Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Әр жұмыстың жеке жауапкершілігі бар

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бірнеше маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы, әлеуметтік көмек және халықты жұмыспен қамту саласын жаңғырту жайы, сондай-ақ Астана қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі кешенді жоспар, цифрлы экономикаға мамандарды даярлау мен қайта даярлау шаралары қамтылды.

Жиынды ашқан Бақытжан Сағынтаев алдымен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың айтқан сөздеріне қатысты жарияланған мәлімдемесіне тоқталды. Ол Қырғызстан президентінің еш негізсіз, цифрларды бұрмалауға негізделген орынсыз сөздеріне байланысты мәлімдеме жасағанын, бұл ретте сенімді фактілермен бекітілген Үкіметтің ресми позициясын жеткізгенін баса айтты. Сондай-ақ Қазақстан Қырғызстанмен әрқашан серіктестік қарым-қатынасты сақтап келгенін атап өтті.
Әрі қарай Үкімет басшысы еліміздің жанармай нарығындағы жағдайға қатысты мәселе қозғап, өңірлерде тапшылықтың байқалатынын, бензиннің лимитпен әрі талондармен сатыла бастағанын, соның нәтижесінде баға өсімі орын алғанын айтып, энергетика министрі Қанат Бозымбаевтан және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтан мұның себебін түсіндіруді сұрады.
Бірақ, жауапты басшылардың бензин тапшылығына қатысты бағам айырмашылығына, импорт үлесінің ұлғаюына, көрші елдердегі жоғары бағаға сүйене отырып жасаған түсініктемелеріне қанағаттанбаған Үкімет басшысы, бұл әрекетті тікелей лауазымдық міндетінен жалтару деп түсінетінін айтты. Сондықтан Үкімет мүшелеріне ықпал ету тәртіптік жазаларын ел Президенті қабылдайтынына орай Мемлекет басшысының атына энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс жариялау туралы ұсыныс енгізетінін мәлімдеді. Ал вице-министрлерді қызметке тағайындау және босату өз құзыретіне жататын болғандықтан, Б.Сағынтаев аталған салаға жауапты энергетика вице-министрі Әсет Мағауовты лауазымынан сол жерде босатты. «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеевке белгіленген тәртіпте «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевқа өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін сөгіс түрінде тәртіптік жаза қолданып, міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Данияр Берлібаевтың өкілеттігін тоқтату бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.
Сонымен қатар Үкімет басшысы өңірлердегі көмір нарығындағы жағдай туралы Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтен есеп алды. Премьер-министр мемлекеттік органдар мен өңірлердің басшыларына өз істеріне жауапкершілікпен қарауды тағы бір ескертіп, Асқар Маминге көмірмен қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды.
Бұдан кейін күн тәртібіндегі негізгі тақырып – денсаулық сақтау саласын дамыту­дың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жүзе­ге асырылу барысы қозғалды. Министр Е.Біртанов бағдарламаның негізгі бағыттарын іске асыру нәтижелерін жеткізді.

Министрдің баяндауынша, алғашқы медици­на­лық-санитарлық көмек деңгейінде алты жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсарту және жалпы практика дәрігерінің жүктемесін төмендету мақсатында педиатриялық учаскелерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, биыл республика бойынша 23 педиатриялық учаске ашылған, жыл соңына дейін тағы 84 осындай учаске ашу жоспарланып отыр. 2018 жылы оқуды бітіретін интерн педиатрларды есепке алғанда, тағы 230 педиатриялық учаске ашу, 2019 жылдан бастап 2024 жыл аралығында жыл сайын 500-ден астам педиатриялық учаске ашу көзделген. Осылайша, 2024 жылға қарай педиатриялық учаскелерге деген қажеттілікті 100 пайыз қамтамасыз ету көзделеді.
Бұдан өзге, созылмалы аурулармен ауыратын пациенттерді белсенді түрде қадағалап-қарауға негізделген ауруларды басқару бағдарламасын енгізу бойынша жоба жүзеге асырылуда екен. Биыл жоба барлық 16 өңірде іске асырылып, оған қатысатын науқастардың саны екі есеге ұлғайған.
Жедел медициналық көмек көрсетуді жетіл­діру және ЖМК қызметінің жұмысындағы проблемаларды шешу мақсатында жедел және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуге сараланған тәсіл көзделеді. Жеделдік санатына байланысты көмектер оңтайландырылған және белгілері бойынша топтастырылған. Сондай-ақ ұлттық дәрі-дәрмек саясатын іске асыру аясында бүгінде 53 ұзақмерзімді шарт жасалып, оның ішінде 24-іне биыл қол қойылды. Бірыңғай дистрибьютордың жалпы сатып алуында отандық өндірушілердің үлесі нақты мәнінде 75 пайызды, ақшалай мәнінде 30 пайызды құраған. Сонымен қатар министрлік өңірлермен бірлесіп Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын әзірлеуде. Онда желіні трансформациялау қажеттілігі, инфрақұрылымды жаңарту және ресурстарды тиімді пайдалануды ескерумен медициналық кадрларды дайындау қарастырылады. Инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын қабылдау және іске асыру 2017-2025 жылдар аралығында 11,2 млрд. теңге көлемінде қаражат үнемдеуге мүмкіндік бермек.
Отырыста сондай-ақ еңбек нарығын жаңғыр­туға бағытталған заң жобасы қаралды. Құжатты таныстырған еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, әзірлеушілер электронды еңбек биржасын құруды көздейді. Ол мемлекеттік және жеке жұмыспен қамту орталықтарының ақпаратын, азаматтар мен жұмыс берушілер өздігінен ұсынған резюмелер мен бос жұмыс орындарының басын біріктіретін бірыңғай электрондық алаң болады.
Әзірлеушілердің пікірінше, ұсынылып отыр­ған өзгерістер жұмыспен қамтуға жәрдем­десу бой­ынша қызмет көрсететін еңбек нары­ғы инсти­туттарын кеңейтуге, олардың азамат­тарға қолжетімділігін қамтамасыз етуге және бәсекелестік есебінен сапаны арттыруға мүмкін­дік береді.
Заң жобасында 4 кодекске және 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылған.
Келесі кезекте Үкіметте Елорданың азық-түлік белдеуін жетілдірудің жол картасы бекітілді. Бұл бойынша баяндаған ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғановтың мәлімдеуінше, қаланың жеке өндірісі Астана халқының ұнға, макарон өнімдеріне, нан мен жармаға деген қажеттілігін жабады. Елорда тұрғындарын отандық азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мақсатында азық-түлік белдеуі аймағында қажетті өндірісті құру, республиканың өзге өңірлерінен өнімдерді тұрақты түрде жеткізіп тұруға жағдай жасау және астананың сауда инфрақұрылымын дамыту бойынша міндеттер қойылды.
Үш аймаққа бөлу арқылы Қарағанды облы­сы­ның жақын орналасқан төрт ауданының және Ақмола облысының барлық аудандары өн­дірісінің әлеуетіне талдау жүргізілді. Екі облыстың әкімдіктеріне арналған жол картасында әртараптандыруды есепке алғанда 2018 жылға арналған егіс алқаптарының қажетті құрылымы анықталған. 300 шақырым радиустағы аудандардың қой еті өндірісінің көлемін қажет­тіліктің 60 пайызына дейін ұлғайту әлеуеті бар. Ал шұжық өнімдерін, өңделген сүт, сары май, ірімшік және сүзбе көлемін қажеттіліктің 50 пайызына дейін ұлғайту әлеуеті бар. Ет өңдеу бойынша жалпы қуаттылығы 28 мың тонна және жүктемесі 72 пайыз болатын 24 кәсіпорын қызмет көрсетеді. Жылына 90 мың тонна сүт өндіру қуаттылығын ескергенде, азық-түлік белдеуінің 20 сүт зауыты бойынша жүктеме 55 пайызды құрайды. Сондай-ақ мұнда өндіріс көлемін ұлғайту бойынша нақты индикаторлар қойылған.
Цифрлы экономикаға мамандар даярлау шаралар жайын білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтып берді. Мысалы, орта білім берудегі АТ-құзыреттілікті арттыру аясында мектептерде «Робот техникасы» таңдамалы курсы енгізілген. 2016-2017 оқу жылында робот техникасы бойынша 372 үйірме, сондай-ақ 397 мектепте 397 робот техникасы кабинеті ашылды. 2 500 информатика мұғалімі робот техникасы, робот техникасын жүзеге асыру жағдайында АТ бойынша теориялық және сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастырудың ерекшеліктері бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Техникалық және кәсіптік білім берудегі АТ-құзыреттілікті арттыру аясында ағымдағы жылы жұмыс берушілердің ұсыныстары бойынша «Ақпараттық қауіпсіздік» жаңа мамандығы қосылды. Бұл мамандық бойынша қабылдау 2018 жылдың 1 қыркүйегінен басталады.
Барлық 16 өңірде интерактивті білім беру жабдығын қолдану бойынша оқу орталықтары құрылып, онда 3 564 астам инженерлік-педаго­гикалық қызметкер біліктілікті арттырудан өткен. 2017-2018 оқу жылының басынан бері барлық ЖОО-лар АТ саласындағы 10 бекітілген кәсіптік стандарттарды ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңартты. Сондай-ақ онлайн режимде оқыту кеңінен таралып келеді.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X