Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Өркенді істер өрісін табады

Еліміздің индустриалды-инновациялық даму стратегиясына сай өндірісі күн санап қанат жайып келе жатқан өңірлердің бірі – Ақтөбе. Табиғи байлықтардың айрықша қазынасы аймақта жаңа өндірістер мен индустриалдық кластерлер құруға берік негіз қалайды. Бүгінде орнықты дамудың үлгісіне айналып, ел экономикасының әлеуетін нығайтуға лайықты пәрмен қосып отырған өңірдің жетістіктеріне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда өзі куә болған еді.

Елбасы өңірге сапарын қуатты ферроқорытпа зауытынан бастады. Жаңа өндірістің балқыту пешін Президент осыдан үш жыл бұрын іске қосқан болатын. Құны 126,4 миллиард теңгені құрайтын бұл баламасыз өндірістік құрылым жоғары көміртекті феррохром өндіруді арттыру үшін «Қазхром» трансұлттық компаниясы стратегиясының бөлігі ретінде жүзеге асырылған. Балқыту цехында тұрақты тоқпен жұмыс істейтін жаңа буынның 4 пеші жылына 440 мың тонна жоғары көміртекті феррохромды қорытып, өнімділік деңгейін төрт есеге арттырған. Осыған дейін жасалған технологиядан айырмашылығы сол, феррохромға балқытуға қажетті шикізатты кесектемей, бірден жоғары көміртекті феррохром балқытуға болады. Құрамында 8-9 процент көміртегі бар таза көміртекті феррохром сапасын шет елдер мойындап отыр. Өнімге жоғары сұранысты ескергенде, кәсіпорынның негізгі тұтынушылары мен экспорт көлемін одан әрі ұлғайту жолдарын қарастыру орынды болмақ. Қазірде өнім Қытайға, Еуропаға, АҚШ-қа экспортталуда.
Елбасы аялдаған келесі нысан – Ақтөбе рельс-арқалық зауыты болды. Индустрияландыру картасы аясындағы ірі кәсіпорын Еуразиялық экономикалық кеңістікте ұзындығы 120 метрлік «Р-65» стандартындағы табиғаттың қатаң жағдайларына бейімделген термотөзімді қуатымен ерекшеленетін темір жол рельстерін шығарады. Алып зауыт келесі жылы толық жобалық қуатына шығып, жылына 430 мың тонна прокат шығармақ. Ал биылдың 9 айында зауыт конвейрінен 116,4 мың тонна рельс өнімдері өндіріліп, оның жалпы құны 31,2 млрд. теңгені құрады. Бүгінгі күні рельс-арқалық зауытының негізгі тұтынушылары Орталық Азия республикалары болып отыр. Сонымен қатар зауыт өнімдері «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы инвестициялық жобасының қатарына кіріп, ел аумағындағы магистральды темір жолдарға күрделі жөндеулер жүргізу үшін пайдаланылады. Қазірде Ақтөбеде әзірленген рельстер «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда молынан қолданылып жатыр. Барлық қауіпсіздік талаптарына жауап беретін рельстер Алматы-Шу теміржолына төселді. Отандық өнім сондай-ақ Құрық теңіз портының, Астанадағы «Нұрлы жол» темір жол вокзалының құрылысында қажетке жарады. Елбасы өңірдегі ең ірі жұмыс беруші кәсіпорын деп атаған рельс-арқалық зауыттың инженер-конструкторлары толық автоматтандыру жүйесін құруға қол жеткізді. Бұл бірінші кезекте ақауларды болдырмау және оқыс жағдайлардың алдын алу үшін жасалған. Индус­трия­ландырудың қазіргі екінші бес­жыл­дығы тұсында өңірде картаға енгізілген 94 жобаның 84-і пайдалануға беріліп үлгерген. Оның жалпы құны 565 миллиард теңгені құрайды. Жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы 7,4 мың тұрақты жұмыс орнының ашылуына септігін тигізген. Жалпы, өңірдегі ірі кәсіпорындарда Мемлекет басшысының экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғырту бойынша тапсырмасын тиімді жүзеге асыру үшін барлық шаралар жасалуда. Мысалы, облыстың 30 ірі компаниясымен жаңғырту және мамандарды қайта оқыту іс-шараларының жоспарына қол қойылған. Қазір 10 кәсіпорын заманауи талаптарға сай жаңғыртылды. Тұтастай алғанда, жоспарлы нәтижелерге қол жеткізу еңбек өнімділігін 12 пайызға өсіруге, өнім өндіру мен өңдеудің өзіндік құнын 3 пайызға төмендетуге ықпал етеді.
Сапар барысында Елбасы озық үлгілі Ultra-Clima инновациялық жүйесі қолданыла отырып салынған жылыжайды аралап көрді. «Greenhouse Kazakhstan» серіктестігінде салынған құны 5 млрд. 740 млн. теңгені құрайтын жылыжай кешені жылына 6 мың тонна өнім өндіре алатын қуатқа ие. Бұл облысты көкөніспен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, артылғанын көршілес Ресейге экспорттауға мүмкіндік берді. Қазірге дейін 3 мың тоннадай өнім өндіріліп, елімізден бөлек, Ресей қалаларында да сатылып жатыр екен. Аумағы 9,5 гектарды құрайтын жылыжай толық автоматтандырылған.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Нұрлы жер» бағдарламасы өңірде ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында пилоттық жоба – несиеге берілетін әрі жылдам салынатын бір және екі қабатты тұрғын үй кешені салынуда. Мемлекет басшысы «Нұр Ақтөбе» аумағындағы құрылыстың барысымен танысып, бұл мақсатта атқарылып жатқан жұмыстардың деңгейіне ризашылығын білдірді. «Нұрлы жердің» маңызы азаматтардың жайлы тұрмысы үшін қажетті инфрақұрылым қалыптастырумен ұштасады. Бағ­дар­лама елімізде кезекте тұрған азаматтардың санын азайтуға септігін тигізеді. Осы ретте бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалану үшін 130-дан астам құрылыс компаниялары мен құрылыс индустриясының кәсіп­орындары жұмылдырылып отыр. Ал материалдардың 80 пайызы жергі­лікті жерде өндіріледі. Тұтастай алғанда, биыл және келесі жылы облыс орталығының шағын аудандарында 423 жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, онда 100 мыңдай тұрғын қоныс тебетін болады. Аймақта тұрғын үй құрылысын салумен қатар, халыққа қажетті инфрақұрылымдық жүйелер де қатар орнығуда. Бағдарлама аясында тұрғызылған жеке тұрғын үйлер аумағында 1200 орындық орта мектеп пен 300 адамды қамтитын емхана құрылыстарын мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салу көзделген. Бұл орайда елді мекендерді газбен жабдықтаудағы шаралар кешенін бөлек атап өткен жөн. Соңғы екі жылда өңірді газбен қамту деңгейі 60-тан 80 пайызға дейін өскен. Бұған облыс орталығының іргесінде тұрғызылған «АГРС 300» автоматтандырылған газ тарату станциясы елеулі серпін бергені сөзсіз.
Жалпы, өңірде әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуға және аймақ тұрғын­дарының әл-ауқатын арттыруға ба­ғыт­талған тапсырмалардың тия­нақты нә­тижесі облыс басшысы Бердібек Сапарбаев келтірген деректермен айқын­дала түседі. Бұған ағымдағы жылы облыс экономикасының 4 пайызға өскендігі, оны экономиканың барлық секторлары қамтамасыз еткендігі дәлел. Атап айтқанда, өнеркәсіптік өндірістің индексі – 104,9% (өңдеу өнеркәсібінде – 109,7%), ауыл шаруашылық өндірісінде – 102,7%, инвестицияларда – 130% деңгейінде болды. Құрылыс кешеніндегі жұмыс көлемі 111,9% құрап, 337 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Экономиканың өсуі және әлеуметтік тұрақтылық халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуге мүмкіндік беретіні ақиқат. Бұл ретте жұмыссыздық деңгейін көбейтпеудің қамы жасалып, 11,3 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту бағытында өңірде құны 50 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайтын 125 жоба жүзеге асырылуда.
Жуырда ғана «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдасты­рылған «Туған жер» республикалық форумы барысында 25-тен астам жоғары технологиялық күрделі операциялар, жүзден астам кездесулер, семинарлар мен жаттығу сабақтары өткізілді. Жалпы құны 76 млрд. теңге тұратын 20 шақты меморандумға қол қойылып, форум қатысушылары аймақтың дамуына тағы 5 млрд. теңге көлемінде демеушілік көрсететін болды. Сөйтіп, жерлестер кездесуі туған өлкенің өсіп-өркендеуіне бағытталған игі шаралардың ауқымын тағы да кеңейте түсті.
Болашақтың бағдары болған «Рухани жаңғыру» аясында Ақтөбеде қазірдің өзінде кешенді қадамдар жасалған. Сәні мен салтанаты келіскен ғимараттар қаланың архитектуралық ажарын айшықтай түседі. Арнайы нысандар өскелең рухани сұраныстарды толық өтей алатын деңгейге көте­рілген. Солардың қатарында өнер отралықтары мен шығармашылық ака­демия ғимараттары ерекше ата­лады. Елбасы жұмыс сапарының екінші бөлігінде осы бағыттағы іс-ша­раларға ден қойды. Нұрсұлтан Назарбаев «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» ак­­цио­нерлік қоғамының қаржысына салынған жаңа өнер орталығын қарап шықты. Облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдарының өне­рін тамашалап, қызметкерлермен әңгімелесті. 1200 орынға арналған концерттік залы бар орталықта көпшілік қатысатын іс-шаралар мен шығармашылық кештер өткізіледі. Ал бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту бағдарламасы арқылы салынған шығармашылық академиясында бір уақытта 1000-ға жуық бала ғылыми және шығармашылық қызметпен ай­налысып, өздерінің ақпараттық тех­­нологиялар саласындағы қабілет­терін дамыта алады. Мекеме 6-18 жас аралығындағы балалар мен жастарға мектептен тыс қосымша білім беруге арналған.
Елбасы сондай-ақ атақты Жұбанов­тар әулетінің көрнекті тұлға­ларының шығармашылық мұрасын дәріптеу, дарынды балаларды оқыту мақсатымен салынған Жұбановтар әлемі орта­лығында болды. Мұнда ақын-жазушы­лар шығар­машылық кештерін өткізіп, талантты жастар өнерін шыңдай алады. Өнер ордасын аралап көрген Президент қоғам өкілдерімен, көпшілік қауыммен кездесуде Ақтөбеде атқа­рылып жатқан оң істерге тоқталды. Елімізде жүзеге асып жатқан игілікті істердің барлығы қазақстандықтардың өмір сапасын көтеру үшін жасалуда. Мемлекетіміздегі ортақ табыстардың арта түсуіне ақтөбеліктердің қосып отырған үлестері де қомақты. Мен бұған сапар барысында көз жеткізе түстім. Аймақтың ертеңі еңселі, болашағы баянды. Келешекте Ақтөбе қаласы елордамыз – Астана, ірі мегаполис – Алматы және еліміздің оңтүстігіндегі шырайлы шаһар Шымкент секілді қалалардың қатарынан орын алатын болады. Айқын мақсаттарға жұмылдырылған өңірде ел ырысын еселей түсетін іргелі істер мен өрелі өзгерістер мол бола берсін, деп түйіндеп, тілегін білдірді Мемлекет басшысы.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X