Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Жаңа экономиканың нышанды негіздері

Жетпісбай Бекболатұлы,әл-Фараби
атындағы ҚазҰУ  кафедра меңгерушісі
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Ақпарат ғасыры, цифрлық өркениет қыр үстінде қол бұлғап тұр. Алайда, зымыран заманның осынау асау тұлпарын бір елдер тақымының астында ойнақтатса, кей елдер үшін бұл көрген түспен барабар ғажайып болмыс санатында. Осы орайда әйгілі ЭКСПО-ның самаладай оттарын Арқа ажары – Астанада жарқыратып, айдай әлемге «мен мұндалап» жар салған Қазақстан сол қырдың қай тұсында тұр, қасаң қағида, көпірме ұранды көлденең тартып, көптің біріндей көк дөненін қамшылап келе келе жатқан жоқ па, деген сауалдың қылаң беретіні де рас.
Ашығын айтсақ, бұл бағыттағы бағдарлама, жоба-жоспар атаулыдан Қазақстан қашан да кенде болған емес. Ақпараттандыру жөніндегі жөн-жобалар елімізде аузымен құс тістеген мемлекеттермен бір мезгілде өмірге келіп, бұл жөнінде қаламы жүйрік журналистер көзі қарақты жұртты сол сәтте құлақтандырып та үлгерген-тін. Бұл өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңы болатын. Содан бері жиырма жылға уақыт желдей есіп өте шығыпты. Көрген түстей болғанымен, бұл ат жалын тартып мінген білдей бір азаматтың ғұмыры ғой. Иә, сонымен бар мен жоқты түгендеуге отырсақ, сыншыл да міншіл жұрттың сол жамбасына келмес үшін мұндайда дәлел мен дәйекті алдыға тартып, нақты фактімен сөйлеуге үйренген әдетімізден бұл жолы да жаңылмай, мәлімет-деректер тіліне көшейік. Сонымен, осы кезең ішінде Қазақстанның бүкіл аумағы оптикалық-талшықты желімен байланыстырылып, мұның өзі телекоммуникацияны жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Білім ордаларында компьютер сыныптары жасақталып, оларға қазіргі бағдарламалар орнатылды, олар Wi-Fi сынды бүгінгі заман технологиясымен қамтылуда. Мұның өзі заманауй оқыту үдерістерін жедел енгізуге, және, ең бастысы, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызуға мүмкіндік береді. Бұған қазіргі смартфондардың жастар мен жасамыстардың арасында кең қолданысқа ене бастағанын қоссақ, ел аумағы мен республика халқы заман көшінің бел ортасында келе жатыр, деп тұжырым жасауға болады. Сонымен қатар елімізде электронды үкімет пен сауданың, электронды қол қоюдың енгізілуі, халыққа қызмет ету орталықтарының мінсіз жұмысы қаймана халық тарапынан қолдау табуда.
Ендігі кезек-блокчейн, автопилотты көлік­тер­де. Бұл жөнінен де намысшыл жұртымыз өзгелердің көлеңкесінде қалмауға тырысады деген үміттеміз. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, Қазақстан тұрақты макроэкономикалық ах­уал­дың арқасында инфрақұрылымдық даму мен цифрлық экономика саласында оң нәтиже­лерге қол жеткізіп отыр. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен The Boston Consulting Group тобы жуырда жария етіп, бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс тапқан «Қазақ­стан­ның макроэкономикалық келешегі және ци­фрландырудағы инвестицияның жаңа көкжиек­тері» атты бірлескен зерттеуде бірқатар дерек пен дәйек келтірілген. Зерттеуге сәйкес цифрландыру саласында Қазақстан алға жылжып келе жатқанын байқаймыз: цифрлық экономикаға тартылу деңгейі тұрғысынан Қазақстан Ресей, Біріккен Араб әмірлігі, Аргентина мен Чили сияқты елдермен қатар деңгейде және индексі 0,72 (БҰҰ мен BCG-тың 2016 жылғы мәліметі) болып, әлемдік орта көрсеткіштен (0,49) жоғары тұр. Сондай-ақ, BCG e-intensity рейтингінің мә­ліметі бойынша қазақстандық компаниялар арасында кең жолақты интернетке кіру көр­сет­кіші 45 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш жағынан Қазақстан Біріккен Араб әмірлігі (53 пайыз) және Малайзиямен (38 пайыз) теңдес. Цифрландырудың өнеркәсіптік өндіріс, ха­лық шаруашылығы, көлік, бөлшек сауда салаларына ықпалы орасан, бірақ Қазақстан бұл салаларда әзірге әлемдік орта деңгейге жеткен жоқ. Мысалы, Қазақстанда өнеркәсіптік өндірісті авто­маттандыруға жұмсалып отырған шығын ішкі жалпы өнімнің 0,07-0,09 пайызын ғана құрайды, бұл әлемдік орташа деңгейден (0,18%), 2,3-3 есеге аз, ал Солтүстік және Оңтүстік Америкадан 4-5 есеге аз. Онлайн-сауда нарығы тіпті мардымсыз, 2015 жылғы бөлшек сауда нарығының 0,8 пайызын ғана құрайды.
Сарапшылар пікірлеріне сәйкес Қазақстан экономикасын одан әрі цифрландыру көптеген салалардың дамуы үшін негізгі фактор болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстанның цифрлық экономикасы БРИКС елдерінің деңгейінде өсіп ке­леді. Мәселен, электронды коммерцияның дамуы шағын және орта бизнес үшін жаңа арналар ашады. Қазіргі кезде электронды коммерцияның Қазақстандағы үлесі 0,5 пайыз, Ресейде 3 пайыз, Қытайда 8,3 пайыз. Сарапшы Сергей Перапечка Қазақстанның электронды нарығы бөлшек саудада ресейлік нарықтың қарқынымен өссе, 2020 жылға қарай оның көлемі 750-800 млн. доллар болатынын атап өтеді. Оның пікірінше өнеркәсіптік өндірістегі әңгіме қолданыстағы өндірістік алаң­дарды автоматтандырып, мұнай-газ, тау-кен индустриясында, энергетикада 3D-баспа тех­нологиясын қолдануға қатысты болмақ. Қазіргі технологиялардың өмірге жедел енгізіліп жатқа­нын ескерсек, аталған салалардағы өзекті өзгеріс­тер­ге көп кешікпей куә боларымыз анық.


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X