Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

Туризмнің жаңа нысаны

Жақында Алматыда Дүниежүзілік туризм күні қарсаңында «Qazaq-Oner» қолөнершілер орталығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы, Туризм және сыртқы байланыс басқармасы және Мәдениет басқармасының қолдауымен ашылды.

Бұл орталықтың басты мақсаты – туризмді да­­мыту. «Qazaq-Oner» – білім беретін, өндіріс­тік, сауда, мәдени-тарихи және сауықтық орта­лық. Қолөнершілердің орталығы Атлетика­лық ауыл­дағы Пирамида залында, дәстүрлі музы­­­ка­ның мультимедиялық орталығы, ұлттық тағамға ар­налған мейрамханаға жақын орналасқан.
«Орталықта 20 қолөнер шеберінің жұмыс­тары қойылған. Олардың көбі ЭКСПО көрмесінен келді, жаңа бұйымдар жасап үлгер­меді, бірақ алдағы уақытта заттардың қатары көп болары анық. Бұрындары қолөнер­шілерге БҰҰ, ЮСАИД, ЮНЕСКО секілді халықаралық қоғамдық қорлар қолдау көрсететін. Биыл алғаш рет мемлекет, атап айтқанда Алматы әкімдігі қолдау көрсетіп, жаңа жылға дейінгі жалдау қаржысын көтерді. Біз аяғымыздан нық тұрып кеткенге дейін, әрине. Ісімізді жолға қойғанша айтарлықтай көмек екені белгілі. Мұнымен қоса, орталықтың барлық жабдығы – жиһаз, сөре, орындықтар қала әкімдігінің қаражатына сатып алынды. Бұрындары қолөнершілер біреуге арқа сүйеп, қорлардан көмек сұрап келген, қандайда бір шеберлік сыныптарының ресми жұмыс істегені сирек болатын. «Жалғыздың үні шықпас» деген. Сондықтан орталықтың мақсаты – бірге жұмыс істеу. Бізде кассалық қана емес, карта қабылдайтын аппарат та болады. Себебі туристердің барлығы карта арқылы төлейді. Қолөнерді шағын бизнес деңгейіне дейін көтеріп, бюджет түсімін арттыруды ғана емес, чек бере отырып, клиентке сапалы қызмет көрсетуді көздейміз. Корпоративтік кли­енттер хабарласады, олармен құжат жүзінде жұмыс істеу керек. Серіктестер қатарында көптеген туристік компаниялар бар. Олар өз туристерін бізге алып келеді. Швециядан келген туристерді қарсы алдық, олар киіз басудан шеберлік сағатын алды», – дейді Алматы қаласы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, жоба авторы, кәсіпкер Айгүл Жансерікова.
«Бұл туристер келетін нысан. Алматы ту­ризмді дамытуға әлеуеті мол. Осындай орта­лықтың ашылуы үстемелейді. Жоба Алматы кәсіпкерлер палатасы дайындаған Туризмнің жол картасына енгізілген. Біз бұл жобаларды сүйемелдеп, қаржылай емес қолдау көрсете­міз. Сондықтан осындай орталықтардың қатары көбейгені жақ­сы», – деді Алматы қаласы кә­сіп­керлер пала­тасы­ның директоры Юрий Тілеумұратов.
«Qazaq-Oner» қолөнершілер орталығының жалпы ауданы 800 шаршы метр. Қазақтың ұлт­тық қолданбалы өнерін дамытуға, таны­малдығын арттыруға бағытталған тұңғыш әрі бірегей жоба.
Жоба қазақ қолөнер шеберлерінің қатарын көбейтуге, олардың өнерін өрістетуге сеп болып, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне де үлес қосары анық. Сонымен қатар жергілікті өндіріс жолға қойылып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Ықылас танытқандар жаңа мамандық алып, отбасылық демалыс ұйымдастыра алады. Киіз басу, қыш құю, зергерлік өнер, құрақ құрау, кесте тігу, тоқыма және т.б. түрлерін тегін үйренуіне мүмкіндік бар.

Ернар Орманов


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X