Валюта бағамы: $ 336.05 394.49 5.85 ¥ 50.63

МАҢҒЫСТАУДА ІС ІЛГЕРІЛЕП, ТАБЫС ТОЛЫҒУДА

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы көрсеткіштері бүкіл еліміз көлемінде алдыңғы қатардағы жетістіктер болып табылады. Олай болатын жөні де бар, өйткені Маңғыстау облысы – Атырау облысы және Алматы қаласымен бірге елдің экономикасын нығайтқан үш донор аймақтың бірі.
Халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ (жалпы өңірлік өнім) көлемі бойынша Маңғыстау облысы республикада төртінші орын алады. Халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ тұрақты түрде қалыпты сақталып, жалпы республикалық көрсеткіштен әлдеқайда артық бағамды құрайды.

Енді облыс әкімдігінің сайтындағы статис­тикалық мәліметтері негізіндегі экономикалық көрсеткіштердің кейбіріне тоқталып өтейік. Атап айтқанда, ЖӨӨ 2017 жылдың 1-тоқсанында 518,5 млрд. теңгені, ЖӨӨ-нің нақты өсімі – 99,2% құраған. Халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ 803,9 мың теңге көлемінде қалыптасқан екен (ҚР бойынша орташа көрсеткіш 581,2 мың теңгені құраған). Бұл ретте ЖӨӨ-нің НКИ-нің (нақты көлем индексінің) 2017 жылға арналған болжамы – 101%.
Облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары 2017 жылдың қаңтар-маусымында қолданыстағы бағада 1048,2 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Өнеркәсіптік өнімнің нақты көлем индексі 99,1% құрап отыр.
Дегенмен де, төмендеу фактісі де жоқ емес, мәселен, бұл жалпы көлемде үлесі 87,4% құрайтын кен өндіру өнеркәсібіндегі (916,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілген) НКИ-нің (99%) төмендеуіне байланысты болды (2016 жылдың қаңтар-маусымы –756,6 млрд. теңге) дейді мамандар. Мұны мұнай саласында да байқауға болады. Айталық, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 0,3%-ға төмендеген мұнай өндірудің төмендеуіне байланысты болып, өндіру көлемі 8,8 млн. тоннаны құраған (2016 жылдың қаңтар-маусымы – 8,9 млн. тонна). Осының бәрі жартыжылдық нәтижелері екенін ескерсек, желтоқсанға дейін көрсеткіштерді арттыруға толық негіз бар, дейді өнеркәсіп саласының мамандары.
Өнеркәсіптің басқа жетекші салаларындағы өсім айтарлықтай, тиісінше, бұл облыстың экономикасындағы табыстар одан әрі толығуда деген сөз.
Мұнай-газ саласында үлесі 13% алатын техникалық қызметтердің 8,3%-ға өскені байқалады (бұлар – «Мұнайфилдсервис» ЖШС, «Астра Стар» ЖШС, «Caspian Well Services» ЖШС, «Кезби» ЖШС жетекші компаниялар).
Табиғи газ өндіру 17,4%-ға, 1537,8 млн. текше метрге дейін артқан (2016 жылдың қаңтар-маусымы – 1309,4 млн. текше метр).
Өңдеу өнеркәсібіндегі (саланың үлесі – 6,2%) өндіру көлемі 2,1%-ға артып, 64,9 млрд. теңгені құрады (2016 жылдың қаңтар-маусымы – 64,1 млрд. теңге).
Тоқыма бұйымдар өндірісінде – 37,1%-ға, машина жасауда – 26,3%-ға («Ақтау машина жасау зауыты» ЖШС, «Каскор-Машзавод» ЖШС), резеңке және пластмасса бұйымдар өндірісінде – 28,1%-ға («Шыны-пластикалық құбырлар зауыты» ЖШС, «Ақтауполимер» ЖШС және басқалары), өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісінде – 20,6%-ға («ӨКБ» ЖШС, «Теміртас» ЖШС және басқалары), химия өнеркәсібінде – 5,9%-ға («ҚазАзот» ЖШС), тері және оған жататын өнім өндірісінде – 0,9%-ға өсу байқалады.
2017 жылдың басынан бері 1,2 млрд. теңге сомасына және жаңадан 135 тұрақты жұмыс орнын құрумен «Шыны-пластикалық құбырлар зауыты» ЖШС-нің «Шыны-пластикалық құбырлар мен фитингтер өндіретін 3-цехтың құрылысы» және «Ақтау Керамзит» ЖШС-нің «Керамзит тасын өндіретін зауыт салу» атты жобалары пайдалануға берілген. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл өңірде бұрынғылардың байыпты жұмыс істеуімен қатар жаңа өндіріс орындары ашылып, экономикаға тың серпін беріп отырғанын аңғартады.
Бұған облыс әкімі Ералы Тоғжановтың өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамуды тыңғылықты назарында ұстап, қосымша күш жұмылдыруға да жете көңіл бөлетіні оң ықпалын тигізуде десек, қателеспейміз. Бұл ретте өңірге инвестиция тарту мәселесі алдыңғы қатардағы және маңызды міндет екені даусыз, облыс басшысы осыған да жете көңіл бөлуде.
Соның айғағындай, таяуда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Ақтау қаласында Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтардың (АЭА) ин­вестициялық әлеуетінің таныстырылымы өтті. Халықаралық форумға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «Kazakh Invest» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Біржан Канешев, 12 елден келген инвесторлар және Әзірбайжан, Түркия, Иран, Литва елдерінің консулдары қатысқан.
Қазір Қазақстанда әртүрлі салалық бағыттағы 10 арнайы экономикалық аймақ бар. Мысалы, «Оңтүстік» АЭА-ы тоқыма өнеркәсібінде, «ПИТ» АЭА-ғы ақпараттық технологиялар бойынша, «Павлодар» және «Атырау» АЭА-тары химия және мұнайхимиясы бойынша маманданған. Ал, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы іске қосылғаннан бері 88 млрд.теңге инвестиция тартылып, 241 млрд.теңгенің өнімі өндіріліпті. Бюджетке 21 млрд.теңге көлемінде салықтар төленген. Аймақта 15 мекеме белсенді қызмет етуде және олар 1144 жұмыс орнын құрап отыр екен.
Форумда Ақтау, Атырау, Шымкент, Алматы, Тараз, Павлодар қалаларының арнайы экономикалық аймақтары (АЭА) таныстырылды. АЭА-дағы басқарушы компаниялардың басшылары шараға қатысушы қонақтарды АЭА-тың ерекше жағдайымен таныстырып, сәтті іске асырылған жобаларды ұсынды. Олардың даму тәжірибесі мен болашақ жоспарлары туралы айтып берді.
Алқалы жиында сөйлеген «Kazakh Invest» ҰК» АҚ АЭА дамыту департаментінің басқарушы директоры Еркежан Әмірханованың айтуынша, бүгінде АЭА территориясында 160-қа жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылған. Оның 20 пайызы шетелдік. Қазір АЭА алаңында 11 мыңнан астам адам жұмыс істейді екен.
– Маңғыстау облысы – өндірісімен қатар, сан саласы жедел даму үстіндегі бірден-бір аймақ. Қазақстанның экономикасын нығайтуға облысымыздың қосқан үлесі де зор, қол жеткізген табыстары да, жетістіктері де аз емес. Қазыналы өңірдің келешек үшін бергенінен әлі берері мол. Осы форум Қазақстанның жаңа инвестициялық мүмкіндіктерін сіздермен бірлесе саралауға жол ашады деп сенемін, – деген Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің болашағы серпінді дамитынын атап көрсетті.
Түркия, Сауд Арабиясы, Малайзия, АҚШ, Венгрия және басқа елдерден келген қонақтар отандық компаниялармен іскерлік қарым-қатынас орнатуға және одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр. Яғни, тек осы өңір ғана емес, келешекте Қазақстанның басқа да аймақтарында шетелдік кәсіпорындар бірлесе жұмыс істеуге ынталы деген сөз бұл.
Беделді іскер компниялардың өкілдері бас қосқан форумда облыс басшысы тағы да бірқатар маңызды келіссөздер жүргізгенін айта кеткен жөн. Атап айтқанда, 2005 жылы негізі қаланған Дубайлық «DP WORLD» компаниясының өкі­лімен екі жақты келісімшарттың шарттары талқыланды. Бұл компаниямен облыс басшысы бұған дейін де бірнеше рет кездесу өткізген. Айта кетейік, шетелдік мекеме көп уақыттан бері әлемдік нарықта жүк тасымалдаумен айналысады.
Ал, малайзиялық «Reach Energy» компаниясы – қара алтынды тиімді игеру бойынша алдыңғы қатарда келе жатқан мекеме. Аталмыш кәсіпорын мұнайлы өлкеде көгілдір отынды қайта өңдеп, оны сұйытумен айналысуға дайын екенін жеткізді. Егер екі жақты келіссөздер оң шешімін тапса, олар 2018 жылдың соңына дейін 55 мың тонна газ өндіретін болады.
Тағы бір малайзиялық «One Ocean Environment Sdn Bhd» компаниясы Маңғыстау өңірінде өз жұмысын бастауға дайын. Бұл – машина жасау және электртехника жабдықтарын орнату саласында 40 жылға жуық тәжірибесі бар мекеме. Компанияның қазіргі мақсаты облысқа энергия көздерін тарту және су тұщыту саласы бойынша инвестиция салуды көздеп отыр.
«Saj Group» компаниясы түрлі салада қызмет көрсетеді екен. 17 жылдық тәжірибесі бар мекеменің Мысыр, Канада, Судан, Замбия және Қазақстанда бөлімшесі орналасқан. Мұнайхимия және мұнайды қайта өңдеумен айналысатын компания біздің өңірде тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салуға ниетті.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов келіссөз жүр­гізген «TECDRY» компаниясы өңірімізде құ­рылыс саласында жұмыс істеуге ниет танытып отыр. Бұдан басқа бұл компания әлемдік нарыққа мұнайхимия саласындағы қалдықтарды тазалау және түрлі салада жасыл технологияны енгізу бойынша да тәжірибесі мол көрінеді.
Ал, 2014 жылы құрылған түркиялық «Enerwo Energy» компаниясының бас директоры Огуз Зейрек өңір басшысын нақты жоспарымен таныс­тырды. Олар Маңғыстау облысында битум зауытын салу мақсатында келгенін айтқан. Себебі, бұл аймақта жаңа бағыттағы жол құрылыстары салынуда.
Мемлекет тарапынан шетелдік инвесторларға жасалып жатқан жеңілдіктерді атап өткен халықаралық компания өкілдері Маңғыстау облысында жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Форумның алдында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Сингапурдан келген тағы да бір әлемге белгілі «Мейнхард» компаниясының өкілдерімен де кездескен болатын. Онда өңір басшысы облысты одан әрі дамытуға ықпалын тигізетін өзара табысты әріптестікке қолдау білдірді.
Айта кету керек, «Мейнхард» – әлемнің алпауыт мемлекеттерінде қанатын кеңге жайып, экономика, әлеумет, мәдениет, спорт, білім салаларына елеулі үлес қосып, дүниенің түкпір-түкпірінде зәулім ғимараттар салған, ірі жобаларға дем берген инжинирингтік компания. Бүкіл әлемде компанияның 45 кеңсесі мен 4500 қызметкері жұмыс істейді екен. Ертеңгі күнге сеніммен көз тігіп, өркендеу жолына нықтап түскен Қазақстан елінің әлеуетіне қызығушылық білдірген олар енді біздің елде 46-шы кеңсесін ашқысы келеді, дейді жоғарыда аталған ақпарат көзі.
Бұл ниетін «Мейнхард» компаниясының басқарма төрағасы Шахзад Насим аймақ басшысына жеткізіп, кәсіпорынның тарихымен, дамуы және мүмкіндіктерімен таныстырып, жүзеге асырған жобалары – Сингапур, Лондон, Индия, Африка және тағы басқа әлем мемлекеттерінің сәніне айналған ең биік ғимараттар, әуежайлар, мейманхана мен сауда орындар кешендері, ескерткіштер, көпірлер, нысандарды арнай таныстырылым арқылы көрсетті.
– Маңғыстау – Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жаңғыруына елеулі үлес қосып отырған өңірлердің бірі. Көмірсутек шикізатының және басқа да пайдалы қазбалардың үлкен қоры аймақтың дамуына ұзақ мерзімді перспективалар береді. Теңіздің болуы және біздің аймақтың бай мәдени, тарихи және рухани мұралары туризмді дамытуға және халықаралық сауданы дамытуға мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
– Біздің компания Қазақстанда 2 жобаны жүзеге асырды. Олар «Абу-Даби Плаза» және «Хан-Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының дизайны. Компания медицина, Қорғаныс министрлігі және спорт ғимараттары және «ақылды қала» жүйесі бойынша жобаларды әзірлеуде, – деді Шахзад Насим.
Өңір басшысы компания өкілдеріне туризмді дамыту жобаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ мұнай-газ саласы мен IT-технологиялар саласындағы кадрлар даярлауға арналған оқу орталығын ашуға шақырды. Кездесу сингапурлық компания өкілдеріне бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін айтып, шетелдік тарап қаланың экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосаты­нына сенім білдірді, деп хабарлайды облыс әкімі­нің баспасөз қызметі.
Қорыта айтқанда, Маңғыстау облысында осылайша біршама тындырымды істер атқарылып, экономикадағы табыс толыға түсуде.

Исатай ҚАМБАРОВ


Оқи отырыңыз

Пікір қалдыру

Пікір қалдыру
X