Валюта бағамы: $ 324.65 397.66 5.74 ¥ 50.73

ҚАЗАҚСТАН КҮН ТӘРТIБIНДЕГI ҮШ ЭКЗИСТЕНЦИАЛДЫҚ МӘСЕЛЕ

Қазақстанның мемлекеттiк тәуелсiздiк алғанына биыл 26 жыл толады. Тарихи тұрғыдан алғанда тiптi де ұзақ емес осы мерзiм iшiнде елiмiз бақандай үш Конституция бойынша өмiр сүрiптi. Оның соңғысы осыдан тура 22 жыл бұрын тамыз айында жалпыхалықтық референдум барысында қабылданған едi. Осы уақыт қас пен көздi жұмғанша өте шыққан сияқты. Күнi кеше ғана жаңа ғасыр мен жаңа мыңжылдықтың басталуына жол ашуға тиiстi 2000 жыл келiп болмайтындай алыс уақыт көрiнетiн. Ендi мiне, 2017 жылдың жартысынан көбi артта қалып, күз де келді. Онымен бiрге, Құдай бұйыртса, тәуелсіздігіміздің 26 жылдығы да келе жатыр.

Осыдан тура 22 жыл бұрын Қазақстанда жаңа Конституцияның жобасын талқылау қызу жүрiп жатқан болатын. 1995 жылдың наурыз айының басында бұрынғы Жоғарғы Кеңес таратылғандықтан, елiмiз 6 ай бойы төтенше жағдайда өмір суруге мәжбүр болған. Өйткенi осы мерзiм iшiнде парламент те, Конституция да жұмыс iстеген жоқ. Қазiр бiреулер ол кезде Жоғарғы Кеңес жұмыс iстемегенмен, бұрынғы Ата заң оның жаңасы қабылданғанша күшiн жоғалтқан жоқ дейтiн шығар. Бiрақ iстеп тұрған парламент жоқ болған жағдайда Конституция өкiлетiн жойған жоқ деп айту мүмкін емес. Сондықтан сол 6 айға тарихи тұрғыдан төтенше жағдай кезеңi деген баға берген дұрыс болар.
Одан кейiн Конституция қабылданды да, жаңа уақыт басталды. Өткен 22 жыл iшiнде көп нәрсе өзгердi. Бiрақ бiр нәрсе Қазақстанда әзiрге, Құдайға шүкiр, сақталып келедi. Бiрақ жан жағымызда бұрынғыдай тыныштық барған сайын азайып барады.
Осы дүниеде ешкiм де тектен-текке бiреудің жоғын iздеп, жағдайын жасаумен айналыспайды. Бұл баяғыдан басы ашық жәйт. Қайта сол басқа бiреуден тек тұрақсыздық түрткiсiнiң шығуы тезiрек болар. 2003 жылғы күз барысында Закавказьенiң екi бiрдей мемлекетiнде болып өткен аудармалы-төңкермелi жағдай сондай тұрақсыздық ауылының бiздің Орталық Азия аймағына да жақындап келе жатқанының айғағы болған едi. Сол кейiн расталды. Алдымен Ташкент пен Бұқарада жарылыстар болды. Сонан соң Кырғызстандағы коғамдық-саяси тұрақсыздық меңдеп барып, мемлекеттiк төңкерiске ұласты. Бұрынғы президент А.Ақаев үй-iшiмен жан сауғалап, ел сыртына кеттi. Iле-шала Өзбекстанның Әндіжан қаласында қантөгiстi оқиғалар болды. Басқаша айтқанда, аймақтан сол кезден бастап берекет кете бастады.
Қазір қауіп сол оңтүстікте орналасқан Ауғанстан жақтан төнетіні көп айтылып жүр. Біреулер тіпті «Орталық Азияның екінші Таяу Шығысқа айналуы әбден мүмкін» дегенді айтады. Сондықтан қазiргiдей қауiпсiздiгiмiздің үстiне бұлт үйiрiлген сын сағатта үйреншiктi қазақы әдетке салынып, «әйтеуiр бiр ретi болар» деген қағиданы ұстануға немесе қиын-қыстау заманда қорған бола алатын алпауыт ағайын iздеу жолына түсуге рет жоқ.
Ең дұрысы iшкi интеллектуалдық және материалдық резервтердi түбiне дейiн ашып, қолда бар әлгiндей мүмкіндiктердi сарқа пайдаланудың амалын тапқан болар едi. Бiрақ тәуелсiздiк алғалы берi және жаңа Ата заң қабылданғалы берi өткен жылдар барысында толық түрде жүзеге аспаған осындай мақсаттың бүгiнгiдей уақыт тығыздығы талабына сай тез арада орындала саларына сену қиын. Бұл, әрине, өкiнiштi. Алайда өзiнiң және бала-шағасы мен туған-туысқандарының болашағының Қазақстаннан тыс болуын көз алдына елестете алмайтын кез-келген адам осы жағдайда әрi қарай да бойкүйездiкке не мәнi жоқ билiк-байлыққа кенелу арқылы асып-тасушылыққа салынып жүре берудің ақыры барлығымыздың шашылып қалуымызға әкелiп соғатынын түсiнсе, ләзiм болар едi.
Тағдыр дербес мемлекет ретiнде 1991 жылы өз алдына шаңырақ көтерген Қазақстанға оның алғашқы кезеңi үшiн тыныш ғұмыр берген екен. Бiздің бәрiмiзге де құдай соның жақсылығын көрудi жазыпты. Шүкiр. Бiрақ ендiгi жерде де бұл жағдайдың сақталып қала берерiне сенiм аз. Өйткенi: бiрiншiден, Орталық Азия, оның iшiнде ең алдымен Қазақстан қазiр бүкiл адамзат тарихы барысында бiр сәтке болса да толастамаған халықаралық саяси және экономиқалық қырқыстың ең бiр күрделi түйiнiне айналды; екiншiден, айналадағы немесе аймақтағы геосаяси орта мүлдем өзгерiп кеттi де, оның ауқымындағы елiмiздің жайы мейлiнше қиындады; үшiншiден, мемлекетiмiз осы уақытқа дейiн ұйымдық және институционалдық тұрғыдан тәп-тәуiр болып қалыптасып үлгергенмен, оның халқының өзiн басқаның бәрiнен бөлек және ерекше бiртұтас қоғам ретiнде сезiне бастауына әлi де болса жол ашылған жоқ.
Осы үш мәселенi бөлек-бөлек алып көрелiк. Бiрiншiсi туралы. 1992 жылдың басында, яғни елiмiз тәуелсiздiкке ие болып, оз бетiнше тәй-тәй басып, халықаралық аренаға шыға бастаған кезде Қазақстанның қайда орналасқанын және не қылған мемлекет екенiн әлемде онша ешкiм бiле қоймайтын. Қазiр Каспий аймағында, оның iшiнде алдымен бұның Қазақстанға тиесiлi бөлiгiнде ғаламат мұнай қоры бар екенi жаппай танылғаннан берi бiздің республикамызды жер жүзi түгел мойындайтын болды.
Бұдан келер жақсылықтың көп болары сөзсiз-ау. Бiрақ сонымен қатар қауiп-қатер де аз емес сияқты. Әлемдiк алпауыт мемлекеттердің iшiндегi Қазақстан мен оның табиғи байлықтарынан туындайтын жаңа мүмкіндiктерге ең көп ден қойып отырған – АҚШ. Бұл жақсы. Бiрақ тағы бiр нәрсенi естен шығармаған жөн. Әлемнiң қалған екi алпауытының – Ресей мен Қытайдың – осы жәйтке бола мәз болып жатқаны тiптi шамалы. Өйткенi АҚШ қанша қуатты және бай болғанымен, тым алыста жатыр. Ал бұл екеуi болса – Қазақстанның шекаралас көршiлерi. Сондықтан олар Американың Каспий аймағын өзiмсуiн қалай болғанда да жақтыра қоймайды. Бұл түсiнiктi. Оның үстiне соңғы кезде Вашингтон-Москва және Вашингтон-Пекин арасындағы қарым-қатынас бiршама нашарлап кеттi. Каспий маңайында болып жатқан жаңалықтардың да бұл жағдайға қатысы жоқ емес. Қытай мемлекеттiк мұнай компаниясы 2003 жылдың жазына таман Қашағанды игерiп жатқан консорциумға енуге талпынып көрдi. Бiрақ бұнысы сәтсiз аяқталды. Өйткенi сол консорциумды құрайтын Батыс компаниялары қытайлық компанияның араларына келiп кiруiне үзiлдi-кесiлдi түрде қарсы болып шықты. Қытай үшiн бұл аса бiр жағымсыз жайт болды. Ал Ресейге келетiн болсақ, оның өкілдері Тбилисиде болған «Жұмсақ революцияны» және Киевте болған «Майдан революциясын» американдықтар ұйымдастырды дегендi ашық айтып шықты.
Демек, Каспий аймағы үшiн тартыс осы үш алып мемлекет үшiн астыртын емес, ашық кейiпке ие бола бастаған.
Бұл үш державаның үшеуiнiң де Каспий аймағы турасында нақты көздейтiн мақсаты бар. Және де олардың сол көксейтiндерi бiр-бiрiне сай келмейдi. Әрине, олардың барлығы көңiлiндегiсiн алдымызға жайып тастағалы жатқан жоқ. Әзiрше Каспий аймағы, Қазақстан және Орталық Азияға қатысты емеурiнiн нақты түрде бiлдiрiп отырған АҚШ қана. Ресми Мәскеу бұл мәселе турасында ашылып ештеңе айтпайды. Бiрақ бұнысының қажетi де шамалы болар. Өйткенi Ресейдің бұл аймақты өзiнiң туралай ықпал ететiн аймақ ретiнде қарастыратыны жұрттың бәрiне белгiлi де, түсiнiктi де. Қалай болғанда да ресми Вашингтон өкiлдерi 2000 жылдан бастап яғни Қашағанда мұнай табылғаннан берi Мәскеумен тiл табысудың қиындап кеткенiн мойындайды.
Ал Қытай болса, әзiрге өзiнiн Қазақстанның Каспий аймағы мұнай-газына қатысты не жоспары бар екенiн айтқан жоқ. Бiрақ бұл жағдайда оның да қарап қалмайтынын басқа түгiлi, негiзгi бәсекелестерi болып табылатын АҚШ пен Ресей де айтып отыр.
Ал ендi осы үшеуiнiң бiздің аймақпен байланысты қандай мұқтажы және жетiстiктерi бар екенiне келейiк. Ең ұпайы түгелi – ресейлiктер. Оларға бiздің мұнай мен ғаздың тiкелей қажетi шамалы. Өздерiнiкi де жеткiлiктi. Ал халықаралық рынок пен Қазақстан арасындағы делдалдық пайдасы бұрын да жаман емес едi. Ендi КТК құбыры қосылып қана қоймай, тиiстi кеңейтілген деңгейiне дейiн жетiлдiрiлген соң, олардың бұл табысы одан бетер арта түспек.
АҚШ-тың ұпайы да түгелдене бермек. Мұхиттың арғы жағындағы Америкаға тұтынушы ретiнде Қазақстан мұнайының қажетi жоқ. Оның көздейтiнi өз компанияларының табуға тиiс пайдасы мен саяси мақсаттар. Кейiнгiлердің iшiндегi ең бастысы – Каспийдің үлкен мұнайы мен оның тасымалдану жолдарының Ресей, Иран және Қытай бақылауына түсуiне жол бермеу.
Ал Қытайға Қазақстан мұнай-газы эконо­микалық жағынан да, саяси жағынан да қажет. Бiрiншiден, ол өз мұнайы өзiне жетпейтiн ел. Жақын жерде көп мұнай тек Қазақстанда ғана бар. Бiрақ оны сатып ала алу Қытай үшiн жеткiлiксiз. Әрқашанда қажетiнше мұнай-газ ала алатынына сенiмдi болу үшiн оған бұл аймақта саяси тұрақтылықты орнату қажет. Демек, ол ерте ме, кеш пе, өзiн бұл мәселе турасында танытады. Өйткенi қазiргi саяси-экономикалық дамуы үрдiсiне қарайтын бол­сақ, оның басқа қалған амалының да жоқ екенiн түсiнемiз.
Ал ертең АҚШ, Ресей және Қытай сияқты ұлы державалар Каспий турасында өзара келiсе алмай қалғанда не болмақ? Әзiрге белгiлiсi бiреу: бұлардың әрқайсысының нақты саясаты Каспий байлығын басқа екеуiнен қызғануға саяды. Осы саясаттың табиғаты барған сайын ашыла түспек. Халықаралық экономикалық және саяси қырқыс түйiнiне айналу деген осы.
Екiншiсi, яғни геосаяси орта туралы. Ресей­дің тасы өрге домалап тұрған соңғы 200 жыл iшiнде оның қарауында болған Орталық Азияға айналадағы ешкiмнiң де көз алартуға жағдайы болмаған. Қазiр Ресей, бiрiншiден, оның оңтүстiк пен оңтүстiк-шығыс шекараларынан керi шегiнiп, қашықтады; екiншiден, өзi әлсiредi. Оның Кавказ сырты мен Украинадағы жағдайды бiржақты кыла алмауы осы айналадағы бiрқатар күштердің Орталық Азия мен Қазақстанды өз иiрiмдерiне iлiктiрiп алуды байқап көруiне түрткi болып отыр. Оның үстiне Қытай Шыңжанды игеруге мықтап кiрiсiп кеттi. Осы үрдiс күшiн сақтаса, бұл бiзге көршi провинция дамуы жағынан Қазақстаннан озық аймаққа, демек, оны өзiне тартатын күш орталығына айналуы мүмкін.
Ислам әлемiнде бұған жол бермеудi мақсат тұта­тын күштер табылып отыр. Демек, Қазақстан­ның оңтүстiгi мен оңтүстiк-шығысында шиеленiс арта түспек.
Осы екi қатер факторына қарсы тұра алу үшiн iшкi резервтердi сарқа пайдалана алатындай мүмкіндiк қажет. Осы жерде үшiншi мәселе – қоғам бiртұтастығы мәселесi шығады. Өкiнiшке орай, Қазақстан халқының басын бiрiктiретiн материалдық емес категория әлi күнге дейiн жоқ. Ол ол ма, тiптi басқаларды бiрiктiруге тиiс күш саналатын Қазақ коғамы­ның өзi топшылдыққа негiзделген алауыз­дықтан түгел арыла алмай келедi.
Бiрақ ендiгi жерде де қоғамды бiртұтастан­ды­рудың амалы табылмаса, әлгi аталған екi құбы­лыс бөлiп-жарып әкетуі мүмкін.

Мақсат КӨПТIЛЕУОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X