өндіріп, маусымаралық кезеңде өңірді жаңа піскен көкөністермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Ақтөбе ет кластері» ЖШС «МитМитМит» ЖШҚ-мен жылына мың тонна көлемінде сиыр етін Ресейге жеткізу бойынша келісімге отырды. Кәсіпорын экологиялық жағынан таза ет өнімдерін заманауи технологиялар бойынша өндіреді. Компания мал бағу, бордақылау, етті қайта өңдеуден бастап дайын өнімді нақты тұтынушының тапсырысымен тиеуге дейінгі өңдеу процестерімен өзі айналысады. Етті Иран, Біріккен араб әмірліктері мен Қытай елдеріне жеткізу мәселесі пысықталып жатыр.
Сөйтіп, форум қорытындысы бойынша жалпы құны 200 миллиард теңгеден асатын 11 меморандумға қол қойылды.
Форум барысында облыстың инвести­ция­лық әлеуетін көрсететін көрме ұйымдас­тырылған болатын. Онда инвестор­ларға тау-кен металлургия, мұнай-газ, агроөнеркәсіп, энергетика және туристік сала, сондай-ақ жергілікті кәсіпорындарда енгізілетін ЭКСПО көрмесінің жаңа технологиялары таныстырылды. Сонымен бірге бизнес жүргізу үшін дайын алаңдар, аймақтың минералдық-шикізат базасы, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясындағы жобалар ұсынылды.
Инвестициялық жобалар ауқымында Қарға­лы ауданындағы қоңыр көмір, Темір ауда­нын­дағы титанды-цирконды руда, Шал­қар ауданындағы тау-кен-металлургия кешені құрылысы, «Көктас-Ақтөбе» ЖШС цемент зауыты, индустриалды аймақтағы «Атлант Ақтөбе» электрлі шойын балқыту зауыты, «Ақбұлақ» АҚ кәріздік тазалау құрылғыларын жаңғырту, тағы басқа бірқатар жұмыстарды игеру көзделген.
Уақытша немесе вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер қонысжайлары үшін күн энергиясы есебінен жылыту және ыстық сумен жабдықтаудың мобильдік жүйелерін енгізуді «Светоком» компаниясы жоспарлауда. Ал «Ақбұлақ» АҚ Финляндияның «Wilkinmдki» тазалау қондырғылары кешенін пайдаға асырмақшы.
«Автопарк» ЖШС күн батареясымен жұмыс істейтін эко-автобустарға қызығушылық танытуда. «Энергосистема» ЖШС мен «ТК Фарм» компаниясы жаңғырмалы энергия көздерін, яғни күн панельдерін іске жаратуды ойластыруда.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X